Теңгенің «еркіндігі» тиімді ме?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №112

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Ұлттық банкке теңгенің айырбас курсына деген қоғамдық сенімді нығайтуды тапсырған. Ол үшін халықаралық деңгейде мойындалған ұйымдармен бірлесіп жаңа зерттеу жүргізуді ұсынды.

Теңгенің «еркіндігі» тиімді ме?

– Ұлттық банк өзі жүргізіп отырған валюталық бағам сая­сатына деген халық пен биз­нес­тің сенімін арттырып, ашық­тықты қамтамасыз етуі қажет. Еліміздің қаржы жүйесі, әсіресе, банк секторы ауқымды рефор­маға мұқтаж... Қаржы қауым­дастығының өкілдері жеке амби­цияларын шетке ысырып, ха­лықаралық ұйымдар мен сарап­шыларды тарту арқылы қай ре­жим бізге қолайлы екенін анық­тауы керек, – деді Президент Ұлттық банк төрағасына.

«Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның ұлттық валютаның еркін айналымынан бас тартуын меңзеген болуы мүмкін» деп жазды Халықаралық Reuter агенттігі. Ақпарат сала­сының алыбы осындай долбар жасаса, соңғы кездері тәуелсіз сарапшылар да қазіргі валюталық бағам саясатын сынға алып жүр. Мысалы, өткен жылы экономист Рахым Ошақбаев ұлттық валю­тамыздың еркін айналымға өт­ке­­нін «сәтсіз тәжірибе» деген. Са­рапшының айтуынша, им­порт­қа тәуелді біз секілді ел үшін бұл жүйе тиімсіз. Жыл сайын халықтың нақты табысының төмендеуі де осы себептен көрінеді.

Бірақ олқылықтардың орнын толтырса, қазіргі жүйе әлдеқайда тиімді деушілер де жоқ емес. Мысалы, Мұхтар Тайжан бекі­тіл­ген валюта курсы көлеңкелі нарықтың кең етек жаюына ық­пал етіп, алтын-валюта қорына зардабын тигізеді деген ойда. Оның айтуынша, валюта баға­мына қатысты мәселе әкімшілік әдістер, яғни Ұлттық банк не­месе Үкімет шығарған қаулы ар­қылы шешіле салмайды. Ол үшін, шын мәнінде, жұмыс істейтін құры­лымдық реформа қажет.

Егер инфляциялық тар­геттеу дұрыс жүзеге асыры­латын болса, онда бізде де ипоте­калық қана емес, басқа да тұты­нушылық немесе бизнеске бе­рілетін несиенің болсын, па­йыз­дық мөлшерлемесі төмендейтін еді. Бұл халық үшін өте қолайлы.

Ресейдің Орталық банкінің 2017 жылғы «Деньги и кредит» атты журналында еліміздегі ва­люталық бағам саясатына қа­тысты ғылыми мақала жария­ланған. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, валюта еркін айна­лымда жүрсе, Қазақстандағы эко­номикалық процестер әр­түрлі макроэкономикалық шок­тарға икемді келеді екен.

Ал экономист Мақсат Ха­лықтың айтуынша, қаржы рет­теушінің қазіргі саясатының кемшін тұсы жоқ емес. Бірақ ха­лыққа тиімді тұсын да жоққа шы­ғаруға болмайды.

– Еркін айналымға 2015 жыл­дың тамыз айынан бастап өттік. Бұл анализ жасайтын уақыт, оған қарап қаншалықты тиімді бол­ғанын анықтауға болады. Бір мә­селе бар, еркін айналымға көш­кендегі негізгі мақсат – инфляциялық таргеттеу саяса­тын жүзеге асыру. Бұл саясаттың әлеуметтік астары бар. Шынын айту керек, бүгінге дейін ол кәсіпкер азаматтарға тиімсіз бо­лып келді. Неге десеңіз, олар инфляция төмен деңгейде болса, тауар мен қызмет ақысын өсіре алмайды. Сондықтан да олар ынталы емес. Өйткені табыс аз түседі. Бір жағынан жұмыс­сыз­дық та көбейіп кетуі мүмкін. Себебі, кәсіпкер жұмыс орын­да­рын қысқарту арқылы табысын үнемдеуге тырысады, басқа ама­лы болмайды. Бұл инфляциялық таргеттеу саясатының кері әсер еткен тұсы деуге болады, – дейді ол.

 

Төмен деңгейлі инфляция неге керек?

Сарапшының айтуынша, мұндағы көздеген мақсат басқа, яғни 2020 жылдан ары қарай инфляция деңгейін 4 пайыздық дәрежеге жеткізу. Егер бұл ре­жимді доғарып, басқа режимге көшіп кетсек, онда Ұлттық банк тағы да, халықтың алдында бос уәде берген болып қалады.


Бізге төмен дәрежедегі ин­фля­ция неге қажет? Өзіңіз бі­летіндей, ел арасында батыстағы аз пайызбен берілетін, мысалы 3-4 пайыз ипотекалық несие туралы жиі айтылады. Неге бізде ол 10 пайыздың үстінде, тек ар­наулы мемлекеттік бағдар­ла­малар арқылы ғана 7 пайызға беріледі? Егер инфляциялық тар­геттеу дұрыс жүзеге асыры­латын болса, онда бізде де ипоте­калық қана емес, басқа да тұты­нушылық немесе бизнеске бе­рілетін несиенің болсын, па­йыз­дық мөлшерлемесі төмендейтін еді. Бұл халық үшін өте қолайлы. Қазір валюталық бағам режимі түбегейлі ауысатын болса, осын­дай мүмкіндіктерден бас тарт­қандай, қайтадан бастапқы нүк­теге оралғандай боламыз. Алда бір жыл ғана уақыт қалды. Ұлт­тық банктің миссиясына мүм­кіндік беру керек сияқты. Егер сол мақсатқа жетпесе, онда та­лап­ты орындай алмадыңыздар деп, басқа бағытқа көшуге болады.

Сарапшы бұл мәселе әлі де көп талдауды қажет ететінін, оны арнаулы тұлғалар ғана емес, тәуелсіз сарапшылар, екінші дең­гейлі банк өкілдері мен қар­жыгерлер бірігіп арнаулы фокус топта талқылау қажет деп са­найды.


Жұмыла көтерген жүк жеңіл

– Валюталық бағам саясатын жүргізудің әлемде бекітілген жүйеден бөлек, тағы бір жолы бар ол – аралас жүйе. Ақышев төраға болып тұрған кездің өзінде инфляциялық таргеттеуге үлкен күш салынды. Бірақ Үкі­мет одан шет қалып жатты. Қазір Ұлттық банктің төрағалығына үкіметтің адамы келгені де содан болуы керек. Инфляцияны ауыз­дықтау мәселесі кешенді жұмысты талап етеді. Бір ғана Ұлттық банкке жүктеп қарап оты­руға болмайды. Әрине, эко­номикаға ақша массасын азайту, базалық мөлшерлемені бақы­лауда ұстау секілді қаржы рет­теушінің құзырындағы дүниелер тікелей әсер етеді. Десек те, эко­номикалық өсім елдегі өнді­рісітің, жаңа жұмыс орында­ры­ның ашылуына тікелей тәуелді. Ал оған жауапты – Үкімет. Ол мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы арқылы ел эко­номикасын әртараптандыруға күш салады, – дейді экономист.

Ұлттық банк жақында қаржы сарапшыларымен кездесу өт­кізіп, базалық мөлшерлеменің 9 пайыздық деңгейде сақтал­ға­нын талқылаған. Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департа­ментінің директоры Виталий Тутушкин халықтың нақты ақ­шалай кірістерінің өсуі жалғасып отырған, ол ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда 5,5%-ды құра­ғанын айтты.

– Сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу кеңеюде. Осы жылғы мамырда банктердің тұтыну­шы­лық кредиттеу портфелі жылдық көрсеткіш бойынша 14,8%-ға ұлғайды. – Ағымдағы факторлар инфляция үшін қолайлы болып қалып отыр. Алайда орташа мер­зімді кезеңде белгілі бір тә­уе­келдер бар, біз оларды тамыз-қыркүйекте болжамдық раунд жүргізу кезінде барынша жан-жақты бағалаймыз. Инфля­ция­ның ағымдағы деңгейі біздің бұ­дан бұрынғы болжамда­ры­мызға сәйкес қалыптастыры­лады. Маусымда инфляция – 0,2%, ал жылдық көрсеткіш бо­йынша 5,4% болды, бұл ағым­дағы жылғы 4-6% нысаналы дә­лізге сәйкес келеді, – деп ха­бар­лады ол.

Енді Ұлттық банк пен Үкімет 1 қарашаға дейін теңгенің айыр­бас бағамының қалай құра­ла­тыны турасында терең талдау жасап ұсынуы қажет. Естеріңізге сала кетейік, соңғы кездегі құл­ды­рай түскен мұнай бағасы мен әлсіз Ресей рублі ұлттық валю­та­мыздың құбылуына себеп болып тұр. Мысалы, банкаралық нарықта теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 384,96 тең­геге жетті. Бұл – 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең төмен көрсеткіш.

Кәмила ДҮЙСЕН