Еңбекқор жас баспанасыз қалмайды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №100

Nur Otan партиясының Жастарды қолдау бағыты бойынша комиссия отырысы өтті. Жастар жылы аясында өтіп  жатқан іс-шаралардың нақты нәтижелері талқыланды.

Еңбекқор жас баспанасыз қалмайды

Жиынға Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев және Білім және ғылым министрлігі, Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеті, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен Жастар жылындағы іс-шаралардың санына емес, сапасына мән беру керегін баса айтты.

– Жастар жылы нақты жобалар іске асқаны жөн. Себебі, бір жылдың аясында жастардың көптеген мәселесін тиімді, нәтижелі шешуге болады. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті әрбір жас пайдалана алады. Ақпараттық мәліметтер қазіргі жастардың барлығына қолжетімді. Сондықтан біз нақты іске көшейік, – деді депутат.  

Жиында негізінен, жастарды жұ­мыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы ая­сын­да іске асатын жобаларға мемлекет тара­пынан бөлінетін гранттар 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Вице-министр Ержан Жылқыбаевтың айтуын­ша, биыл 183 жас қайтарымсыз грантқа ие болған. «Бастау» бағдарламасы шеңберінде 60 мың жас кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып, меңгерген.

– Оқыған, білімді, қолынан іс келетін, кәсіпкерлікке бейім жастарды қолдауға әрдайым әзірміз. Тұрақты жұмысы бар жастардың баспаналы болуға мүмкіндігі көп. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын 1 мың жалдамалы пәтерлер қолданысқа беріледі. Тұрғын үйге қажетті құжаттардың тізімі мен талаптары 1 та­мызға дейін нақтыланады. Құжаттар қа­былдау басталады. Сондықтан жастардың мүмкіндігіне қарай барлық жағдайы ескеріледі, – деді Ержан Жылқыбаев.

Тікелей эфирде байланысқа шыққан аймақтағы жастар шешілмеген мәсе­лелерді жеделдетіп шешуді де сұрады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысынан Жастар жылының жартысы өтсе де, тиісті қаржының жүйелі бөліну тетіктері жуық арада қарастырылса деген ұсыныс айтты.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы ая­сында іске асырылып жатқан жоба­лардың сапалы болуы мемлекет тара­пынан қатаң қадағаланады. «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаларға жастар белсенді қа­тысқанымен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Сондықтан әрбір гранттың пай­дасы, қоғамның дамуына қосқан үлесі сараланбақ.