Ғылым дамыса, өмір сүру жеңілдейді

Газет мақаласы Айқын" газеті №96

Бас қалада Nur Otan партиясының қолдауымен Жаңа технологияларды дамыту бағыты бойынша кеңестің отырысы өтті.

Ғылым дамыса, өмір сүру жеңілдейді

Басты мақсат – жаңа технологиялар­ды пайдалана отырып, нәтижесінде қоғамның дамуына ықпал ету. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше басымдық беріледі. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен Назарбаев университетінің ғылымды дамыту бөлімінің басшысы Асанбай Жұмабеков баяндама жасады.

Вице-министрдің айтуынша, ғылымға бөлінген қаржы қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

– Елбасы Жолдауында қазақ­стан­дықтар жақсы өмір сүруі үшін ең әуелі ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлу керегін айтқан болатын. Оның ішінде болашақта экономиканы дамыту үшін баламалы энергия көздеріне сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Өндірісте қол­данылатын жаңа материалдар, био­медицина, деректер базасының қауіп­сіздігі, жасанды интеллект, блок­чейнді дамыту бағыттарында жұмыс қарқынды жүруде. Біз оларға сағат сайын сұра­ныстың көбейгенін, жаңа техноло­гияға қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс­тың көптігін күнделікті байқап отырмыз. Сондықтан заман көшінен қалмау үшін жаңа технологияны мең­герген мамандар да қажет, – деді Тимур Тоқтабаев.

Жиында, сондай-ақ Назарбаев университеті іске асырып жатқан жобаларды дамыту бағыты талқыланды.

Асанбай Жұмабековтің мәлімдеуін­ше, университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтының жұмысы қарқынды дамып келеді.

– Ғылымға бөлінген қаражат дер уақытында игерілсе, қайтарымы екі-үш есе жоғары болатынын тәжірибеден көріп отырмыз. Сондықтан жаңа технологияны дамытуда келешекке керек кадрларды даярлау – заман талабы. Себебі, техниканың мүмкіндігін толық меңгерген мамандар толқынын дайындауда барлық техникалық жоғары оқу орынның еңбегі орасан. Біз бір-бірімізден әдіс алмасу арқылы қарқынды дамуға жол ашамыз. Әдіс алмасу тәжірибені шыңдауға көмектеседі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдау жыл сайын көбейгені қуантады, – деді Асанбай Жұмабеков.

Жиын қорытындысында жаңа технологияны дамытуға атсалысып жатқан мекемелерге қаржыны дер уақытында тиімді игеруге күш салу керегі айтылды.