Жастардың көзқарасы бәрінен де маңызды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №106

Жастар жылы аясында Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанаты республикалық Jastar alańy – 2019 пікірсайыс турнирін бастады. Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырып отыр.

Жастардың көзқарасы бәрінен де маңызды

Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібектің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры – 4 000 000 теңге.

Басты мақсат – Қазақстанда пікірсайыс қозғалысын жан­дандыру және пікірсайыс феде­рациясын құру.

Пікірсайыс турниріне қазақ және орыс лигасына барлық өңірден 60 команда, 18-29 жас аралығындағы жастар қатысады.

– Пікірсайыс – жастар үшін трендке айналған, сыни ойлау­ды, логиканы, тұлғалық дамуды арттыра алатын таптырмас ме­ха­низмге айналды. Пікірсайыс клубтары еліміздің әр аймағында көптеп дамып келеді. Жастар 9 шілде мен 8 тамыз аралығында www.jasotan.com сайтында өтінім қалдыра алады. Әлеуметтік же­ліде пікірсайысқа қатысты айтар ой, ұсыныс-пікірін қалдырады. Олардың қоғамдағы өзгерістерге азаматтық көзқарасы әрдайым маңызды, – деді Дәулет Кәрібек.

Сонымен қатар ұйымдас­ты­ру­шылар Британдық пар­ла­мент­тік және Линкольн Дуглас форматтары бойынша турнир қатысушылары мен тө­решілерге арналған тренинг­тер мен мастер-класстар өткізуді жоспарлап отыр. Тренинг пен мастер-клас­тарға қатысу­шыларға одан ары пікірсайыс тренингтерін өткізуге мүмкіндік беретін арнайы тренер серти­фикат беріледі.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқармасының төрағасы Батима Мукина Jastar alańy – 2019 республикалық пікірсайыс турнирі арқылы ұйымдастырушылар пікір­сайысты қолдап қана қоймай, мемлекеттік қызметке мықты кадрлық резерв даярлайтынын айтып өтті.

Жиында блогер Қали Ақ­сұлтанның айтуынша, қазақ және орыс лигасынан бөлек қоғам қайраткерлері, әншілер, блогерлердің және басқа да танымал тұлғалардың қатысуы­мен «Жұлдызды ойын» өткізу жоспарда бар.

Турнирдің финалдық ойын­дары телевизиялық форматта ұйымдастырылмақ. Жобаның нәтижесінде, Қазақстанда алғаш рет пікірсайысшылардың өзара байланыс орнатуға, өзекті та­қырыптарды талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін сайт пен аналогы жоқ мобильді қо­сымша іске қосылады.