Арыстың жайы айтылды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №113

Арыс қаласында облыс әкімі, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Өмірзақ Естайұлы төтенше жағдайдың зардаптарын жою, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, тұрғындарға жан-жақты жағдай жасау мәселелерін қозғап, құрылысты кешіктіріп жатқан сектор басшыларына жұмысты күшейту керегін айтты.

Арыстың жайы айтылды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жалпы Арыс қаласында жеке үйдің 7 мыңнан астамы, көпқабатты үйдің 100-ге жуығы зақым­далып, осы нысандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін Арыс қаласында 1 870 үйдің жөндеу жұмысы аяқталған.

Аймақта 17 сектор бойынша 7 445 үйге ақау актісі жасалып, 4 827 үйде құрылыс жұмыстары қолға алынған. Зерттеулер нәтижесінде жарамсыз үйлер саны 293-ке жетті. Оның ішінде 4-еуі – көпқабатты үйлер. Бірқатарының іргетасы қаланып үлгерген. Құрылыс жұмыстарына елі­міздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған. Қаладағы 66 әлеуметтік нысан бойынша жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл жұмыстарға 1 788 жұмысшы, 29 ком­пания жұмылдырылған.

Басқосуда тиісті сала басшылары апта сайын жәрмеңке ұйымдастырып жат­қанын, 200-ден астам арыстық ардагер демалысқа жіберілгенін мәлімдеді. Сонымен бірге, 2 мыңнан астам бала еліміздің демалыс лагерлерінде тынығып жүр. Қоймаларға жиналған 789,2 тонна азық-түліктің 689,5 тоннасы тұрғындарға таратылған. Өңірдегі 1 545 аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілуде. Денсаулығы нашар 31 тұр­ғынға қоларба берілген. Сондай-ақ сала басшылары бұл істе Nur Otan партиясының белсенді әрекетін атап өтіп, партия бас­тамашы болған «Арыс, біз біргеміз!» акциясының атқарған жұмысына оң бағасын берді.

Облыстық штаб мүшесі, Ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев секторларда тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жұмыс атқарылып жатқанын, әрбір шағым дер кезінде тіркелетінін айтты. Ол, сонымен қатар секторларда тұрғындармен кездесу тұрақты жүріп жатқанына тоқталды.

Өз кезегінде облыстық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаев 100 мың теңге өтемақыға 61 мыңға жуық құжат тапсы­рылғанын, 49 393 тұрғынның мекенжайы Ішкі істер министрлігінің базасымен расталғанын жеткізді. Құжаттар бойынша жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

Жиында Арыс қаласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, құрылысы нашар жүріп жатқан сектор бас­шыларына сын-ескертпелер айтылды. Қаланың су, электр және жылу жүйе­лерінің жұмысын ширату, жол салу мәселелері де сөз болды. Аймақ басшысы Ө.Шөкеев облыстық штаб әрбір секторға жауапты облыс пен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын­дардың арыз-шағымы бойынша жүйелі әрі мұқият жұмыс істеуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Арыс қала­сындағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасында болған жары­лыстан барлық тұрғын үй қорының 85%-і зардап шеккен болатын. Нысандарды қалпына келтіруге бақылау және мони­торинг күн сайын жүргізіледі.