Жалпы жағдайға қанықты

Газет мақаласы "Айқын" газеті №108

Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Глеб Шегельский, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ольга Шишигина, Абай Тасболатов және Құралай Қаракен екі жыл бұрын іске қосылған Қазақстан мұнай жабдықтары зауытына барды. Зауыттың тыныс-тіршілігімен «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС директоры Гэ Пай Сян таныстырды.

Жалпы жағдайға қанықты

– Зауытты құрғанда 3 мақсатты – оның заманауи болуын, өнімнің стандартқа сәй­кес келуін және жергілікті жұмысшыларды көбірек тартуды көздедік. Әрбір жұмыс­шымен еңбек келісімшарты жасалды. Мамандықты игеруіне, дәрежелеріне қарай жалақы тағайындалады, – деді Гэ Пай Сян.
Зауыт директорының орынбасары Азамат Алшымбаев №2 цехта жоғары қы­сыммен жұмыс істейтін ыдыстар мен блок­тық-жинақтық құрал-жабдықтар өндірісі туралы әңгімеледі.
Одан ары №1 цехта компрессорлық және шегендік құбырлар өндірісінің құрал-жабдықтары таныстырылды. Бұл цехтың орташа қуаттылығы жылына 50 мың тонна. Ал екінші цехтың орташа қуаттылығы жылына 3800 тонна жоғары қысыммен жұ­мыс істейтін ыдыстар мен мұнай-газ ин­дус­триясында қолданылатын әртүрлі мақсат­тағы блоктық-модульдік құрылғыларды құрайды. Өнімдер еліміздің ішкі нарығына, Ресейге, Қытайға шығарылады. 
Депутаттар зауыттың еңбек ұжымымен кездесті. Мұнда еңбек ететін 210 адамның 185-і – Қазақстанның, 25-і – Қытай азаматтары.Зауыттың бір ерекшелігі – жұмысқа тәжірибесі жоқ, колледж немесе универси­тет бітірген жастарды қабылдап, өз есебінен оқытып, болашақ мамандарды дайындайды. 
– Бұл – үлкен көлемдегі инвестиция тартылған жоғары технологиялық өндіріс. Тек арнайы мұнай нарығы бағытына 5 млрд теңге тартылған. Қытаймен арадағы өн­дірістік қарым-қатынастың жақсаруына, соның ішінде мұнай өндіруге оң ықпалын тигізеді деп күтілуде. Өйткені бұрын ше­гендеу құбырлары мен мұнай жабдықтары негізінен Жапониядан, Қытайдан, Ресейден әкелінетін. Енді өзіміздің Ақтөбеде де осындай экспортқа бағытталған кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Мәжіліс депутаты Глеб Шегельский. Ол одан ары өз сөзінде:
– Біздің топ өз жұмысын қатты-тұр­мыстық қалдықтар полигонына, тазарту құрылғыларына барудан бастады. Себебі, Ақтөбе тұрғындары үшін бұл өзекті мәселе екені анық. Қазір 16,8 млрд теңгеге дайын­далған жоба мемлекеттік сарап­тамадан өтуде. Менің ойымша, бұл біраз мәселелерді шешеді. Әрине, республикалық бюджет көмегінсіз болмайды, – деді. 
      Халық қалаулылары Мәртөк ауданына да барды. «Жайсан» шекара бекетінде 60 жүк көлігі тұрғанын, халықтың қазақ­стандық шекарашыларға наразылығы жоқ екенін көзбен көрді. Қазақстан жағында алты автокөлік жолағы болса, Ресейде тек екеу. Сондай-ақ олар кеше Мұғалжар ау­данындағы көптеген нысандарға барып, жұмысшылардың тұрмыстық мәселелері, жалақылары туралы сұрап білді.