«Экономикаға қызмет етпейтін қаржы институттары». Бір сөзбен біздегі банктердің қызметін отандық сарапшылар да, халықаралық мамандар да осылай сипаттап берді. Қаржылық есептілік депозитариі жақында банктердің басқарма мүшелері 2018 жыл үшін қанша сыйақы алғаны туралы ақпарат жариялады. Бұл мәлімет қоғам белсенділері тарапынан наразылық туындатты. Жеке сектор болғанына қарамастан банктер мемлекеттің «асырауында» отыр деп есептейді әлеуметтік желі қолданушылары. Тіпті, Президентпен кездесу барысында Ұлттық кеңес мүшелері де қаржы институттарының шектен тыс қаржылай қолдау көріп жатқанын жасырмады.