Болашақ бюджет анықталды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №133

Келер жылы ел бюдже­тіне Ресейден «Байқоңыр» ғарыш кешенін жалға алғаны үшін 43 миллиард 700 миллион теңге, сон­дай-ақ еліміздегі әскери полигондарда сынақ жүргізгені үшін 7 миллиард 614 миллион 820 мың теңге түсетін болады. Бұл туралы «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының жобасында айтылған.

Болашақ бюджет анықталды

Жалпы, бұл құжаттың түсін­дірме жазбасында көрсетілгендей, ел Үкіметі Қазақстанның ЖІӨ-сі­нің нақты өсуі 2020 жылы 4,1%-ды құ­райды деп болжауда. Алдағы ор­­тамерзімді кезеңге ЖІӨ-нің ор­та­ша жылдық өсу қарқыны 4,4%-ға жетеді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,7%-ға дейін артуға тиіс.

Әрине, бұл болжам ғана. Өмірде бәрі өзгеше болуы ықти­мал. Мәселен, осы жылы ЖІӨ өсі­мі 3,8 пайыз болады деп тұс­пал­дануда. Ал нақты сан әзірге одан жоғары: 2019 жылғы 7 ай­дағы экономика дамуының қоры­тындылары бойынша жалпы ішкі өнім 4,2%-ға артты.

– Сыртқы жағдайлардың өз­ге­руіне байланысты Қазақстан экономикасы дамуының ықти­мал үш сценарийі қаралды. Со­ның ішінде болжам мен бюд­жет­тік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасының 55 доллар болуын көздейді. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7%-ға же­теді. Орташа жылдық өсу қар­қы­ны 5 жылда 4,4%-ды құрайды, – дейді Ұлттық экономика минис­трі Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, номиналды ЖІӨ 2020 жылы 74,5 триллион тең­геден 2024 жылы 105,8 трил­лион теңгеге дейін өседі. Ха­лық­тың жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылы 10,5 мың дол­лар­ды құраса, 2024 жылы 14,3 мың долларға дейін ұлғаюы керек.

Алдағы жылы 90 миллион тон­на мұнай өндірілсе, 2024 жы­лы бұл көлем 100 миллион тон­наға дейін жетуге тиіс. Бұл өсімге Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, Каспий теңізіндегі жаңа кен орындарын пайдалануға беру есебінен қол жеткізілмек.

2020-2021 жылдары инфля­цияның жылдық нысаналы дәлізі 4-6% деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3-5%-ға дейін төмендетілмек. Бұл, мысалы, ипотеканың арзан­дауына жол ашады.

– Республикалық бюджеттің кірістері 2020 жылы 8 трлн теңге, 2021 жылы – 8,6 трлн теңге, 2022 жылы – 9,4 трлн теңге сома­сында болжанады. Бюджет тап­шы­лығын 2020 жылы ЖІӨ-нің 2,1%-ына, 2021 жылы – 1,5%-ына, ал 2022 жылы 1%-ына дейін тө­мен­дету ұсынылады. Осы пара­метр­лерді есепке алсақ, респуб­ликалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 триллион теңге, 2021 жылы 13,2 триллион теңге, 2022 жылы – 13,6 триллион теңге көлемінде белгіленді, – дейді бас экономист.

Ел қазынасын толтыратын донор өңірлер қатары келер жылы да өзгеріссіз қалады және төртеумен шектеледі. Атап айт­қанда, 2020 жылы Атырау облы­сы бюджетке – 195 млрд 766,9 млн теңге, Алматы қаласы – 193 млрд 606,9 млн теңге, Нұр-Сұлтан – 43 млрд 154,5 млн теңге, Маңғыс­тау облысы 8 млрд 579,6 млн теңге қаражат құяды. Жалпы алғанда, осы 4 өңірдің 441 млрд 108 млн теңге табысы өзге до­тациялық өңірлерді қолдау үшін орталық бюджетке алып қо­йылмақ. Бірақ бұл қаражат та аздық етеді. Сон­дықтан қосым­ша Ұлттық қордан 2 триллион 700 миллиард теңге қаражат бюджетке аударылады.

Алдағы үш жылдық бюджет жобасында зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейінен 2% асыра индексациялау қарастырылған. Нәтижесінде, егер 2019 жылы зейнетақының орташа мөлшері 86 мың теңге болса, 2020 жылы ол 91 мың 387 теңгені құрамақ. Бұл – 5 351 теңгеге жоғары.

Атаулы әлеуметтік көмекті 2020 жылы 1 млн 472,5 мың адам, 2021 жылы – 1 млн 464,4 мың адам, 2022 жылы 1 млн 466,8 мың адам алады деп жоспарлануда. Оларға 3 жылда бюджеттен 781 миллиард теңге, соның ішінде 2020 жылы – 248 млрд 567,6 млн, 2021 жылы – 260 млрд 996,4 млн, 2022 жылы 271 млрд 436,3 млн теңге төленбек.