Үш күнде өз ісін ашуға көмектеседі

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Елбасы – Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басымдықты анықтап, сол бойынша жүйелі жұмыс істеуге тапсырма берген болатын. Бүгінде еліміздің әр аймағында көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетіліп, оларды қолдау бағытындағы кешенді шаралар жүзеге асырылуда.

Үш күнде өз ісін ашуға көмектеседі

Жуырда Маңғыстау облысында аймақ басшысы, Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов пен жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен жүзеге асырылған «Бизнес үш күнде» пилоттық жобасы бастау алды. Аталған жоба бойынша Маңғыстау облысында 100-ден астам аз қамтылған және көпбалалы отбасы жеке кәсібін ашты. Қысқа уақыт ішінде облыс тұрғындары нан өнімдерін өндіру цехы, киім-кешек пен тоқыма бұйымдарын тігу, жылыжай сияқты жобаларын бастауға кірісті.

Маңғыстауда бастау алған тұр­мысы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан азаматтарға бизнестің негізгі дағдыларын үй­рету мақсатында құрылған бірегей жобаға қызығушылық таныт­қандар көп. Аз ғана уақытта Жаңа­өзенде AliTort, Xanbibi, Ozen nan, «Райымбек», «Аян», «Тең­ге самсасы», «Әлинұр», «Арай» секілді 126 жаңа бренд пай­да болды. Әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға үй жағ­дайын­да өз бизнесін ашуға, оны сауат­ты жүргізуге қаржы – жеке кәсіпкерлер мен мецанаттардың қол­дауымен жүзеге асып жатыр.

Бүгінгі дейін «Жақсылық жа­са, қайырымы қайтар Алладан» атау­ымен көпшілікке танылған аймақтық жоба атауы өткен айда «Биз­нес үш күнде» бағдарламасы бо­лып өзгерді. Оның аясында жағ­дайы төмен отбасыларға қайы­рымдылық жасалып қана қоймай, олардың жеке кәсіппен шұ­ғылдануына жол ашылып отыр. Яғни, бұл бастаманың аталымынан бөлек, мазмұны да түбегейлі өзгерді. «Бизнес үш күнде» жобасына тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп жатқан отбасылар, асыраушысынан айы­рылған отбасылар қатыса алады. Бағдарламаның барлық қатысушыларына өнімнің сатылуына көмек көрсетіледі. Өз ісін жаңа ашқан кәсіпкерлерге өнімдерді өткізу немесе қызметтерді сатудан бастап, толық оқу және жобалық қолдау көрсе­тіледі.

– Жобаның атауына сай біз­дің облыстағы тұрмысы төмен азаматтар үшін үш күннің ішінде өз ісін ашуға мүмкіндік алып отыр. Біздің жобаға қатысушыларға несие алудың керегі жоқ. Ең ал­дымен, біз нақты көмек қа­жет ететін отбасыларды анық­тап, олардың қандай кәсіпке бейімі барын қараймыз. Бірінші күні анықтаған жұмысымыз бойынша қайтарым­сыз, не­сиесіз сол бизнесті жү­­зеге асыру үшін қажет тауарды апарып береміз, – дейді «Бизнес үш күн­де» жобасының үйлес­тіру­шісі, дизайнер Айжан Нұрланова.

Оның айтуынша, қазір бұл жо­баны Қазақстанның ас­тана­сында жүзеге асыруға дайын­дық жұмыстары басталған. Үкіметтік комиссия «Бизнес үш күнде» жобасымен танысқан. Жобаның алғашқы нәтижелерін көргеннен кейін, оны елдің барлық өңірлерінде қолдау ұсынылды.

– Әкімдік қызметкерлерімен бірге тұрмысы төмен елордалық от­басылармен кездестік. Біз олар­мен әңгімелестік, олар біздің жобамызға қызығушылық танытты. Жуырда қаланың барлық аудандарында «Бизнес үш күнде» жобасының штабтары жұмыс істей бастайды. Арнайы әкімші­лер жобаның шарттарына сәйкес мүдделі қатысушылардың тізімін жа­сайды. Қатысу туралы өті­ніштер арнайы байланыс орталығының нөмірі арқылы қабылданады. Арнайы комиссия әр өті­німге аудит жүргізеді. Егер қа­тысуға ниет білдіргендер жоба шарт­тарына сай болса, онда олар биз­несті жүргізудің барлық қажетті құралдарымен қамтамасыз етіледі, – дейді Айжан Нұрланова.

Бір ескеретін жайт, аталған жобаға қатысушы қандай да бір себептермен өз кәсібін жүргізуге шарасыздық танытса, мамандар бұл бизнесті басқа адамға тапсыруға құқылы.

Жеке кәсіп ашуға баулитын басқа да әлеуметтік бағдарламалардан тағы бір ерекшелігіне тоқ­тала кетейік, «Бизнес үш күнде» кә­сіпкерлік жобасына желілік маркетинг тәсілдері қолданысқа енгізілген. Мәселен, үй жағдайында бизнес бастап кәсібі тұрақ­танған азамат бес тұрғынның кәсіп ашуына қол ұшын созған жағдайда оған әр адам үшін арнайы сыйақы беріледі.

Осылайша, кедейлікті жою әрі бизнеске баулудың тың тәсі­лін қолға алған маңғыстаулық­тардан көрші мемлекеттер үлгі алып, өз тәжірибесіне қолдануға ниетті екендерін білдіріп отыр.