Мамочкина моласына ескерткіш орнатылады

Газет мақаласы Айқын газеті №85

Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Митинг-реквием Спасск мемориалды кешенінде өтті. Ресми деректер бойынша, Спасск зиратында 5152 адам жерленген. 1937-1938 жылдардағы нәубет ұлт жанашырларын да жалмады. 165 мың қазақстандық үлкен террордың құрбанына айналды. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесілді. Солақай саясаттың салдарынан құрбан болған боздақтарды қарағандылықтар ерекше тебіреніспен еске алды.    

Мамочкина моласына ескерткіш орнатылады

Спасск кентінде 1930-1950 жылдары КСРО Ішкі істер халық комиссариатының бөлімшелері, сондай-ақ әскери тұтқындарға және қамауға алынғандарға, КСРО қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарына арналған лагерь орналасқан. Архив мәлі­мет­тері бойынша, Спасск зира­тында 5000-нан астам адам, 50-ден астам ұлт өкілдері жерленген.

Митингке қатысушылар тота­ли­таризм жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған адам­дар­ды, тарихымыздағы ең қайғы­лы кезеңді еске алу үшін жиналды. Қарағанды жерінде тоталитарлық жүйенің жарқын нышанына ай­нал­­ған Карлаг қана емес, соны­мен қатар басқа да лагерлер бол­ды.

Митингке Қарағанды облы­сының әкімі Ерлан Қошанов, Украи­на, Чехия, Корея және Румы­нияның Төтенше және өкілетті елшілері, Қырғызстан, Франция, Иран және Жапония елшіліктерінің өкілдері қатысты.

– Бүгін мұнда түрлі ұлт өкілі жиналды. Мұнда тұрған әрбір адамға қайғы ортақ және біз бұл тарихи оқиғаны ұмытуға құқы­ғы­мыз жоқ. Сол кездегі Қазақ­стан­ның көрнекті қайраткерлері құр­бан болды. Олардың ішінде біз­дің жерлесіміз Сәкен Сейфул­лин де болды. Биылғы жылы оның туғанына 125 жыл толады. Ақын­ға және сол қасіретке толы дәуір­дің барлық құрбандарына мәң­гілік естелік, – деді Ерлан Қо­шанов іс-шараның ашылуын­да.

Аймақ басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін кезеңін «Ең ірі гуманитарлық апат» деп атап айтқанын еске салды.

Қызыл қырғынның құрығына түрлі ұлт өкілдері ілінді. Қаншама мыңдаған тұтқындар азапталды, тар жол тайғақ кешті. Бүгінгі митингке әр түрлі ұлттың елшілері арнайы келді.

–Украин халқы – Сталиндік қудалау мен қырғында ең көп азап шеккен, қиындық көрген ха­лық. Өткен күннен жүрегімде үл­кен дақ қалды. Еске түссе, ең­сем түседі. Қабырғам қайысады. Мен ата-әжемнің, аға-әпкелерім­нің ізі қалған жерде тұрмын, – деді Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба.


– Мен митингке қатысу үшін жыл сайын осында келемін. Әрине, қуғын-сүргін кәріс халқы­на да тікелей әсер етті. 1937 жылы Қазақстанға 500 мыңға жуық кәріс қоныс аударды. Мұнда сол кездегі ағайындарымыз құрған корей диаспорасы әлі күнге дейін бар. Мен олармен бай­ланысты үзбеймін және олар­дың арасында шын мәнінде мақтан тұтатын көп­теген адамдар бар, – деді Корея­ның Қазақстан­да­ғы Төтен­ше және өкілетті Елшісі Ким Дэсик.

Ата-бабаларын еске алу үшін қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары да келді. Олар өзде­рі­нің туған-туыстары туралы есте­ліктерімен бөлісті.

– Менің ата-анам Осакаров ауда­ны Пионерское ауылына қоныс аударды. Елдімекенде ол уақытта халықтың барлығы қу­ғын­ға ұшыраған болатын. Ол жерде гректер, немістер, шешен­дер, ингуштар болды. 1952 жылы мектепке бардым. Сталин қайтыс болған кезде жыламағаным үшін мектепте таяқпен ұрғаны есімде. Мұның бәрі, әрине, өткен күндер. Құдайдан ондай енді қайталан­ба­сын деп тілейміз, – деді қуғын-сүргінге ұшыраған Зияд Досаев­тың ұрпағы.

Митингке облыстың бас има­мы, Қарағанды және Шахтинск епархиясының хатшысы, грек-католик епархиясының бас викарийі қатысты. Дін қызмет­керлері сталиндік қуғын-сүргін кезінде қаза тапқан адамдардың рухына дұға етті.

Шара соңында мемориалдық кешен ескерткіштеріне гүл шоғы қойылды.

1987 жылдан бастап Спасск мемо­риалды кешенінде әртүрлі мемлекеттер ескерткіш белгі орна­тып келеді. Қазір олардың саны 28-ге жетті.

Қарағандыдан 30 шақырым жерде орналасқан Долинка кен­тін­де қуғын-сүргінге ұшыра­ған­дарға арналған Карлаг еңбекпен түзеу лагері бар. Кеңес Одағы кезінде, дәл осы жерде 1,5 миллион тұтқын, жазықсыз жапа шегіп, атағынан ат үркетін Кар­лаг­тың құрбанына айналды.

Долинкада 1930-1940 жыл­дары түрлі дерттер мен аштықтан қайтыс болған Карлаг тұтқын­дары мен олардың балалары жерленген Мамочкино моласы бар. Қараған­ды облысының әкімі Ерлан Қоша­нов Мамочкино зиратына ескерткіш орнату жобасын мақұл­дады.

– Бұл орын – жай ғана зират немесе қу дала емес. Бұл жерде үлкен террордың жазықсыз құр­бан­дары жатыр. Олардың көп­ші­лігі тіпті алғашқы қадамын жасау­ға үлгермей кетті. Мұнда қанша адам жерленгенін білмей­міз. Осы күнге дейін сүйектер табылып жатыр. Біз және болашақ ұрпақ осындай қайғылы қате қайталанбас үшін оны мәңгілік естен шығармауымыз қажет, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Мамочкино моласының жаңа кешенінің құрылыс жұмыстары биыл басталады.

– Бұл жобаны бірнеше жыл бойы жүзеге асырдық. Шығарма­шылық топқа сәулетшілер Қайрат Жиенбаев пен Юлия Ли, мүсінші Тарас Кишкарев кірді. Жалпы, зиратты қайта құру идеясы бұрын­нан бар және жергілікті жұртшылық бұл туралы бұрыннан айтқан болатын. Ал өткен жылы облыс әкімі Мамочкино зиратын ретке келтіруге тапсырма берді, – деді суретші, жоба автор­лары­­ның бірі Игорь Баграмов.

Қайта жаңғыртудан кейін зи­рат­тағы темір қақпаның орнына мүсінмен безендірілген кіреберіс орнатылады. Оның орталығында «Ана қайғысы» монументі орна­ла­сады. Тастан кесілген жылап тұрған әйелдің мүсінін үш жағы­нан тікенекті сым қоршайтын болады. Жоғары жағында ақ тастан жасалған көгершіндер болады. Бұл жерден ұшып кеткен, алайда анасынан алыстап кетуге қимай тұрған балалардың таза рухының белгісі іспеттес.

Жұмыс толық аяқталғаннан кейін зират аумағын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған Долинка музейінің қарамағына береді.

– Саясаттың қатал заңына құрбан болғандардың ұрпақтары да ілікті. Қазақстанға 3 миллион адам Кеңес Одағынан қуғынға ұшырап, жер аударылды. Оның 600 мыңнан астамы жазықсыз атылды. Оның ішінде қазақтың маңдайалды тұлғалары болды, – деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.

Карлаг – кінәсіз адамдардың көз жасы мен қаны төгілген жер. Бұл –Қазақстанға Кавказ бен қиыр Шығыстан жер аударылып, қуғынға ұшыраған, аштық пен қорлықтың, зомбылықтың зардабын тартқан әртүрлі ұлт өкілдерінің өмірі үзілген жер. Қаншама қазақ зиялылары құрбан болған жер. Сондықтан осы бір тарихтың ақтаңдақ бетін, құрбан болған боздақтар жайлы жас ұрпақ білуі керек.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы