Нағыз қазақ – домбыра
Нағыз қазақ – домбыра
1,252
оқылды
Домбыра – ең ежелгі аспаптардың бірі. Мәселен, Алматы об­лы­сынан қазіргі домбыраға ұқсайтын аспаптың суреті та­был­ған. Суреттер неолит дәуіріне жатады. Яғни, дом­бы­ра­ның төрт мыңжылдық тарихы бар делінеді. Осы орайда ше­берлерден аспап жасаудың қыр-сырын сұрап білдік. Олар кәсіпкер ре­тіндегі проблемалардың да басын қайырды. Кәсіпкерлердің сөзіне назар аудармас бұрын, көпшілікті қызықтыратын сұраққа жауап іздедік. Әрине, домбыра сатып алғысы келетін адам оның бағасын білгісі келеді-ақ. Мысалы, сатылымда жүрген, музыкалық өлшемге сай домбыралар 30-35 мың теңгеден басталады. Одан да жақсысын аламын десеңіз 1 000-3 000 дол­ларға дейін қаражат керек. Шеберлердің айтуынша, 30 мың теңгеден 1 000 дол­лар аралығындағы домбыралар жиі сатылады. Ал 5 000-10 000 доллар аралығындағы ұлттық аспапқа қалтасы көтергендер тапсырыс береді. Айбат Айбат КӘРІБАЙ, шебер: Нарықтың 90 пайызы – Қарақалпақтан келген домбыраның еншісінде Домбыра жасап жүргеніме 22 жыл болды. Бұл – атакәсіп. Кіш­кен­тайымнан әкемнің домбыра жасағанын көріп, соған көмекші бо­лып жүретінмін. Жалпы, 13 жасымнан бастап шеберліктің қыр-сы­рын үйрендім. Артымнан ерген қос інім де домбыра жасайды. Бір­ақ бәріміз университетте басқа мамандықты меңгердік. Елге кел­ген соң бұрыннан істеп жүрген үйреншікті іс болғаннан кейін кә­сіп көзіне айналдырдық. Екінші жағынан, әкеміз күйші болған соң біз де домбыра тартамыз. Отбасымызбен домбыраға әуеспіз. Кәсіп ретінде айналысқан адамға бұл – тың сала. Мысалы, гитара халықаралық ас­пап болғасын дүниенің жер-жерінен қа­ла­ған бөлшегін демде таба аласыз. Ал дом­бы­раңыз бұзыла қалса, арнайы бөлшектерді еш жерден таппайсыз. Елімізде ешбір кә­сіп­орын домбыраның тиегін, құлағын, қақпақ аға­шын бөлек-бөлек жасап шығармайды. Бұл да бір қиын іс. Бәрін қолдан жасап шығу ке­рек. Аталған қиындықты шешу үшін жаңа бас­тамамыз бар. Ақырындап жүйеге келтіріп жа­тырмыз. Жалпақ тілмен айтқанда, құла­ғын, тиегін бөлек-бөлек жасап шығарамыз. Ал кәсіпкерлік қолдауға келсек, бұл са­ла­да мұндай қолдау түрі атымен жоқ. «Біреу әдейі келіп, жолымызды бөгемесе екен» деп өз бетімізбен жұмыс істеп жүрміз. Шеберлер Үкіметтен, арнайы орталықтардан көмек күте-күте әбден жалыққан. Мысалы, жеке инвесторларға домбыра жасап жүргеніме 20 жыл болғанын, бизнес жобам барын, оған осын­ша қаржы керегін айтсам, құлақ аспай­ды. Банк қаржы беруге дайын, бірақ бизнес жобаға емес, олар кепілге не қоярыңа алаң­дайды. Мәселен, 20 миллион несие алғың кел­се, 40-50 миллион теңгенің затын кепілге қою қажет. Қысқасы, Үкімет пен жеке ұйым­дардан қолдау жоқ. Домбыра жасайтын шеберлердің ішінде өл­шемді, стандарт түрде домбыра жа­сай­тын­дар аз. Музыкалық өлшемге лайықтап, ми­нимум, максимум стандартта жасайтындар бар. Мысалы, максимум стандарттағы дом­быра халықтың қолына жете бермейді. Оның бағасы қымбат әрі саны аз. Ал ел арасында жүрген домбыраға кел­сек, көбінесе базарда Қарақалпақстаннан келген «қоқыс» дом­быралар сатылады. Бұлар нарықтың 90 пайызын қамтып отыр. Олар домбыраны құрылыс материалынан, кепкен немесе кеппеген ағаштан жасай береді. Бағасы да арзан. Ал домбыра жасау шеберлігі жоғары кәсіп иелері кең масштабқа шыға алмай отыр. Алмас Алмас СЕРІКҰЛЫ, шебер: Базарда сатылатын домбыра домбыра емес, кәдесый – Домбыра жасап жүргеніме 16 жыл болды. Университет қа­быр­ғасында аспап жасау бө­лі­мін­де оқығасын, білген-түй­ге­ні­мізді ары қарай жетілдіріп жүр­міз. Бұрын нағашы жағымнан ата­ларымның ішінде зергерлер бол­ған. Осылайша, қолөнерді жа­ныма серік еттім. Домбырадан бө­лек, бесік жасаймын. Бесікті әртүрлі ағаштан, оның ішінде дәстүрлі тү­рі, шағын және жеңіл түрін жасаймыз. Көбінесе, дүкендерден табыла бер­мейтін түрін жасап шығаруға тырысамыз. Бұдан бөлек, байқауларға ар­налған композициялық шешімі бар бесіктер бар. Бәрін тапсырыс беру­шінің қалауына қарай жасауға бейімделеміз. Кәсіпкерлікті қолдау жағына келсек, жұрт «Атамекен» мен «Дамуды» ай­тады. Аталған орталықтарда басқа кәсіп түрлеріне қолдау бар болар. Бір­ақ домбыра жасайтын кәсіпкерлерді қолдау жағы ақсап тұр. Әсіресе, біз­де шағын кәсіпкерлікті қолдамайды. Оған арналған арнайы жобалар жоқ. Жалпы, формалды түрде ай­­­­тылғанымен, нақты қолдау жоқ. Өзімізге келсек, қолдау жоқ екен деп оларға қол қусырып отыр­­­ғанымыз жоқ. Уақыт өте келе бәрі бір ізге түседі деп ойлай­мын. домбыра Шеберлер жайында айтар бол­сам, бұл салада жүру қиын бол­ғасын кәсібін бастап, артын­ша тастап кеткендер бар. Өйткені халықтың саны аз, сәйкесінше дом­быра тартатындар да аз. Оның үстіне, кәсіби аспапты си­рек сатып алады. Жеке өзі іс­тей­тін, ұжым болып еңбек ететіндер де кездеседі. Көбінесе, Алматыда домбыра жасайтындарды жиі ке­зіктіремін. Әрине, ішінде базарда са­т­атын домбыра жасайтындар, мек­тептерден тапсырыс алатын­дары бар. Ең көп сатылатын домбыра түрі қайыңнан, қараағаштан, жаң­ғақтан жасалады. Ең көп тара­ған және арзан түрлері осы. Бұдан қымбат түрлерін арнайы ма­мандар сатып алады. Әрі мұн­дай аспап жасайтын ағаштар шет­елден келеді. Атап айтсақ, қы­зылағаш, үйеңкі, палисандр. Ағаш түрі мен сапасы домбыра баға­сына әсер етеді. Сәйкесінше, шет­елден әкелген ағаштан жа­салған домбыра қымбат. Ба­зар­да сатылатын домбыра домбыра емес, кәдесый. Бұлардың деңгейін кө­теріп, домбыраға жеткізуге болады. Өйткені шетелден келгендер ба­зарға бара­ды, домбыраны көреді, сатып алады. Кейіннен «қазақтың дом­бырасы осы екен» деп ойлайды. Кәсіби маман болмағасын оның кә­десый екенін қай­дан білсін.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ