Білім берудегі өзекті мәселе қандай?

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында «Білім беру» бағыты бойынша партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың жетекшілігімен комиссия отырысы өтті.

Білім берудегі өзекті мәселе қандай?

Жиында мектепке дейінгі білім берудің сапасын жақсарту жөніндегі шараларды, оның ішінде бірыңғай біліктілік талаптарды, ұлттық біліктілік тесттерді және мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен басқа да қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауды қамтитын Жол картасын іске асыру, казақстандық оқулықтардың сапасы, «Мектеп асханалары» партия­лық жобасы талқыланды.

Айта кетейік, мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту жөніндегі Жол картасы 2018 жыл­дың қараша айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген болатын.

– Бүгінгі күні елімізде 880,8 мың балалар контингенті бар 10 314 мектепке дейінгі ұйым жұ­мыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым­дар саны 6 567 бірлік (573,5 мың бала), жекеменшікке – 3 749 бірлік (307,3 мың бала). Республиканың мектепке дейінгі ұйымдарындағы мұғалімдер саны – 94,8 мың педагог. Білім және ғылым минис­трінің бұйрығымен 2019 жылғы сәуірде педагогикалық кадрлардың біліктілікті арттыру курстары бойынша білім беру бағдарламалары бекітілді, – деді Әбдіманап Елікбайұлы. Сон­дай-ақ ол жоба аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 1 009 педагогикалық қызметкерлері мен басшылары қамтылғанын атап өтті.

Қазіргі таңда Білім және ғы­лым министрлігі мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық қызметкерлері үшін ұлттық біліктілік тестілеу (ҰБТ) енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл тестілеу жылына екі рет (мамыр, қараша), екі бағыт бойынша жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр: «Мек­­тепке дейінгі педагогика және психология», «Мектепке де­йінгі тәрбие мен оқыту әдістемесі».

Бұдан басқа, 2019 жылғы 1 мау­сымнан бастап білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақылары ұлғаймақ. Атап айтар болсақ, балабақша тәрбие­шілерінің лауазымдық жалақысы орта есеппен 21%-ға, тәрбиеші көмекшілерінің жалақысы 20%-ға, балабақша меңгеру­шілерінің жалақысы 10%-ға көтеріледі.

Nur Otan партиясы Қазақ­станның мектептерінде тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған «Мектеп асханалары» әлеу­меттік жобасы бойынша пар­тия білім беру басқармалары­мен және партияның аймақтық филиалдарымен бірлесіп ата-аналардың және ҮЕҰ қатысуымен мектеп асханаларын мониторингтеуді жүзеге асырып келеді.

2018 жылы Білім және ғылым министрлігі Білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа ережелерін қабылдады, оның шеңберінде ата-аналар мен ҮЕҰ өкілдерін конкурстық комиссияларға қатыстыру, субмердігерлік ұйымдарды қатыстыруға тыйым салу, отандық тамақ өнімдерін пайдалану талабы (кем дегенде 80%), ай сайын азық-түлікке сертификаттарды ұсыну және мектеп асханаларында тағамның сапасын жақсарту үшін басқа да нормалар қарастырылған. 2019 жыл­ғы наурыз айындағы жағдай бойынша, тамақтандыру еліміздің 6 971 (88,1%) мектептерінде 2 911 639 (94,7%) балалар үшін ұйымдастырылған.

Іс-шара барысында ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Мәжіліс депутаттары Наталья Жұмаділдаева, Әлия Сапарова «Мектеп асханалары» партиялық жобасын іске асырудың проблемалық мәселелерін айтып, аталған мәселе төңірегінде туындаған сұрақтарға жауап берді.

– Еліміз бойынша 1900-ден астам мектеп асханаларына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, тамақтану, ұйымдастыру ережелері бойынша ескертпелер жасалды. Атап айтар болсақ, мектептегі тағам сапасын мониторингтеу бойынша сарапшылық комиссиялар тиісті дәрежеде жұмыс істемеген. Сарапшылық журналдар да немқұрайлы жүргізілген. Сарапшылық комиссия жұмысының қорытындысы мектеп сайтында жарияланбаған. Министрліктің бекіткен ережесінде айқындалған мәселе кейбір мектептерде ескерілмей, ережелер сақталмаған. Екіншіден, тиісті бақылау болмағандықтан бекітілген санитарлық талаптар да сақ­талмаған. Тиым салынған тағам өнімдері, мысалы кетчуп қосылған гамбургерлер, ащы және қуырылған тағамдар, майонез, түрлі дәмдеуіштер қосылған тағамдар сатылған. Су ішу тәртібі бұзылған. Кейбір мектеп басшылары тиым салынған та­ғам­дар қосылған ас мәзірін бе­кітіп, мектеп асханаларында сатылуға жол берген, – дейді Әлия Сапарова.

Кездесу барысында мектеп оқулықтарының сапасы мен мазмұны да сөз болды. Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту мақсатында бастауыш білім берудің бірыңғай негізгі оқулықтарын енгізіп, оқулықтарға бірыңғай талаптар әзірлеп, норматив­тік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу және өзге де іс-шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар басқосуда мектеп оқулықтарының, әсіресе, ағылшын тіліндегі оқулықтардың сапасы мен мазмұнына ата-аналар тарапынан наразылық туындап отырғаны айтылды.

Талқылауға бейнеконференция байланысы арқылы еліміздің барлық өнірлері қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін тиісті ұсыныстар әзірледі.