«Қасиетті домбыра» байқауы өтті

Газет мақаласы "Айқын" газеті №103

Ұлттық домбыра күніне орай Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанатымен «Жас Ұлан» балалар мен жас­өспірімдер ұйымы бірле­сіп, «Қасиетті домбыра» рес­публикалық байқауын өткізді.

«Қасиетті домбыра» байқауы өтті

Байқаудың мақсаты – дарынды оқушыларды насихаттау, музы­калық шеберлікті шыңдау, жас музыканттардың шығармашылық әлеуетін дамыту, балалар мен жасөспірімдерді көркем өнерге баулу, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау.

Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек төл өнер­ді дәріптеу жыл сайын дәстүрге айналатынын жеткізді.

– Қадыр атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ұлттық құнды­лы­ғымыз домбыраны әр қазаққа аманат екенін айтып кеткен. Елбасы бекіткен Ұлттық домбыра күнінде 17 аймақтан талантты ба­лаларды іріктеп байқау ұйымдас­тырып жатырмыз. Мақсат – төл өнерді жан-жақты насихаттау, жаңа есімдерді елге таныту. Бай­қауды жыл сайын өткізіп дәстүрге айналдырсақ деген ниетіміз бар. Жүзден жүйрік таланттар бүгін жеңімпаз атанды. Кең-байтақ қа­зақ да­ласында күй мектептері көне заманнан бері қалыптасқан. Атақты күйшілердің бүгінгі ізба­сар­ларымен мақтанамыз. Бағзы заманда күйдің тілімен елдің тағдыры шешілген, халықтың мұң-мұқтажы қос ішектің кө­мегімен жеткізген. Әлеуметтік тең­сіздікті жырлаған күйлердің өзектілігі – өз алдына бір бөлек әңгіме. Талантты жастар елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен на­сихаттайды деп сенеміз, – деді Дәулет Кәрібек.

Байқаудың 1-орын иегері Бекасыл Сабыров «Қасиетті домбыра» байқауы жыл сайын өтіп тұрса деген ұсыныстарын айтты.

– Байқауда «Үздік күйші» атанғаныма қуаныштымын. Аты­рау облысының атынан қатысқан­дықтан Құрманғазы бабамыздың күйлерін орындадым. Байқауға өзге аймақтардан қатысқан дос­та­рымнан жаңа күйлерді танып-біліп жатырмын. Осындай бай­қаулар жиі өткізіліп тұрса екен, – деді Бекасыл Сабыров.

Байқауға 12 жастан 16 жасқа дейінгі 51 бала қатысты. «Үздік күйші», «Үздік термеші», «Үздік дәстүрлі әнші» атанғандарға жал­пы көлемі 1 млн теңге қаржылай сыйлық тапсырылды.