Ауқаттылардың қарызы – жарты миллиард

Газет мақаласы "Айқын" газеті №155

Алматыда мыңға жуық үйде су мен кәріз жүйесі өшірілді. Себеп бар. Тұр­ғындар коммуналдық қызметке шамамен жарты миллиард теңге қа­рыз. Қазір қарыз бай-кедейге қарамайды екен. Астана арнасының мә­лі­ме­тінше, борышкерлер – ауқаттылар. Қымбат пәтер мен сәнді коттедж ие­лері.

Ауқаттылардың қарызы – жарты миллиард

Үшқабатты коттедж, тас қор­­шау, панорамалы терезе. Юби­лейный шағынауда­нын­­дағы жеке үйлердің сән-сал­танаты көз қарықтырады. Үй айналасына қарап «қарыз дегенді біле ме екен?» дерсіз. Сөйтсек, қарыз бен жағдай бір-бірімен түйіспейді екен.

Көктөбе етегінде орна­лас­қан коттедж қалашық тұр­ғындарының арасында эст­рада жұлдыздары мен кә­сіпкерлер бар. Бірақ олар мем­лекеттік қызметке ақы тө­­леуге асықпайды. Мәсе­лен, виллалардың бірінің қо­жайыны мемлекетке 400 мың теңге қарыз. Астана ар­насы үй иесіне қоңырау шал­ған­да, осы жолы төлейтінін жет­кізді. Алайда комму­нал­дық компания қызметкерлері мұндай уәденің астында қал­ған. Олар бірнеше рет ес­кертуден кейін үйді су мен кә­різ жүйесінен ажырату ту­ралы шешім қабылдады.

«4-5 жыл бойы бұл або­нент қызмет ақысын төле­ме­ген. Бүгінде қарызы 400 мың теңгені құрайды. Осыған бай­ланысты біз рұқсат сұрау­ға тиісті емеспіз. Үйді өзіміз су құбырынан ажыратамыз», – деп жағдайды түсіндірді «Ал­маты Су» GKP инженері Қуа­ныш Табылдиев.

Алматылықтар тек су мен кә­різ жүйесіне – жарты мил­лиард теңге қарыз. Құқық бұз­ғандардың жартысы – к­әсіпкерлер. Автокөлік жуу орны коммуналды қызмет­тен ажыратылды. Қазір қыз­мет көрсетуін уақытша тоқ­тат­ты. Кәсіп иесі бұрынғы жал­ға алушыны кінәлайды. Енді қарызды өзі төлеуге мәж­бүр.

– Су ақысын төлемеген­нің ке­сірінен, келеңсіз жағ­дайға тап болдым. Біз жалға алып отырғандықтан, ақы­сын тө­лейміз. Екі аптаның ішінде қа­рызды толығымен қай­та­ра­мыз. Осыған дейін 135 мың теңге төледім. 80-100 тең­гесі кейінге қалып отыр, – дейді кәсіпкер Шериф Куртоглы.

Үйлерді судан әдеттегі әдіспен емес, құбырды кесу арқылы ажыратуға болады. Мамандардың айтуынша, борышкерлер кейде құбырды мұқият жасыруға тырысады. Содан кейін ауыр техника күшіне жүгінуге тура келеді.

Түсірілім тобының ба­қылауынан кейін, кей үй қарызын төлеуге асыққан. Дүйім елге әйгілі болғысы келмегендер борыш дәптерін сол күні-ақ жабуға тырысқан.

– Жалпы қарызы 3,5 мил­лион теңге болатын бірқатар үй мен заңды тұлғаларды коммуналды қызметтен ажырату жоспарланған. БАҚ арқылы ақы төлемегенін әшкере ету үшін әрекетке көшкенін білгендер кассаға 600 мың төледі, – дейді Алматы қалалық GKP ресми өкілі Серік Шагиров.

Қарызды төлеуге мәж­бүр­леудің тиімді әдісі – або­нентті коммуналды қыз­мет­тен ажырату. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам пәтер мен үй сусыз қалды. Төлем­дерді төлемеген тағы бір мыңға жуық үй иелерін дәл осындай жаза күтіп тұр.


Айбике ЖАНАСЫЛ