Байқауда бақ сынаңыз!

Газет мақаласы Aikyn 115

Қазақстан Парламенті мен орталық мемлекеттік органдардан тағылымдамадан өтуге «Жастар кадрлық резерв» байқауы жарияланды. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады.

Байқауда бақ сынаңыз!

Басқосуда «Болашақ» қауымдастығы байқауға қатысуға өтініш қабылдау басталғанын мәлімдеді. Жобаның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін заманауи, тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру. Жоба қорытындысы бойынша еліміздің әр аймағынан 3 адамнан 51 жас іріктеледі. Олардың 34-і Парламентте, 17-сі орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтеді.

– Биыл мерейтойлық жоба оныншы рет өткізіледі. Осы 10 жылда 15 мыңнан астам жас жобаға қатысты. Оның ішінде 468 жоба қатысушысы Мәжілісте, Сенатта, мемлекеттік органдарда прак­тикадан өтті, – дейді «Болашақ» қауым­дастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Конкурсқа қатысушыларды іріктеуді облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, қо­ғамдық ұйымдар, БАҚ және бизнес са­ласы өкілдері кіретін арнайы комис­сиялар жүзеге асырады. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Өтінімдер онлайн түрде jastar-reserv.kz сайты арқылы 5 қыркүйекке дейін қабылданады.

– Ешқандай аға-көкесі жоқ, өз кү­шімен ары қарай өскісі келетін, бі­ліміне сенетін жастардың дамуына жағдай жасау. Әлеуметтік лифт ретінде, әлеу­меттік тепшек ретінде жастардың жаңа орындарда өзін байқап, сынап көруіне, өзінің білімінің жетуіне шығармашылық және тұлғалық дамуына әсер ететін біздің жобалардың бірі, – дейді Nur Otan партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.