Агротехнология алға бассын десек...

Газет мақаласы Айқын газеті №87

Nur Otan партия­сының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақты­лық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарла­масының аграрлық сектор бағыты бойын­ша комиссия отырысы өтті. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев жетекшілік еткен жиынға Мәжіліс депу­тат­тары, орталық мемле­кеттік органдардың және басқа да салалық қауымдастық пен кәсіподақ өкілдері қатысты.

Агротехнология  алға бассын десек...

Бағдарламаға сәйкес кездесу­де елге заманауи агротехноло­гия­ларды кеңінен тарту және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, мал шаруашылығы мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе талқылан­ды. Партиялық куратор Жексен­бай Дүйсебаев өз кезегінде партия­ның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаз­дық» сайлауалды бағдарламасын­да негізгі салаларды дамытудың жаңа стратегиясы ұсынылғанын, соның бірі аграрлық сектор екенін ерекше атап өтті.

Басқосуда баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров күн тәртібіндегі негізгі екі мәселеге кеңінен тоқталды.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі қойылған міндет­тер­ді қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап аграрлық ғылым мен білім беруді, сондай-ақ АӨК субъектілерінде білім тарату жүйесін реформалауды, оларды бизнес пен технология қажет­тілігіне қайта өңдеуді бас­тады. Мәселен, ғылыми зерт­теу­лер сапасын жақсарту үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» құрылымын қайта құрылымдау жүргізілді. Оның нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған 23 ғылыми зертеу инсти­ту­ты­ның 13-і қалды. Ауыл шаруа­шылығы тәжірибе стан­сасы мен тәжірибелік өндіріс­тік шар­уа­шылық саны 18-ге дейін артты. Сон­дай-ақ 22 білім тарату орта­лы­ғы құрылды, – деді А.Сей­пел­ұлы.

Ол сондай-ақ 2018-2019 жыл­­дар­ға арналған бағдарлама­лық-нысаналы қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 1,8 есеге, яғни 4,2 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін артқанын айта келе, барлық қабылданған және жоспарланған шара Елбасының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған тапсырмаларын орын­дау­ды қамтамасыз етуге мүмкін­дік беретінін жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі аграрлық ғылым мен білім беруді реформалауды бастады. Бұл негізінен бизнестің қажеттіліктеріне бейімделу және қолданыстағы технологияларды әлемде тарату екенін айта кеткен жөн. Зерттеулер сапасын жақ­сар­ту және ғылымның бизнес қажеттіліктеріне бағдарлануы агроөнеркәсіптік сектордағы (АҚШ, Бразилия) инновация­лар­ды табысты қолданатын ел­дердің тәжірибесі арқылы жүзе­ге асырылатын болады. Онда ғылым­ды қолданбалы міндет­терге және ғалымдарды мақсатты оқытуға назар аудару қажет, – дейді ол.

Баяндама барысында Айдар­бек Сапаров асылтұқымды мал шаруашылығы мәселелері бо­йын­ша Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық акті­леріне өзгертулер мен толық­ты­рулар енгізілгенін атап өтті.

– Асылтұқымды мал шаруа­шы­лығы саласындағы мемлекет­тік саясатты тиімділігін арттыру, нарықтық экономика жағдайын­да, аграрлық секторда жаңғырту және цифрландыру бағдарлама­сын жүзеге асыру асылтұқымды мал шаруашылығын тиімді жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы құқықтық және нормативтік базаны құру мақса­тында мал шаруашылығы сала­сындағы қолданыстағы заңна­ма­ны жетілдіру заң жобасы әзір­ленген. Заң жобасының негізгі тұжырымдамалық түзетулері республикада асылтұқымды мал шаруашылығын одан ары жетілдіруге, мал шаруашылығы субъектілерінің қызметін жүзеге асырудың тәсілдерін өзгертуге бағытталған, – деп түйіндеді баяндамасын.

Талқылауда Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінің мал шаруа­шылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаментінің дирек­торы Еркебұлан Ахметов сөз алып, қазіргі кезге дейін қолда­ны­латын малдың генети­ка­лық әлеуетін көтеру бойынша әдістер мен тәсілдер оң нәтижеге қол жеткізбегенін, осыған байла­нысты өзгерістер мен толық­ты­ру­лар қарастыру қажет деген ойын білдірді.

– Мал шаруашылығы сала­сын дамыту қарқыны, жалпы мал шаруашылығы дамыған мемлекеттер деңгейінен көп кейін қалып отыр. Мал шаруа­шы­лығында оң өзгерістерге жету үшін өсіріп отырған мал тұқым­дарының генетикалық әлеует деңгейін көтеру және респуб­ли­када мал өнімділігі деңгейін жоға­рылату мен мал басы саны­ның өсу қарқынын жеделдету бойынша селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет, – дейді ол.

Жиын соңында комиссия мүшелерінің бірқатар ескертулері ескерілді. Оның бар­лық мүдделі мемлекеттік орган­­мен, жергілікті атқа­рушы органдармен келісіл­гені, сондай-ақ мақұл­даған­нан кейін Премьер-министр Кеңсесі қарауына ұсынылып, заң жобасы белгі­ленген мерзімде Парламент Мәжілісіне жібері­ле­ті­ні айты­л­ды. Отырыс қорытын­ды­сы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.