Елбасының мақаласы халықтың көңілін сергітіп, қуаныш ұялатты
Елбасының мақаласы халықтың көңілін сергітіп, қуаныш ұялатты
© Сурет интернеттен алынды
Еліміздің бейбіт те берекелі күнделікті тыныс-тіршілігі, міне, біраз уақыт болды, күрт өзгеріске түсті. Қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтардан өзгеміз оқшаулаумен күн кешуде, алыстан жұмыс жасаудамыз. Бұл күндер, меніңше, барлығымызға оңай емес және тыныш өмірдің, еркіндіктің қадірін, тіпті кешке қарай далаға серуенге шығу, туысыңмен, дос-әріптестеріңмен кездесіп, мәслихат құрудың қандай бақыт екенін сезіндіре түседі.

Ал, біздер, өнер адамдары, қара шаңырақ – Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының үлкен ұжымы күнде кешке қарай Алматыдағы Абай даңғылының бойында асқақтап тұратын ғимаратымыздың шамдары самаладай жанып, көрермендерімізбен ізгілік, адамгершілік, сұлулық туралы спектакльдерімізде қауышатын кездеріміздің қадірін бұрынғыдан да терең сезіне түстік. Театрымыздың қойылымдары жаңа технологиялық құралдар, ютуб-каналдар арқылы көпшілікке ұсынылуда, бірақ, сахнада көзбе-көз көргенге не жетеді. Ол күндер де келер, оған сенімдіміз.

Біздің негізгі көрерменіміз – қарапайым халық. Қазіргі кезде халық,қалың көпшіліктің көңілі алаң екені рас. Осындай шақта Республика Президенті Қ.Тоқаевтың өзі бас болып, мемлеттік билік барынша ашық саясат жүргізіп, халықты бүткіл жағдайдан хабардар етіп отырғаны өте орынды болып отыр. Бұл күндері Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың пандемияға қарсы қор құрғаны, басқа да көптеген жасампаз іс-қимылдарын БАҚ арқылы біліп отырмыз.
Ал, Елбасының жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы халықтың көңілін сергітіп, қуаныш ұялатқаны сөзсіз. Біз, әрқайсымыз, өзімізді «Мәңгілік ел» болу мақсатын ұстанған және осы жолда талмай еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның азаматы екенімізді мақтан етуіміз өте орынды екенін және мемлекет үшін біздің әрқайсымыз бағалы екенімізді сезіндік.
Бүгінгі ахуал – мемлекеттік саясатымыздың, елімізде жүргізілген реформалардың дұрыстығын дәлелдеді. Мақалада еліміз пандемиямен күреске әлем мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып қосылғаны... жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелгені, әлі де талай шаруа атқарылатыны атап көрсетілді. Басқа да көптеген маңызды мәселелер қамтылған терең және ауқымды мақала елдің еңсесін көтеруге бастады, қиындықты жеңе алатынымызға сенім тудырды.
Ең бастысы «...игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн». Күш-жігер біріктіруіміз, еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауымыз; халқымыздың адамгершілік, сабырлылық, мейірімділік, жауапкершілік сынды қасиеттерін тірек ете отырып, шыңдала, ширай түсуіміз қажет. Болашаққа сенім, жақсы тілек, жақсы ниетті қарекет керек. Біз бәріміз біргеміз! Жақсы күндерде театрда кездесейік!