«Алтын үкі» – мерген сарбаздардың шеберлігі шыңдалатын сайыс

Қарағанды облысы «Спасск» оқу орталығының алаңы Қазақстан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Үндістан елдері әскери мергендерінің жаттығу орнына айналды. Бұл жерде 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алтын үкі-2019» алтын кубогі бас жүлдесі үшін халықаралық жарысы өтеді.

«Алтын үкі» – мерген сарбаздардың шеберлігі шыңдалатын сайыс

Қазақстан Қарулы Күштері «Алтын үкі» жарысын 2008 жылдан бастап жүргізіп келеді. Қазақстанның әскери мергендері АҚШ, Қытай, Иордания, Беларусь, Ресей және тағы басқа елдерде қатысқан мергендік сайыстардағы тәжірибесін ескерсек, бұл жарыс Қазақстан армиясының халықаралық бренді.

Аталмыш сайыстан қазақстандық әскери қызметшілер сегіз рет жеңімпаз атанды. 2018 жылы біздің мергендер Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Үндістан, Италия, Қытай, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Ресей және Өзбекстан сынды 11 мемлекеттің ішінен үздік атанды. 


Биыл халықаралық жарысқа 100-ден астам әскери қызметші қатысуда. Сайыс 12 кезеңнен тұрады. Қызу тартыс жауынгерлік жағдайға барынша жақын. Қатысушылар бір тапсырманың элементтерін кезең-кезеңмен орындайды: топ дайындығынан жауынгерлік тапсырмаға және эвакуацияға дейін. Арнайы бөлімшелер жау тылында жүріп-тұруды, жауды табу, барлау және қарсы жақты саптан шығару кезіндегі іс-қимылдарды, топ құрамында жауынгерлік атыстар мен эвакуация ауданына кетуді көрсетеді. Тапсырмаларды орындау кезіндегі қатысушылардың пайдаланатын негізгі қару-жарағы – Драгунов снайперлік винтовкасы.



6фото

Әрбір кезең сапалы топтық жұмысты және әр қатысушының жеке дайындығын көрсетуді талап етеді. Мергендерге су бөгеті мен барлаушы жолынан өту үшін күш пен төзімділік қажет. Жекелеген кезеңдер әскери топография мен мина-қопару ісі, әскери-медициналық даярлық бойынша тапсырмаларды қамтиды.

Сайыс түнгі және күндізгі уақытта өтеді. Қатысушылардың айтуы бойынша «ыстық күн мен құрғақ желдің өзі тәжірибелі мергеннің жоспарын бұзуы мүмкін» дейді.

Аталмыш жарыс 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаз құрам «Алтын үкі-2019» басты жүлдесіне ие болады.