Заңгерлік көмек – халыққа қажет

Газет мақаласы "Айқын" газеті №103

Nur Otan партиясының «Заңгерлік көмек» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында қоғамдық қабылдау өтті

Заңгерлік көмек – халыққа қажет

Қазақстан заңгерлер одағы, «Баспана» ипотекалық ұйымы, Әділет департаментінің өкілдері халықпен жүздесті.

Жиынға қатысқандар заңгер­лер­ден құқықтық кеңес алды. Көш­пелі қабылдауға келген елор­да тұрғындары әлеуметтік, құ­қықтық мәселелерін айтты. Әділдік іздеген тұрғындардың мә­се­лесі білікті мамандардың нұс­қауымен шешімін табады. Nur Otan партиясы республика­лық қоғамдық қабылдау бөлме­сінің меңгерушісі Бақыт Темірова бұған дейін халықтың құқықтық ке­ңес­ті көп сұрайтынын атап өтті.

– «Заңгерлік көмек» – ха­лыққа ең қажет жобаның бірі. Оның ішінде, әсіресе, шалғай аймақтардың тұрғындары үшін өте өзекті болып отыр. Осыған дейін 1 260 қоғамдық қабылдау өткіздік. 3 000 астам адам қабыл­дауға келді. Олардың 454 жазба­ша кеңес бердік. 138 адамның арызы бойынша іс соңына дейін жетіп, шешімін тапты, – деді Бақыт Темірова.

Ал «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілдері халық бас­паналы болуды қалағанымен, құжат тапсыруда салғырт екенін де атап өтті. Баспана алуға өтініш көптеп түседі. Тұрғын үй кезе­гінде тұрғандардың да қатары күн сайын артып келеді. Бірақ мемлекет тарапынан тұрғын үй саласын оңтайландыруға арнал­ған бағдарламаларды көпшілік біле бермейді. Әлеуметтік желіде ресми парақшалар арқылы ақ­парат таратылғанымен, мәлімет­тер шалғайдағы елдімекендерге дер уақытында жете қоймайды. Байланыс нашар аймақтарға ақ­парат кеш жетеді. Алдағы уақыт­та партия филиалдары осы мәсе­ленің де шешілуіне атсалысады.

Көшпелі отырысқа көмек сұрап келген Гүлнар Қашкен­қызы заңгерлердің көмегімен жыл­дар бойы қордаланған мәсе­лені оңтайлы жолмен жылдам шешуге болатынын айтты.

– Заңгерлік көмек көрсетеді дегенді теледидардан естідім. Тиісті мекемелердің табалдыры­ғын тоздырып, уақыт өткізіп ал­ға­нымды заңды тұрғыда түсін­ді­ріп берді. Заңгерлердің көмегімен көптеген мәселе тез шешілетініне көзім жетті. Партияның осындай бастамалары жалғасын тапса екен, – деді Гүлнар Қашкенқызы.

Қазақстан заңгерлер одағы төрағасының орынбасары Әбдікәрім Арынұлы халықтың тегін құқықтық көмекті біле бермейтініне де тоқталды.

– Біз партиямен бірлесіп аймақ тұрғындарына тегін құ­қықтық кеңестер бердік. Халық­пен жүздескенде жер дауы, жесір дауы, әлеуметтік проблемаларға жиі шағым айтады. Оның ішінде, көпшілігі мерзімі өтелмеген не­сие, пайызы көбейген, төленбе­ген қарыздар жайы талқыланды. Тұрғындар несиені тұрмыстық қажеттілік үшін алғанымен, уақ­тылы төлей алмайды. Себебі, жұ­мыссыз қалғандар көп шағым­данды. Әлеуметтік мәселелер жи­налып, экономикалық проб­ле­маларды туындатады. Соны­мен қатар ел арасында салғырт­тық, несие төлеу мерзімін өткізіп алу мәселелерінде банкке немесе қарыз алған мекемеге барып өті­ніш жазуды білмей жатады. Жа­лақысы кешігіп төленетін меке­мелердің қызметкерлері несие төлеуден кешігіп, шығынға жиі ұшырайды. Біз сондықтан тү­сіндіру жұмыс­тары арқылы халықтың құқық­тық сауатын арттыруды да мақсат етіп отырмыз, – деді Әбдікәрім Арынұлы.

Көпбалалы ана Серікгүл Кен­жехан жол-көлік апатынан ана­сынан айырылған. Оқиғаның ақ-қарасын айтса да, жүргізу­ші­нің көлікті мас күйінде басқар­ғанын дәлелдей алмай келген.

– Анамды көлік қағып кетіп, мерт болды. Құзырлы органдарға анамның жол-көлік апатынан қайтыс болғанын дәлелдеу үшін ұзақ уақыт кетті. Партияның қоғамдық қабылдауына келген соң, жүргізушінің көлікті мас күйінде жүргізгенін дәлелдей алдым. Түбінде әділдік жеңе­ті­ніне көзім жетті. Партияның қоғамдық қабылдауына келгелі мәселенің барлығын заң шеңбе­рінде шешуге болатынына көзім жетті, – деді Серікгүл Кенжехан.

Сондай-ақ әлеуметтік мәсе­лемен қабылдауға келгендер баспаналы болу, жәрдемақы алу, денсаулығына байланысты ши­па­жайларда жеңілдікпен демалу, тегін медициналық көмектер жайлы кеңес алды.