Қазақ мұнайына кім мұқтаж?

Бала кезімізде достарымыз су жаңа киім алса, «мә, мынауың импортный екен» дейтінбіз. Мұндай мақтауды басқалар өзімізге де талай айтқан. Ол кезде «импортныйдың» төркінін түсіну қайда. Кейін білдік қой, «импортный» ешқандай да «сәнді», «әдемі» деген сөз емес, «сырттан әкелінген» деген мағынаны беретінін. Қазір де сол «импортныйдан» ұзап кеткеніміз шамалы. Көп тауар¬ды өзге жұрттан тасимыз. Сыртқа сататынымыз сирек. Си¬рек те болса бар.

Қазақ мұнайына кім мұқтаж?
Фото: Интернеттен алынды

Алысқа бармай-ақ былтырғы жылды алайық. 2018 жылы Қазақстан шет мемлекет­терге 60 млрд 956,2 млн доллардың затын сатыпты. Оның ішінде бал өнімі, табиғи газ, ферроқорыт­па­лар, органикалық емес химиялық өнімдер, темір мен құрыш, битум­ды мұнай өнімдері, мазут, бидай және алюминий бар. Ал көш ба­сын­да, әрине – мұнай және газ кон­денсаты. 2017 жылы мұнай ел­дің бүкіл экспортының 54,8 пайы­зын құраса, былтыр бұл көр­сет­­кіш 62 пайызға жеткен. Шет елдерге 69,8 млн тонна «қара ал­тынның» сатылуы ел қазынасына 37,8 млрд доллар пайда түсірген. Бұл – соңғы төрт жылдағы ең озық көрсеткіш. Қазақстан мұнайын басты им­порттаушы елдер – Италия, Нидер­­ланды және Франция. Қа­зақстанда өндірілген мұнайдың 60 пайызы Атырау облысына тиесілі екен. Қазір бұл жерде «Теңіз­­шев­ройл», North Caspian Operating Company, «Каспий нефть», «Тө­беарал ойл» ЖШС және «Атырау мұнай» секілді ірі ком­­паниялар жұмыс істеп жатыр. Энергетика министрлігінің хабар­ла­уынша, 2018 жылы Қашаған кен ор­нында 13 миллион 220 мың тон­на мұнай өндіріліп, жылдық жос­пар 120 пайызға асыра орын­да­лып­ты. EnergyProm мәліметіне сүйен­сек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша біздің мұнайымызды ең көп сатып алатын елдердің тізімі бы­лай түзіледі. Бұлардан бөлек қазақ мұнайын Бол­гария, Германия, Бельгия, Фин­лян­дия, Филиппин, Солтүстік Ко­рея, Малайзия, Мальта, Венг­рия, Дания, Канада, Кипр, Латвия және Ұлыбритания сатып алады. 2016 жылы елімізде өндірілген мұ­н­айдың 83 пайызы экспортқа кет­кен­. Ішкі нарықтағы шикі мұ­най­дың көлемі 38 пайызға көбейіп, 9,4 млн тоннаны құрапты. Ішкі на­рықтағы мұнай бағасы экспорт­қа қарағанда 2,5 есе төмен. «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы бойын­ша, мемлекет шикі мұнайды сата бер­мей, энергоресурстарды өңдеп, өндірістің басқа да қырларына те­рең бойлауы тиіс. Осы есептен мұ­­найды сыртқа сату 2050 жылға таман 30 пайызға дейін қысқарады деген болжам бар. Дегенмен мұнай экспортының өрлей түсуі бюджет балансына оң әсерін тигізеді. Мә­селен, 2016 жылдың алғашқы жар­ты­сында мұнай экспортынан түс­кен табыс ел бюджетін 53 пайызға арттырып, 477,2 млрд теңгеге жет­кен. Былтыр Қазақстан Азия ел­деріне мұнай тасымалдауды да 2-3 есеге арттыра түсті. Әсіресе, қазақ мұнайы дегенде Оңтүстік Корея­ның ынтасы өте зор. Бір жылдың ішінде сатып алудағы Азияның үлесі 8,9 пайыздан 14,3 пайызға ар­тып шыға келген. Статистика ко­митетінің ақпараты бойынша, 2018 жылы қаңтар-шілде аралы­ғында Қазақстан Азия елдеріне 5,6 млн тонна мұнай жіберген. Бұл көр­сеткіш 2017 жылмен салыс­тырғанда 58,6 пайызға жоғары. Та­­быс та 1,3 миллиардтан 3 мил­лиард долларға өскен. Азия ел­де­ріне жіберілетін мұнайдың 40 пайызы Оңтүстік Кореяға тие­сі­лі. Былтыр екі ел арасындағы та­уар ай­налымы 2 миллиард дол­ларға жет­ті. Бұл екі ел тарихындағы ре­­кордты көрсеткіш болып сана­ла­ды. АҚШ-тың Иранға санкция­лар салуы – Оңтүстік Кореяның Қа­зақ­станнан мұнайды көптеп сатып алуына себеп болып отыр. Себебі, осыған дейін ресми Сеул негізінен Иран мұнайын тұтынып келген бо­ла­тын. Сонымен қатар Жапо­ния, Үндістан, Сингапур елдері де белсенді. Тіпті әлемдегі ең жабық ел саналатын Солтүстік Кореямен де байланыс орнаған. 2018 жылдың алғашқы жеті айында Ким Чен Ын басқаратын мемле­кетке қарай жал­пы құны 25,4 млн долларды құ­райтын 44,8 мың тон­на жөнел­тіліпті. Алайда Қытай­дың біздің «қара алтынға» деген сұра­нысы тө­мендеп кеткен. Дегенмен Қытай бізден басқа өнімдер – бал (54,8 пайыз), табиғи газ (47,1 пайыз), ферроқорытпалар (35,8 пайыз) және органикалық емес химия өнімдерін (34,2 пайыз) сатып алу бойынша көш бастап тұр. Ал келесі жылы Өзбекстанға жіберілетін мұнай көлемі бірнеше есеге артуы мүмкін. Бұл туралы жыл басында министр Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында мәлімдеген еді. Оның айтуынша, былтыр 260 мың тон­надан астам мұнай Өзбекстанға жет­кізілген. Қазақстан Кеңқияқ және Құмкөл мұнай құбыры ар­қылы одан ары қарай Шағыр стансасындағы цистерналармен биыл да бұл тасымалды жалғас­тыруға және арттыра түсуге ниетті. Аталған маршрут бойынша тонна құны 25,12 доллар екен. 

«Қазіргі таңда Өзбекстан жылына 5 млн тонна мұнай қажет етіп отыр. Оның 2 миллионын – бізден, 3 мил­лио­нын Ресейден алғысы ке­леді. Сондай-ақ Қазақстанның өзі­нен ғана 5 млн тонна мұнай жө­нелту нұсқасы да қарастырылып жа­тыр. 

Министрдің сөзінше, Қа­зақ­станнан Өзбекстанға 5 млн тонна көлемінде мұнай жіберіп тұру үшін транспорттық инфра­құрылымға аздаған инвестиция құю қажеттілігі туындайды. Яғни, мұндай ірі көлем­дегі «қара алтын­ды» көрші елге дер уақытында жеткізіп беру үшін тиісті транспорт жүйесі ақау­сыз, кедергісіз жұмыс істеуі керек. Әлбетте, Азия көрсеткішін Еу­ропа елдерімен салыстыруға кел­мейді. Былтыр Батысқа қарай са­тылған мұнайдан түскен табыс 17,8 млрд долларға дейін артқан. Біздің мұнайды сатып алып кәде­сіне жаратудан Италия алдына жан салар емес. Соның арқасында бір ай ішінде-ақ 920 млн доллар қа­зынаға түскен. Одан кейінгі орын­дарды Голландия (473 млн доллар) мен Франция (295 млн доллар) бөліседі. 2017 жылмен салыстыр­ған­да Испания (2,2 млн тонна), Румыния (1,9 млн тонна), Польша (830 мың тонна) елдеріне де экс­порт көлемі өсе түскен. Алайда Хорватия, Швейцария, Порту­га­лия секілді елдер тарапынан келе­тін сұраныс көлемі әлдеқайда құл­дыраған. 2018 жылдың қорытындысы бойын­ша, еліміздегі мұнайды ең көп өндіріп жатқан кен орындары – Теңіз (28,7 млн тонна), Қашаған (13,2 млн тонна) және Қарашы­ға­нақ (10,3 млн тонна). Энергетика ми­нистрі Қанат Бозымбаевтың отан­дық БАҚ-қа берген сұхбатына сүйенсек, былтыр жалпы көлемі 90, 3 млн тонна мұнай өндірілген. Ал келесі жылғы меже – шамамен 89,5 млн тонна шамасында. (Бұл жер­де мұнай өндіруді шектеп отыр­ған ОПЕК келісімін де ескеру керек). Жалпы, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойын­ша, тауар экспорты 2017 жылмен салыстырғанда 26,4 млрд доллар­дан 54,7 млрд долларға көбейген. Экспорттың 89 пайыз үлесі мұнай және газ конденсатына тиесілі бо­лып шықты.  

Абай АЙМАҒАМБЕТ