Томография кабинеті ашылды

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Ақмола облысының әкімі,  Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасына барып, жаңадан ашылған компьютерлік томография кабинетін аралады. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

Томография кабинеті ашылды

– Бұл Көкшетау қаласы үшін елеулі оқиға. Елбасымыз медициналық қызмет көрсету сапасына үлкен назар аударып келді. Бұл ха­лықтың әлеуметтік көңіл күйі­нің маңызды құрамдас бөлігі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Бас дәрігер Банужан Жанғаловтың сөзінше, аталған компьютерлік томография көрсету ашық­тылығымен, төрт өлшемді зерттеулерді орындауымен және аз сәуле жүктемесімен ерекшеленеді. Мұнда күніне 20-25 зерттеу жүр­гізу жоспарлануда. Кабинет күн­дізгі сағат 8.00-ден бастап кеш­кі сағат 20.00-ге дейін жұмыс іс­тейді.

Жоғары сапалы томографияны қолдану, инсульт, тыныс алу, қан айналымы жүйесінің аурулары, ас қорыту ағзалары тәрізді дерт­терге ерте диагностика жүргізуге мүмкіндік береді.

Компьютерлік диагностика жасау, тегін медициналық көмекке кепілдік берілетін көлемнің аясында, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылатын болады. Құ­ны қажетті зерттеу жүргізу түріне қарай 10 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейін.

Айта кетейік, қалалық көпбейінді аурухананың үш қабатты ғимаратына 2018 жылы 55 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен құны 58,6 миллион теңге тұратын рентген жабдығын жеткізу жоспарлануда. Ақмола облысы бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда биыл 10 пайызға артқан.

Атап айтқанда, 2019 жылы жергілікті бюджет қаражатының есебінен денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық жабдықталуы үшін 1,5 миллиард теңге қарастырылып отыр.


Әбілмансұр ЖАСАН