«Баламекеннің» құрылысымен танысты

Газет мақаласы "Айқын" газеті №108

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барған Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Байділда Жылқышиев, Тарас Хитуов «Баламекен» жобасы аясында салынған тұрғын үйлер құрылысымен танысып, тұрғындармен жүздесті.

«Баламекеннің» құрылысымен танысты

Осыдан бірер ай бұрын, «Бәйтерек» ық­шамауданында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 150 баспананың құрылысы басталған болатын. Оның ішінде 50 пәтер жергілікті қазына есебінен, 100 баспана Қызылорда облысының әкімдігі мен ме­ценат Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры арасындағы келісімшарт негізінде салынып жатыр. Бүгінде қос пәтерлі 100 отбасына арналған 50 үйдің құрылысы аяқ­талып, тұр­ғындар қоныстанған. Көпші­лігі –көпбалалы отбасылар. Солардың бірі – 7 баланың анасы Ізімкүл Тұрсанова. Ол отбасында болған халық қалаулыларына осындай қамқорлық көрсетіп отырған Президентке алғыс айтты. 

– Бұған дейін пәтер жалдап қиналып жүргенбіз. «Баламекен» деген жобаның ар­қасында міне, баспаналы болып отырмыз. Көшіп келгенімізге бір ай болды. Мұнда жа­рық, су, газ, жол, телефон байланысы бар­лық жағдай жасалған. Мемлекет бас­шысына, облыс басшылығына осындай қамқорлық көрсетіп жатқанына алғыс айтамын, – деді Ізімкүл  Тұрсанова.

Президенттің халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы тапсырмасының нәтижелі жүзе­ге асқанын көрген депутаттар аймақтағы жұмысқа оң баға берді. 

– Біз жұмыс сапарымен барлық өңірде бо­лып жүрміз. Алайда көпбалалы аналар үшін жа­­сал­­ған мынадай игілікті жобаны тек Сыр өңі­рінен көріп отырмыз, – деді Балайым Кесебаева. 

Айта кету керек, тұрғын үй құрылысын да­мыту мақсатында соңғы 6 жыл ішінде Қызыл­ор­да қаласының өзінде 15 ықша­маудан салынды. 
Nur Otan партиясы Қызылорда қалалық фи­лиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахмановтың айтуынша, жаңа аудандарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 2019 жылдың соңына қарай Қызылорданың сол жағалауында 2 628 пәтерлік 13 көп­қа­батты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Шамамен 13 мың қоныстанады. Елбасының 2018 жыл­дың қаңтарындағы Жолдауына орай, бола­шақта бір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де жоспарда бар.