Қызмет көрсету тиімділігіне мән берді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №93

Алматыда Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының саяси кеңесінің отырысы өтті. Шараны партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Конкуров ашып, жүргізді.

Қызмет көрсету тиімділігіне мән берді

Шараға қалалық мәслихат депутаты Рахман Алшанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, басқа да партия өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Станислав Конкуров алғысөзде сайлау кезінде Алматы қаласының белсенді үлес қосқанын атап өтті.

– Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын жинады. Қа­зақстан халқы кезекті рет нағыз істің партиясы болып саналатын Nur Otan пар­тиясын таңдады. Сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңінде Алматы қалалық, аудандық штаб­тары жоғары деңгейде қызмет етті. Қала бойынша мыңнан астам түрлі шара өтіп, оны сайлаушылардың 90 пайызы қолдады, – деді ол.

Шараға арнайы қатысқан партия хатшысы Илья Теренченко сайлаудағы Тоқаев жеңі­сін – Елбасы қалыптастырған әділ саясат пен елдегі тұрақтылыққа берген әділ баға деп есептейді.

– Қазақстандықтар осы сайлау додасында Тоқаевқа дауыс беру арқылы – Елбасының тиімді саясатына, оның билікті әділ және та­ғылымды жолмен ауыстыруына ризашы­лы­ғын білдірді. Сай­лау кезінде шаһар бел­сенділігі үшін алма­тылық әріптестеріме ал­ғыс біл­діремін. Ен­ді біз бүгіннен бастап прези­­ден­тіміз бел­гі­леп берген бағыт бойын­ша тынды­рымды жұ­мыс атқаруға кірісуіміз керек. Бұл шаруалар – халықтың табысын арттыру, жемқорлықпен күресудің жаңа деңгейін көрсету, сот және құқық қорғау са­ла­сына реформа жасау, жаңа жұмыс орын­да­рын құру, тұрғын үй мәселесін шешу, әді­леттік әлеуметтік саясат жүргізу және өңірлік саясатта жаңа әдіс-тәсілдер енгізу, – деді партия хатшысы.

Жиынға қатысқан Қали Сәрсенбай жастар мәселесіне көңіл бөлу туралы ұсынысын жеткізді.

– Президент өз сөзінде қоғаммен ашық, әділ жұмыс істеймін деді. Солай болуы керек. Соның ішіне жастар мәселесіне ерекше назар аудару қажет. 90 жылдары Жапонияға бар­ғанымызда «Жастар» ауданы дегенді көріп қалдық. Қарасақ, бір кемпір мен қыз бала, бір ақсақал мен бір жас жігіт отыр. Кейін сұрасақ, әр бейсенбі сайын сол жерге үлкен кісілер келіп жастармен кездесіп, өмірден көрген-түйгенін бөліседі екен. Адасып жүрген, жолы болмай жүрген жастар сол кісілерден ақыл-кеңес сұрайды. Ал бізде жастар мәселесімен тек қана жоғары оқу орындары ғана айна­лысатын сияқты көрі­неді. Сондықтан осы мәселелер қолға алын­са жастарға қатысты көптеген проблемалар шешімін табады деп ойлаймын, – деді Қали Сәрсенбай.

Жиынға қатысушылар сайлау нәтижесін бірауыздан қолдап, жақын арада тағы бір мәрте бас қосуға уағдаласып тарқасты.

Сондай-ақ осы күні Алматыға арнайы сапармен келген Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ филиалдарының қызметімен танысты. Кездесудің мақсаты – қарапайым халық пен бизнес-қоғамдастық сынға алып отырған бағыттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша қалада жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін жұртқа кеңірек жеткізу.

Бұл іске жауапты мамандардың мәлім­деуінше, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті Алматы қаласы бойынша, Мемлекеттік корпорацияның филиалдарында «Құпия сатып алушы» әді­сімен тұрақты негізде рейдтер жүргізген. Рейд қорытындысы бойынша қызмет көрсету кезінде заңбұзушылықтар анықталып, нәти­жесінде 11 қызметкер тәртіптік жауапкер­шілікке тартылған. Шаһарда «Құпия сатып алушы» әдісімен «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-да мемлекеттік қызметтер көрсету саласында, сондай-ақ автокөлікке техникалық байқаудан өту қызметі саласында іс-шаралар өтіп тұрады.

Іссапар тамамдалар тұста Илья Теренченко партия жанындағы «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссияның көшпелі отырысына қатысты. Отырыс барысында комиссия Алматы қаласында мемлекеттік қызмет көрсету сапасының мәселелерімен егжей-тегжейлі танысты. Дәл қазіргі таңда мегаполисте 15 фронт-офис және 13 бэк-офис жұмыс істейді. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ филиалы қызметкер­лерінің жалпы штат саны Алматы бойынша 1573 бірлікті құрайды.

Жиын соңында «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңда жедел түрде жаңарту ұсынылды. Отырысқа «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша республикалық және өңірлік комиссияның жұмыс тобының мүшелері, жергілікті мемлекеттік органдар басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.