«Нұрлы жерден» үміт көп

Газет мақаласы "Айқын" газеті №109

Қостанайда Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының кезектен тыс отырысы өтті. Оған Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

«Нұрлы жерден»  үміт көп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында Қостанай облысы бойынша білім саласы қыз­меткерлерінің жалақысын арттыруға республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген 35 мыңнан астам қыз­меткердің жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Жиында басты әлеуметтік мәсе­лердің бірі – баспанамен қамту екені талқыланды. Өңірде 2017 жылдан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Биыл 330 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан.

– Биыл «Әуежай» ықшамауданындағы үй құрылысы жалғасатын болды. Барлық үй 2020 жылға дейін салынады. Барлық инженерлік желілер толықтай тартылған. «Юбилейный» ықшамауданы да назардан тыс қалмайды. Бас-аяғы 14 мыңға жуық азаматқа шақталған, 47 үй салыну көзде­луде. Соның 10-ы бүгінде бой көтерді, – деді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсембаев.

Сондай-ақ биыл «Қонай» ықша­мау­данында құрылыс жұмыстары бастал­мақ. «7 – 20 – 25» бағдарламасы басталғалы 603 өтініш түсіп, оның 412-сі мақұлдан­ған. Қостанай ауданы әкімдігі мен «То­был» коорпорациясы арасында алғашқы 10 па­йызды субсидиялау шаралары қол­да­нылып келеді. Бүгінде 36 бағдарлама қатысушысына әлеуметтік коорпорация алғашқы 10 пайыздық жарнаны төлеген.

Депутаттық фракция отырысында өңірдегі медицина саласындағы мәсе­ле­лер де көтерілді. Жедел жәрдем қызмет­кер­лерінің жалақысы аз екендігі сөз бол­ды. Нәтижесінде, бұл саладағы мамандар жоқтың қасы. Парламент Мәжілісінің депутаты барлық толғандырған мәселені зерттеп, депутаттық сауал аясында жол­дайтынын жеткізді.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, Қостанай жастарын баспанамен қамту мәселесі оңтайлы шешімін табуда. Мау­сым айынан бастап аймақтағы 35 мыңнан астам мұғалімнің айлығы 17-23 пайызға көбейген. Мәселен, жоғары білімді пе­дагогтың орташа жалақысы бұған дейін 69 мың теңге болса, қазір 83 мыңға жетті. Тәрбишілердің де еңбегі еленіп, айлы­ғы­на 11 мың теңгеден 13 мың теңгеге дейін үстеме қаржы қосылды. Білім саласын­да­ғы қызметкерлердің жағдайын жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен 5,6 миллиард мақсатты трансферттік қаражат бөлінген.

– Алдағы 2020-2021 жылдарға келер болсақ, биыл жетіспей қалған сомманы міндетті түрде ескеріп, есепке алуға мүм­кіндік береді. Яғни, қосымша қаражат қарастыру арқылы бұған дейін жалақысы өспеген көпшілікке және өзге де ка­тегорияларға төленетін болады, – деді депутат Ирина Аронова.

Жиын барысында өткен сайлауда үгіт-насихат жұмысына атсалысқан пар­тия белсенділері де марапатталды.

– Сайлауға тұрғындардың 84 пайыз­дан астамы атсалысқан. 1 мыңнан астам се­німді өкіл кандидаттың сайлауалды бағ­дарламасын насихаттады. Бұл жеңіс – үлкен еңбектің нәтижесі, – деді пар­тияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов.

Депутат Ирина Аронованың айтуын­ша, халықтың өмір сапасын арттыру – Президенттің алға қойған басты тапсыр­масы. Жиында көтерілген барлық мәселе, депутаттық сауал жолданады. Кез келген мәселе дер уақытында шешімін табады.