«Айман-Шолпан» театр фестивалін ашты

Елордадағы «Жастар» театрында «SAMGAU» халықаралық театр өнері фестивалінің ашылуы өтті.

«Айман-Шолпан» театр фестивалін ашты

Шара барысында театр ұжымдарының өкілдері Елорда күніне орай сахналанатын қойылымдар, жалпы, қазіргі заманғы театр өнерінің дамуы туралы айтты.

Көрермендерге алғаш болып Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы ұсынылды.

«Айман-Шолпан» пьесасының өн бойында әдемі юмор жатыр.

Сай сайға құйғанындай, бай баймен құдаласуға ниетті. Әйтсе де, ажарына көркі, ақылына амалы сай сұлумен сөз байласуға әркім құмар. Оның айқын дәлелі Айман мен Шолпан. Маман байдың қос қызы – ақылды да байсалды айман мен ерке де өткір тілді Шолпанды жар етпекке ниеттілер санында шек жоқ.

Бай ауылына қыз айттырып келген бір топ сал-сері, бай-бағылан, ақын-батырлар арасындағы бәсеке, текетірес, тайталастан өрбитін комедияның көркемдік бояуы халықтық фольклор мен ұлттық әндердің қиюын тауып, шебер пайдаланылуының арқасында тіпті қалыңдай түседі.

Осы ерекшелікті терең ұққан режиссер қойылымында ән мен жыр, би мен хор, қыз бен жігіт айтысы сынды ұлттық өнеріміздің жауһар жоралғыларын сәтті тоғыстырған. Синтетикалық өнердің көркемдік шарттарына толықтай жауап беретін комедия сахнаны нағыз өнер мерекесіне айналдырды.


Фотоларды түсірген Советбек Мағзұмов