Он негізгі бағыт өңірге жол тартты

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Шымкент қалалық мәслихатында Nur Otan партиясының депутаттық фракциясы болып өтті. Жиынды фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов жүргізді.

Он негізгі бағыт өңірге жол тартты

Фракция жетекшісі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі кезінде ел Президентінің он негізгі бағытты белгілеп бергені туралы және олар­ды тез арада жүзеге асыруға кірісу қажетін атап өтті. Негізінен, осы мәселелер сөз болған отырыста Nur Otan партиясынан сайланған қала­лық мәслихаттың депутаттары Президент атаған он негізгі бағыт­ты халыққа насихаттау, сайлаушы­лармен кездесу және бастауыш партия ұйымы өкілдерімен кездесу жұмыстарын жүргізу жайы ай­тылды.

Кезекті сөзді алған қалалық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі Еркін Сатқанбаев Прези­денттің ұсынған он негізгі бағытына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған он негізгі бағытта халықтың та­бысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әді­летті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сырт­қы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау туралы айтты. Бұл бағыттар Елбасымыз Н.Назарбаевтың бүгінгі таңға дейінгі халыққа Жолдауы, Рухани жаңғыру және 2020 жылға дейінгі еліміздің эко­номикалық дамуы мен саяси тұ­рақтылығы туралы бағдарла­ма­сының жалғасы іспеттес. Әсіресе, Президент Қ.Тоқаев сайлауалды тұғырнамасында әділеттілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, жұмыспен қамту жайына ерекше тоқталған-ды. Қоғамда әділеттілік орнаса ғана тұрақтылық болады. Сондықтан әрқайсымыз да әділетті, таза болуымыз керек. Еліміздің эко­но­ми­калық дамуына арнаған нақты міндеттерді алға қойып, орын­да­луына бір кісідей атсалысайық», – деді Еркін Тұрниязұлы.       

Ал фракция жетекшісі Бекай­дар Төлегенов: «Біз, Nur Otan пар­тиясынан сайланған қалалық мәслихаттың депутаттары, Прези­дент атаған он негізгі бағытты ха­лыққа насихаттау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп, әрбір бағыт бойынша нақты тапсыр­маларды белгілеп алуымыз қажет. Ол үшін бүгіннен бастап сай­лаушылармен кездесіп, бастауыш партия ұйым­дарында жиналыс өткізу, бұқаралық ақпарат құ­ралдарында насихат жұмысын жүргізген жөн деп са­наймын», – деді. Ол қатысушы­ларды осы ба­ғыттағы жұмыстарды бірлесіп ат­қаруға және қаланың әлеуметтік-экономикалық да­муына үлесін қосуда белсенділік танытуға шақырды.

     

Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы