Бауыржан Байбек: Ел сенімі – ең үлкен құндылық

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен бірқатар аймақты аралады. Батыс Қазақстанға сапарында аймақтағы партия активімен кездесті. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясының жұмысын жандандырып, партия мен фракция арасындағы өзара қарым-қатынасты күшейту керегін айтты. Жергілікті жерлерде депутаттармен бірге әлеуметтік бастамалар мен мемлекеттік бағдарламаларды және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қатаң бақылауға алуы тиіс екеніне назар аударды.

Бауыржан Байбек: Ел сенімі –  ең үлкен құндылық

 

Ең маңызды мәселе – халықтың сенімін арттыру

Партияның облыстық филиалының кон­фе­ренциясында Бауыржан Байбек Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Сайлауалды тұғырнамасы қоғам үшін біріктіруші рөл атқарып, мемле­кеттік ап­паратты сапалы әрі тиімді жұмысқа жұмылдыру керегін де тілге тиек етті.

– Қазір партия үшін ең маңызды мә­селе – халықтың сенімін арттыру. Сон­дықтан күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау ісінде депутаттармен жұмысты күшейту керек. Депутаттық сауалдар ха­лықты алаңдатқан аса өзекті мәселелермен үндесіп жатуы тиіс. Өкінішке қарай, қазір фракциялардың жергілікті жердегі жұ­мысы кейбір талаптарға сай емес, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, Қо­ғамдық қабылдау жұмысын жетілдіруге, кері байланысты күшейтуге және халық­тың мұң-мұқтажына байланысты жедел әрекет етуге ерекше көңіл бөлу керегін айт­ты. Ол үшін партиялық бақылауды кү­шейтіп, сол арқылы атқарушы орган­дар­дың жауапкершілігін көтеру міндеттеледі.

Бұдан басқа, партия халықтан келіп түскен әрбір өтінішті жіті бақылауға алып, тікелей жұмыс істейді. Сондықтан партия мемлекеттік органдардың халықтың өтініштеріне жауап беріп, мәселелерді оң шешу жолындағы жұмыстарды мұқият бақылауға алуы тиіс.

Осыған байланысты Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алғашқы жартыжылдықта партияның Орал қалалық филиалында қала әкімінің орынбасарлары бірде-бір қабылдау өткізбегенін қатаң сынға алды.

– Егер қалалар мен елдімекендердің әкімдері, олардың орынбасарлары қоғам­дық қабылдау арқылы халықпен кездес­пе­се, партиялық тәртіп мәселесін көтеріп, лауа­зымына қатысты партиялықтың ко­дексіне сәйкес шара қолданылады, – деді ол.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек пар­тияның облыстық филиалына келіп түскен өтініштер бойынша әлеуметтік ны­сандарды аралады. Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлауалды бағдарламасында 2023 жылға дейін апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесін толығымен шешуге уәде берген еді. Соған байланысты партия бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайды.

Соның аясында Бауыржан Байбек Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен бірге 58 жыл бұрын салынып, бүгінде апатты жағдайда тұрған №31 мектептің жай-күйімен танысты. Бүгінде аталған мектепті сүріп тастап, орнына жаңа білім ордасын салу туралы шешім қабылданған. Соған орай, балалар мен мұғалімдерді уақытша жақын жердегі мектептерге орналастырмақ.

Партияның Батыс Қазақстан облыс­тық филиалының кезектен тыс XXV конференциясында аймақ басшысы Ғали Есқалиев партияның жергілікті активінің қолдауымен облыстық филиалдың төра­ғасы болып сайланды.

 


Санға емес,сапаға мән береміз

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, партиясының облыстық филиалы­ның кезектен тыс XXXI конференциясына қатысты. Жиында партияның жаңа кезең­дегі міндеттерін анықтап, алдағы жұмыс­тың бағыт-бағдарын айқындап берді.

Өз сөзінде Бауыржан Байбек партия­ның сыбайлас жемқорлықпен күресті одан ары күшейтетінін айтып, бұл жұмысты, ең алдымен, өз ішінен бастайтынын жеткізді. Осы ретте Маңғыстау облысында кейбір басшылық қызметтегі адамдардың сыбай­лас жемқорлықпен ұсталғаны туралы деректердің бар екенін атап өткен жөн.

– Өңірлік филиалдың басшылығы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің құрамы мен жұмы­сын жүйелі қадағалап отыру керек. Қазір партия қатарын «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз. Бұл істе санға емес, сапаға баса мән береміз, – деді Бауыржан Байбек.

Партия жұмысының негізі – адамға лайықты жағдай жасау, оның құқықтары мен еркіндігін қорғау, жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету. Сондықтан Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруда партияның рөлі ерекше.

– Халықтың сенімін күшейту үшін Елбасы партия жұмысын түбегейлі қайта қарастырып, мазмұнды «қайта жүктеуді» тапсырды. Бұл істе біз партиялық бақы­лауды күшейтіп, атқарылған жұмыстарды Парламент пен мәслихаттардағы фрак­цияларда белсенді түрде талқылайтын боламыз, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен бірге, жиында депутаттық сауалдар бүкіл қоғамды алаңдатқан аса өзекті мәселелермен үндесіп, байланысу керегі, партия осы бағыттағы бақылауды күшейтуі тиіс екені айтылды. Осы ретте Бауыржан Байбек Маңғыстау облыстық мәслихатындағы депутаттық фракцияның жұмысы көңіл көншітпейтініне назар аударды.

– Жұмыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы соңғы екі жылда көш соңында келеді. Егер біздің депу­таттар белсенділік танытып, өзекті мә­селелерді талқылап, халықпен кездеспесе, бұ­қаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сөйлемесе, қандай қоғамдық сенім туралы айтуға болады?! Партия жарты жылдан кейін сайлауға кіммен барады?! Сондықтан бұл бағытта Маң­ғыстау облысы тиімді тетіктерді іске қосуы керек, – деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек халықтың өті­ні­шімен облыс орталығында салынып жатқан онкологиялық диспансерге барды. Бұл денсаулық сақтау нысанының құры­лысы 2009 жылы басталған. Содан бері жұмысы өнбеген құрылысқа қатысты жер­гілікті тұрғындар партияға шағым­данған. Бұдан былай бұл нысан пайда­лануға берілгенше Nur Otan-ның қатаң бақы­лауында болады.

Партияның облыстық филиалының конференциясында Маңғыстау облы­сының әкімі Серікбай Тұрымов партияның облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Жастардың ұсынысы жүзеге асадыБауыржан Байбек Қызылордаға са­пары барысында Nur Otan-ның айтысты қайта қолға алатынын айтты. Ол партия­ның облыстық активімен кездесіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті. Сон­дай-ақ аймақтың белсенді жастарымен арнайы кездесіп, партияның жас буынмен жұмысы жаңа деңгейге көтерілетінін жеткізді. Жиында Бауыржан Байбек уақыт өткен сайын қоғамда өзгерістерге сұраныс артып келе жатқанын айтты.

– Халық қоғамдық-саяси өмірге бел­сенді қатыса бастады. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін берді. Жаңа саяси технологиялар өмірі­міздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Бұл – бүкіл әлемді қамтып отырған жа­һандық үрдіс. Сондықтан қазіргі таңда осы трендтерді игеріп, өзінің жұмысын жаңа үрдістермен байланыстыра білген ұйымдар ғана жетістікке жетеді, – деді Бауыржан Байбек.

Осыған байланысты Nur Otan партия­сы қоғамдағы өзекті мәселелерді әлеу­меттік желілерде жан-жақты талқылаудан қашпай, халықтың желідегі пікіріне бай­ланысты жедел әрекет етуді қолға алады. Партияның сынауды, сынды қабылдауды және сол арқылы барлығын сараптап, оны өзінің алаңында конструк­тивті сынға айналдыра білуі керегін айтты.

– Партия ішінде қоғамды толған­дыратын өзекті мәселелердің барлығы айтылуы керек. Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен сындарлы диалог кеңістігін құру қажет. Ол саясатты ғана емес, әлеуметтік, эконо­микалық, экологиялық салалармен бар­лық өзекті мәселелерді қамтуы тиіс, – деді Бауыржан Байбек.

Жиында аймақтарда бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі де сөз болды. Олар ұсынған деректер негізінде халықтың әлеуметтік ахуалына талдау жа­салып, сол арқылы әлеуметтік саясаттың басым бағыттары анықталмақ. Мұндай жұмыстың жаңа екпін мен тың серпінді талап ететіні анық. Сондықтан үздік шетелдік тәжірибелерді көбірек үйреніп, қолдануды тапсырды.

Бұдан басқа, партия алдағы уақытта халықпен кері байланысты күшейтіп, қоғамдық қабылдау жұмысын жетілдіре түспек. Облыстық партия активі аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиа­лының төрағасы болып сайланды.

Сапар барысында Бауыржан Байбек Қызылорда облысында белсенді жастар­мен арнайы кездесті. Жүздесуде ел да­муындағы рөлі және ұлттық құндылық­тарды дәріптеу туралы ашық әңгіме болды. Еркін форматта өткен кездесуде пар­тияның жастарға қолдау көрсету жұ­мыс­тарын күшейтетіні де айтылды.

– Кез келген партия өзінің болашағы үшін сабақтастық дәстүрін қалыптастыру керек. Сондықтан Елбасымыз алдымызға жастармен жұмысты күшейтуді міндет етіп қойып отыр. Соған орай, біз өз жұ­мысы­мыз­ға жастарды көптеп жұмыл­дырып, олар­дың қалыптасып, өсуіне жол аша­мыз, – деген Бауыржан Байбек жас мамандар резервін жасақтауға партия белсене қатысатынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек қазіргі жаһандану жағдайында әрбір ұлт өзін сақтап қалу үшін күресіп жатқанына және бұл ретте біздің жастарға үлкен міндет жүктеліп отырғанын айтты.

– Біз тәуелсіздік алған кезде болаша­ғымызға сенімсіздікпен қарағандар болды. Елбасының дана саясатының арқасында біз мемлекет құрып, бүкіл әлемге өзіміздің ел бола алатынымызды дәлелдедік. Енді осы елдігімізді күшейтіп, құндылық­тар аясын кеңейтуіміз керек. Ана тіліміз бен тарихымызды дәріптеп, әлемдік деңгейге алып шығу – біздің міндетіміз. Осы ретте жастарымыз белсенділік та­нытуы тиіс, – деді ол.

Осыған орай, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов төл өнерді қолдап, ай­тысты қайта жандандыру жайында ұсы­нысын білдірді. Ұсынысты ризашылықпен қабыл алған Бауыржан Байбек партияның алдағы уақытта айтысты қолға алып, оның дамуына жағдай жасайтынын айтты.

– Партияның қолдауымен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдастырылады. Оның алғашқысы күзде Алматыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселе­лерді ашық айтуы тиіс. Бірақ барлығы конс­труктивті болуы қажет, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, ол жастарымыздың әлемдік экономика мен саясатты мең­геруге ұмтылуы керегін сөз етті. Оның айтуынша, жас қазақстандықтар эко­номиканың негізгі басымдықтарын қазақ тілінде сөйлетіп, осы саладағы әлемдік үдерістердің қыр-сырын үйренуге талпынуы тиіс. Жастарды масылдыққа бой алдырмай, көздеген мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керегін айтып, өскелең ұрпақты Елбасының ұлағатты өмір жолынан үлгі алуға шақырды.

Клара НАҚЫП