Келестегі келелі істер

Газет мақаласы "Айқын" газеті №117

Өткен жылы өз алдына бөлек аудан болып қайтадан құрылған Келесте келелі істер жетерлік. Атап айтсақ, жаңа ауданда жаңадан жасақталған Nur Оtan партиясы Келес аудандық филиалы партия жарғысы негізінде, партиялық жобаларды іске асыру бойынша аудан халқының мәселелерін шешуде тиісті жұмыстарды атқарып келеді.

Келестегі келелі істер

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Келес ауданы өз алдына бөлек аудан болып қайта құрылды. Ауданда Nur Оtan партиясының жаңадан жасақталған аудандық филиалының кезектен тыс І конференциясында партия филиалының төрағасы болып, аудан әкімі Ақментай Есбаев сайланған болатын.

Міне, содан бері партия филиалында аудан әкімінің, жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлім бас­шылары, аудандағы мемлекеттік меке­мелер басшыларының келісілген кестеге сәйкес, партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдауы жолға қойылған.

Аудан әкімі Ақментай Есбаев Nur Оtan партиясы Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдауға келген 15 азамат жер телімі, әлеуметтік көмек, тұрғын үй, үйін жөндеуге материалдық көмек алу бойынша мәселесін айтты.

Қабылдауда азаматтардың ұсыныс-талаптарын тыңдап, түскен өтініштерді таразылай келе, филиал төрағасы қол­да­ныс­тағы заң нормаларына сәйкес орын­далу қажеттілігін айтып, тиісті салаға бас­шы­лық жасайтын бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне өтініштерді шұғыл шешу жайлы нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, 2 азаматқа үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге мате­риалдық көмек және 1 азаматқа баспана салуға құрылыс материалдарын алуға жәрдем берілетін болып шешілсе, 10 аза­матқа өтініштері негізінде заң аясында түсініктемелер берілді.

Ұшқын және Біртілек ауылдық округінің тұрғындары М.Мейірбеков пен Я.Абдикадиров қариялардың көпшілік пайдаланатын жерлерді азаматтар өз бетінше пайдаланып жатқанын ретке келтіру және футбол алаңының жер телімі құжаттарын реттеу жайлы ұсыныстары бойынша ауданның жер бөлімі басшысына жерлерге шұғыл ревизия жүргізуді және футбол алаңының құжаттарын реттеу мәселесін заң аясында шұғыл шешу тапсырылды.



Осы орайда партияның жаңадан құрылған жергілікті филиалының бүгінгі жағдайын білмек болып Ақментай Есбаевты сөзге тарттық.

– Қайта құрылған жаңа ауданда Nur Оtan партиясы Келес аудандық филиалы да партияның Сарыағаш аудандық фи­лиалынан бөлініп, Nur Оtan партиясы Ке­лес аудандық филиалы болып құрыл­ды. Партияның аудандық филиалына штат бірліктері беріліп, 2019 жылдың ақ­пан айынан бастап аудандық филиал өз жұмысын толыққанды бастады. Бүгінде аудандық филиалдың 12 бастауыш партия ұйымында 3248 партия мүшесі бар, – деді Ақментай Үсенұлы.

Филиал төрағасының айтуынша, партия жарғысы негізінде, партиялық жобаларды іске асыру бойынша партия филиалы тиісті жұмыстар атқарып келеді.

Айталық, партияның Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе» партиялық жобасы аясында азаматтардың күнделікті мәсе­лелерін шешуге ықпал ету, қоғамның өзекті мәселелеріне шұғыл әрекет ету, мемлекеттік органдардың назарын аудару, өтінішпен жүгінген азаматтардың мәсе­лесін жедел шешу мақсатында, аудан әкімдігінің және жергілікті атқарушы ор­гандардың құрылымдық бөлімдері, аудандағы мемлекеттік мекемелер өкіл­дерімен «Нақты осы жерде» принципімен жұмыс істеуде.

«Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесіне азаматтар, негізінен, мемле­кеттік атаулы әлеуметтік көмек алу мә­селесі бойынша жүгініп, қоғамдық қабылдау бөлмесі ауданның жұмыспен қамту орталығы мамандарымен тығыз жұмыстың нәтижесінде мәселелер шұғыл қаралып, тиісті оң шешімдер тез арада қабылдануда.

Сондай-ақ, Nur Оtan партиясы Келес аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмет Жұмабековтің мәлі­метінше, жақында партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Келес аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров та 4 азаматқа жеке сұрақтары бойынша қоғамдық қабылдау өткізген.

Белгілі болғандай, ауданның бас тәртіп сақшысы қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өтініштерін тыңдап, заң аясында түсініктеме беріп, тиісті жұмыстарды атқара отырып, өтініштерін зерделеп, жүгінген азаматтарға заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беретінін жеткізді.

Түркістан облысы