Баспана алудың мүмкіндіктері айтылды

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында Нұр-Сұлтан қаласында 2017-2021 жылдарға ар­налған «Нұрлы жер» мемле­кеттік тұрғын үй құрылысы және «Әрбір отбасына бас­пана алудың жаңа мүм­кін­діктерін беру» «7 – 20 – 25» ипотекалық тұрғын үй кре­диттеу бағдар­ламала­рының жүзеге асы­ры­лу барысы туралы баяндама­лар легі тыңдал­ды. Іс-шара партияның Төрағасы – Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баев­тың тапсыр­масы бо­йынша құрылған Мем­ле­кеттік бағдарла­малар мен реформаларды жүзеге асыруды бағалау орталы­ғының аясында өткізілді.

Баспана алудың мүмкіндіктері айтылды

Тұрғын үй саясатын жүзеге асырудың нәтижелерін талқы­лауға Мәжіліс депутаттары, «Бәй­терек» ҰБХ» АҚ, «Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі» АҚ, Ұлттық банк, Қазақстандағы ірі жеке құрылыс компанияларының, даму институттарының басшы­лары мен үлескерлер, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

Іс-шараны кіріспе сөзімен ашқан Nur Otan партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова тұр­ғын үй құрылысы бойынша Қа­зақстан ТМД елдері арасында бірінші орында екенін айтты. Ол сондай-ақ 2018 жылдың қоры­тындысы бойынша, 12,5 млн шаршы метр пайдалануға беріл­генін тілге тиек етті.

– Талдау көрсеткендей, атал­ған көрсеткіштер сұранысты қа­нағаттандыру үшін жеткіліксіз. Бұдан басқа, бірқатар басқа да проблемалық мәселелер бар. Атап айтқанда, елімізде тұрғын үйдің сапасы төмен, – деді Т.Дүйсенова.

Кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр да баяндама жасады.

– Барлық әкімдіктер жақсы нәтиже көрсетті. Көшбасшылар – Нұр-Сұлтан (2,4 млн шаршы метр), Алматы (2,0 млн шаршы метр) және Маңғыстау облысы (1,2 млн шаршы метр). Олар Қа­зақстандағы барлық тұрғын үй­лер­дің 45 пайызын құрайды. Ең тө­мен көрсеткіштер Солтүстік Қа­зақстан (218 мың шаршы метр), Павлодар (284 мың шаршы метр) және Қостанай (299 мың шаршы метр) облыстарында, – деді ол.

Министр сондай-ақ сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұр­ғын үйлердің құрылысы үшін өңір­лерге республикалық бюд­жеттен 32,8 млрд теңге қарасты­рылғанын, шамамен 4,5 мың пә­тердің құрылысы жоспарланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ел­басының Nur Otan партиясының XVІІІ съезінде берген тапсыр­ма­ларын іске асыру мақсатында 2019 жылғы бюджетке өзгерістер енгізіледі. Жалпы, аталған іс-ша­раға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны пәтер­мен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Демек, 7 жылда 40 мыңнан астам адам пәтерлі болады.

Айта кетейік, Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тапсырмасымен Nur Otan партиясының жанынан Мем­лекеттік бағдарламалар мен ре­формаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мони­торинг жүргізу орталығы құрылған болатын. Бұл орталық әр маусым сайын мемлекеттік бағдарла­ма­лардың жүзеге асырылу барысы туралы орталық мемлекеттік ор­ган басшыларын тыңдау, мони­торинг жүргізу және соған сай ұсыныстар жасау мақсатында ашылды.

Кездесуді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының ди­рек­торы Рахым Ошақбаев жүр­гізді. Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, Ұлттық банк, Қазақстанның ең ірі жекеменшік құрылыс компания­ларының өкілдері, даму инсти­тут­тары, үлескерлер, сондай-ақ орта­лық және жергілікті атқарушы ор­гандардың қызметкерлері сөз сөй­леп, тұрғын үй мәселесі жа­йын­да өз ойын ортаға салды.