Бизнеске берері жоқ банк те бонус алады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

«Экономикаға қызмет етпейтін қаржы институттары». Бір сөзбен біздегі банктердің қызметін отандық сарапшылар да, халықаралық мамандар да осылай сипаттап берді. Қаржылық есептілік депозитариі жақында банктердің басқарма мүшелері 2018 жыл үшін қанша сыйақы алғаны туралы ақпарат жариялады. Бұл мәлімет қоғам белсенділері тарапынан наразылық туындатты. Жеке сектор болғанына қарамастан банктер мемлекеттің «асырауында» отыр деп есептейді әлеуметтік желі қолданушылары. Тіпті, Президентпен кездесу барысында Ұлттық кеңес мүшелері де қаржы институттарының шектен тыс қаржылай қолдау көріп жатқанын жасырмады.

Бизнеске берері жоқ банк те бонус алады

Естеріңізге сала кетейік, қа­зақстандық банктер биржа ере­желеріне сай, басқарма мү­шелерінің сыйақы мөлшері жайлы ақпаратпен бөлісуі тиіс. Ресми дерекке сенсек, 2018 жы­лы ең көп табыс тапқан Kaspi Bank, Халық банкі және ForteBank жетекшілері екен. Одан бөлек, топ-менед­жер­лерге бонус беріп отырған­дар­дың арасында мемлекеттен қаржы­лай көмек алған банк­тер де бар болып шықты. Атап айтқанда, АТФ банкі – 150 млрд теңге, Еу­разиялық банк – 150 млрд тең­ге, Цеснабанк – 100 млрд теңге, ал ЦентрКредит банкі – 60 млрд теңге. Кейіннен RBK банкі де (243,7 млрд теңге) осылардың қатарына қосылған.

Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Данияр Ақышев «Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағ­дарламасы қатысушы банк­терге 2018 жылғы қаңтар-қыр­күйек аралығында 794,3 млрд теңге сомаға пробле­малық қарыздарды есептен шығаруға мүмкіндік берді. Қатысушы банктер сомасы 1,2 трлн теңге болатын «нашар» активтерді төмендету бойынша міндет­темелер алды», – деген еді.

Talap қолданбалы зерт­теу­лер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың пікірін­ше, қазіргі ақша-кредит саяса­ты өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ.

– Соңғы 10 жылда банктер тікелей немесе жанама түрде мемлекеттен 20 млрд АҚШ дол­ларына тең қаржылай кө­мек алды. Қазіргі ақша-кредит саясаты «инфляциялық тар­гет­теу» деп аталып жүргені­мен, шын мәнінде, инфля­ция­лық таргеттеу емес. Негізінде бұл жүйе екінші деңгейлі банк­тердің мүддесі үшін жұ­мыс істейді. Өйткені еркін өтім­ділікті тәуекелсіз жоғары сыйақы мөлшерлемесімен орналастырып, өте үлкен кө­лемде табыс тауып отыр. Бұл банктердің экономика мен бизнесті кредиттеуін доға­руына әкеліп соқтырады. Дә­лел ретінде мына деректерді келтіруге болады: жалпы та­быстың 45 пайызы – кредит ар­қылы келген кіріс, ал қал­ғаны басқа табыс көздерінен. Осылайша, бұл ақша-кредит саясаты Қазақстан экономи­касына орасан зор залал кел­тіруде. Біздің эконометри­калық есептеу амалымызға сай қазіргі ақша-кредит сая­сатының қоғамға келтіріп отырған шығынының жалпы мөлшері халықтың әл-ауқа­тының кем дегенде 3,2 пайы­зына тең. Сондықтан Ұлттық кеңес мүшелері бірігіп, Пре­зидентке ақша-кредит саяса­тын оптимизациялау, курсты мобилизациялау тұрғысында әлеуметтік пікірталас жасауды ұсындық. Сондықтан банк­тердің миллиардтаған бонус­тары ұнамсыз болып көріне­ді, – дейді ол.

Сарапшының сөз етіп отыр­ғаны халықаралық рей­тинг агенттіктерінің де наза­рынан тыс қалмапты. Мысалы, Standart&Poor’s елімізде банк­тік кредиттеудің әлсіз өсімі байқалатынын хабарлады. Агенттік мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға қарамастан, ел экономика­сындағы ең басты проблема банк секторы болып отыр деп көрсеткен. Сонымен бірге, S&P 2019 жылы банктік кредиттеу айтарлықтай өспейтінін, осы­лайша экономикалық бел­сен­ділікті әлсіз ынталандыра­тынын жеткізді. S&P пікірін­ше, бұл елде несиеге қабілетті қарыз алушылардың жоқты­ғына да тікелей байланысты. Одан бөлек, агенттік Қазақ­станның банк секторындағы жұмыс істемейтін қарыздар­дың деңгейін 20-25 пайыз деп бағалайды. Ал Ұлттық банктің ресми статистикасы бойынша, бұл көрсеткіш – 9,4 пайыз.

АТФ банкі – 150 млрд теңге, Еу­разиялық банк – 150 млрд тең­ге, Цеснабанк – 100 млрд теңге,  ЦентрКредит банкі – 60 млрд теңге. RBK банкі 243,7 млрд теңгені топ-менеджерлеріне бонус ретінде төледі. 


Сонымен қатар S&P Қазақ­стан Ұлттық банкінің сенім­ділігі мен тәуелсіздігінің проб­лемаларына да ерекше назар аударды. Агенттік банк­тік несиелеудің әлсіз өсуі бар жүйеде артық өтімділіктің болуы байқалады деп жазды. «Мүмкін бұл «нарықтағы 3 трлн теңге болатын өтім­ділікті Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттары «құрға­тады», осылайша «демоти­­вация» жасап, банктер тиімді қаржылық делдалдықты жү­зеге асыруы мүмкін дегенге қатысты шығар» деп мәлім­дейді Олжас Төлеуов әлеу­меттік желідегі авторлық па­рақшасында.

Банк жетекшілеріне таға­йындалған сыйақы мөлшеріне қатысты саясаттанушы Ерлан Саиров «банк секторы эконо­миканың ең көп субсидия­ланған саласы» деген пікірі­мен бөліскен.

«Мемлекет көбінесе біреу­дің есебінен күн көрудің қа­уіпті екенін түсіндіріп келеді. Соңғы 10 жылда мемлекет екінші деңгейлі банктерге шамамен 20 миллиард доллар бөлді. Бір қызығы, банк сек­торы – экономиканың ең көп субсидияланған саласы. Мем­лекеттің асырауында отыр­ғандар міне, осылар. Олар қозғалыс деген не екенін әлде­қашан ұмытып кеткен. Ұлттық қордың ақысыз ірімшігінен күннен-күнге толысып ба­рады. Міне, осы банктердегі басшылықтың бонустарын салық органдары тексеруі керек, қаншалықты сенімді? Бұл қорлардың бір бөлігі Ұлт­тық қордан құрылған. Банктер жеке сектор болса да, олар Қа­зақстанның әлеуметтік про­це­сінің қатысушылары, сол се­бепті, жалпы болмыс этикасын сақтауы қажет», – дейді ол.

АТФ, Еуразиялық банкі және ЦентрКредит пен Цесна­банкі жетекшілерінің де сыйақы алғаны таңдан­дыра­ды. Өйткені осы қаржы инсти­туттары өткен жылы мемле­кеттік көмек алғандардың алдыңғы қатарында болған.


Кәмила ДҮЙСЕН