Көпбалалы аналарға – баспана

Газет мақаласы Айқын газеті №84

Бүгінде Nur Otan партиясы­ның XVIII съезінде талқыланған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қол­дау­дың жаңа шаралары еліміз­дің әр аймағында белсенді түрде жүзеге асырылуда. Көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек беріліп, түрлі жеңілдіктер қарастырылып жатыр.

Көпбалалы аналарға – баспана

Сондай игілікті шаралардың бірі Сыр өңірінде жалғасын тапты. Қы­зылор­дада Халықаралық балаларды қор­ғау күні қарсаңында 100 көпбалалы отбасына жаңа пәтердің кілті табысталды.

Тұрғын үйлер «Бәйтерек» ықшамау­данында облыстық бюджеттің және «Болат Өтемұратов» атындағы қайырымдылық қорының есебінен бөлінген «Баламекен» жобасы шеңберінде салынған. Келер жылдан бастап тұрғын үйлердің жанынан мектеп пен балабақша салу жоспарлануда.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баспаналы болған отбасыларды қуанышымен құттықтады.

– Бүгінде Қызылорда облысында мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысының тұрақты үрдісі байқалады. Соңғы бірнеше жылда Қызылорда қаласында 15 жаңа тұрғын үй кешені салынды және 139 тұрғын үй пайдалануға берілді. 2019 жылдың со­ңына қарай біз тағы 53 көппәтерлі тұр­ғын үй құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз осы жобаға «Болат Өтемұратов» қорының қолдау білдіргеніне алғыс білдіреміз. Пәтердің кілті өз иелеріне тапсырылды. Үйлер қысқа мерзімде салынған, құрылыс сапасы біздің бақылауымызда, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.

Кездесу барысында сөз сөйлеген «Болат Өтемұратов» қайырымдылық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман аймақтың дамуына жоғары баға беріп, көпбалалы аналарды қуанышымен құттықтады.

44 жастағы көпбалалы ана Әсемгүл Сақтаева он жыл бойы күткен пәтеріне қол жеткізгенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.

– Біз біраз жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрдық. Өзіміздің баспанамыз болмады. Бүгін отбасымыз үшін ең ба­қытты күн болды. Көпбалалы аналарға қолдау білдірген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғыс айтамыз, – деді Ә.Сақтаева.


А.ЖАСАНҰЛЫ