Түркістандағы қоғамдық қабылдауда қандай мәселелер шешілді?

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев тұрғындарды арыз-шағымдары мен өтініштері бойынша қабылдады. Партия филиалына үміт арта келген тұрғындардың бірқатарының мәселесі сол жерде шешімін тапса, тағы бірнешеуіне заң аясында көмек берілетін болды.

Түркістандағы қоғамдық қабылдауда қандай мәселелер шешілді?

Түркістан қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Арайлым Жайынбаева баспана тауқыметін тартып жүр. Отағасы жұмыс барысында жарақат алған. Жетім әрі көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде 164-ші болып тұр. Толық бітпеген шағын үйді паналап жүрген бұл отбасыға үй қожайыны пәтерақы көтерілетінін мәлімдеген. Көмек сұрай келген өжет келіншек қыс мезгілігінде далада қалып қоюдан қорқады. Мән-жайды тыңдаған Қайрат Балабиев бұл отбасы тұрғын үй кезегіне сәйкес, желтоқсан айында баспаналы болатынын, бұл мәселені назарда ұстайтынын мәлімдеді. Өтініш айта келген отбасы тұрып жатқан үйге арнайы барып, көпбалалы анаға көмек көрсетті.

Дәл осындай тұрғын үй мәселесімен келген түркістандық көпбалалы ана Мадина Оспановаға да келесі жылы үй берілетіні хабарланды. Ол 1408-ші болып кезекте тұр. Қоғамдық қабылдаудан кейін бұл отбасының да жалдамалы үйіне арнайы барған облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев пен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, көпбалалы отбасыға тиісті қолдау көрсетті.

Қоғамдық қабылдауға Ескі Иқан ауылынан келген Эльдар Курбанхадиев бір көшенің тұрғындары электр жарығынсыз отырғанын айтып шағымданды. Мәслихат хатшысы бұл мәселені мәслихатта көтеретінін, тиісті қаржы бөлініп, 2020 жылдың көктемінде толық шешілетінін мәлімдеді.

Түркістандық Бақытхан Кембаев газ, кәріз жүйесі және жарық  мәселесін көтерді. Бұл тұрғынның өтініші де назарға алынып, нақты жұмыс атқарылатын болды. Сонымен бірге Бектас Шірікбаев та инфрақұрылым түйткілін тарқатуды сұрады. Жаңадан ашылған музыка мектебіне қоғамдық көлік жүргізу қажеттігін да жеткізді. Бұл өтініштер де партия филиалы мен мәслихат хатшысының бақылауына алынды. Алдағы уақытта газ, кәріз жүйесі, электр жарығы бойынша тиісті органдарға ұсыныстар беріліп, іс назардан түспейді.

Мұғалім Назерке Елібаева партияның жұмысына белсенді араласқысы келетінін айтты. Оған Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев партияның кадрлық резервке алу барысы туралы түсіндіріп берді.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев тұрғындармен жиі әрі тұрақты түрде кездесіп тұруға дайын екенін мәлімдеді.

«Бүгін 8 адамның арыз-шағымы мен өтінішін қарадық. Бұдан да көп адам келеді, түске дейін жұмыс жүргізем деп жоспарлап едім, бірақ, тұрғындар аз келді. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелеріне, депутаттарға, мемлекеттік қызметкерлерге белсенді болып, елдің арасына еніп, мәселе шешуді жүктеді. Сондықтан тұрғындар да көкейде жүрген ойлары мен шағымдарын осында келіп, ашық айтуы керек. Бүгін қабылдауға келген тұрғындардың талап-тілектерін толық жазып алдым. Олар түбегейлі шешілгенше назарда ұстаймын және соңына дейін жеткізуге күш саламын», – деді Қ.Балабиев.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде лауазымды адамдар мен басшылар алдағы уақытта да тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп тұрады. Әрбір арыз-шағымның шешімін табуы партия филиалының бақылауында болады.