Сыр өңірінде төл өнеріміз ұлықталды

Nur Otan партиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақа­ласында көрсетіл­ген идеялар мен құнды­лық­тарды дәріптеуге бағыт­тал­ған игі істерді жал­ғас­ты­­ра отырып, «Ұлы дала­ның көне сарын­­дары» дәстүрлі музыка фестивалін өткізуді қолға алды. Фестиваль елі­міз­дегі жетекші партия­ның 20 жылдығын атап өтуге арнал­ған іс-шаралар және «Зиялы қауыммен жұмыс» партиялық жо­басы аясын­да ұйымдастырылып отыр.

Сыр өңірінде төл өнеріміз ұлықталды

Айтулы шара Сыр өңіріне жетті. А.Тоқмағамбетов атын­дағы қалалық мәдениет үйінде өткен кешке жыр-терме жанры бойынша Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі ән өнері бойын­­ша Ерлан Рысқали, Шол­пан Дәржанова, Гүлмира Сари­на, күйшілер Батыржан Мықты­баев, Арман Жүдебаев және т.б. танымал өнер майтал­мандары қатысты. Сыр өңірі концерттік бағдарламаға Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Серік Жақсы­ғұ­лов, Ақмарал Ноғайбаева, Мұхаммедәлі Бек­пейіс, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Биім­бетова сынды дәстүрлі өнерді жанына серік еткен әншілер мен күйшілерді қосты.

Жыраулық өнерді жалғаушы Алмас Алматов тізгінін ұстаған концертте сахна төрінде қазақ халқының дәстүрлі әндері мен термелері шырқалып, күйі күм­бір­леді. Өнерпаздардың өнеріне қошемет көрсетті. Залда ине шаншар орын болмады.

Кеште Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес сөз алып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы­ның «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға баса назар аударғанын атап өтті. Ол соны­мен қатар партияның ұлт­тық құндылықтарды ұлық­тауға әркез әзір екеніне тоқталды.

– Елбасының сындарлы сая­саты­ның маңызды бағыты­ның бірі – ұлттық құндылықтарды, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қара­шы­ғындай сақтау, келешек ұрпаққа аманат ету. Осы тұрғы­дан келгенде, партия­мыздың 20 жылдығына орай «Ұлы даланың көне сарындары» атты ұйымдас­ты­рылып отырған респуб­ли­ка­лық фестиваль жыр, ән, күй өзенінің арнасын тағы бір ашып, көпшіліктің жігерін жанып, рухын көтереді деп есептеймін. «Өнер – өміршең, тарих – мәң­гілік» деген дана халқымыз. Төл тарихын ұлықтап, ұлттық өнерін дәріптейтін халықтың елдігі мәңгілік болмақ. Ендеше, Nur Otan партиясы қашанда ұлттық өнерді қолдап, демеу болатынын атап өткім келеді. Еліміздің барлық өңірін аралап, сүлейлер салған сара жолды жалғап, жыр жалауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, киелі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаз­дарға шынайы алғыс білдіреміз, – деді Е.Айтөреұлы.

Мән-мағынасы терең, өске­лең ұрпаққа рухани-тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музы­ка өнері бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде кеңінен наси­хат­талуда. Нұротандықтар қазақ­тың дәстүрлі өнерін тек туған елімізде ғана емес, сондай-ақ оны әлемдік деңгейдегі сахналар­да кеңінен насихаттап, жоғары деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасы­ның мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға тиіспіз деген болатын. Жоба аясында қазақтың қобызы, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыка­лық аспап­тар­мен орындауға ар­нал­ған ма­ңыз­ды туындылар топ­тамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын ба­сып шығару қажет екені де айтылды.    

«Еліміздің әр өңірінде ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған түрлі мәдени шаралар өтіп тұрады. Бұл үрдіс жалғасын таба берсін деп тілейміз. Тұңғыш Президентіміздің мақаласы өз жемісін беріп, ұлттық өнеріміздің бойына қайта қан жүгіріп жат­қаны қуантады. Фестиваль бағ­дар­ламасына жас таланттар да қосылып, халықты мүмкін­ді­гінше ән-термемен, жырмен, күймен сусындатып жатыр. Оқушы кезімізде бізге танымал өнер иелерімен қатарласып сахнаға шығу арман болатын. Мектеп жасындағы балалардың да алғаш рет үлкен сахнаға шығып, өнер көрсетуі олар үшін керемет мүмкіндік болды. Бұл жастарды шабыттандырып, дәстүрлі өнерге деген құлшы­ны­сын оятары сөзсіз, – деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының оқыту­шысы Шолпан Дәржанова.

Өнерпаздардың шығарма­шы­лығы қалың көпшіліктің көңілінен шыққаны көрермен­дер­дің ыстық ықыласынан байқалды. Әсіресе, домбыра, сыбызғы, сырнай, жетіген сынды ұлттық аспаптардың сүйемел­деуі­мен орындалған шығармалар ерекше әсерлі болды. Қорыта айтқанда, дәстүрлі музыка фес­ти­­валінде төл өнеріміз ұлық­та­лып, қазақ рухы қайта бір жасап, жаңғырды. Тұспалдап та, астар­лап та, салыстырып та ойды көркем­деп те, шертіп те, қағыт­па күйінде жеткізе алатын қазақ тілінің байлығын, дала фольк­лоры мен музыкасының өмір­шең­дігін көрсететін керемет кеш Сыр өңірінің өнер­сүйер қауы­мы­на керемет көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, дәстүрлі музы­ка фестивалі бұған дейін Семей, Павлодар, Шымкент, Қараған­ды, Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында өтті. Шараны 2019 жылғы қаңтардан бастап, айына екі облыс орталығында ұйым­дасты­ру жоспарланды.