Арыс абаттанып келеді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша жүріп жатқан жұмыстарға барлық өңір, ұлттық компаниялар, еліміздің ірі бизнес өкілдері белсене қатысып жатқаны белгілі. Жұмыла кіріскен іргелі істің арқасында Арыс қаласының келбеті жаңара түсуде. Қаладағы қызу жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысу мақсатында Арысты жаңалауға келген қызылордалық құрылыс компаниясы – «Абу-Сер» ЖШС бас инженері Құдайберген Ыдырысұлы Иманахметовті әңгімеге тарттық.

Арыс абаттанып келеді

Бүгінде Қызылорда облысы әкім­дігінің тарапынан келіп, өздеріне жүк­телген жұмыстардың басым бөлігін еңсерген «Абу-Сер» ЖШС бас инженері Құдайберген Ыдырысұлының ай­туынша, Қызылорда облысынан Арыс қаласын қалпына келтіруге 30-дан астам құрылыс мекемесі келген болса, соның ішінде 2-учаскедегі 6 меке­менің бірі жоғарыда аты аталған компания екен. Атап айтқанда, «Абу-Сер» ЖШС Арыс қаласында 6-сектордың 2 учаскесінде жұмыс істеп жатыр. Фирманың қарамағында 79 құрылысшы бар. Жалпы, учаске бойынша барлығы 69 үйді жөндеуге алған болса, қазіргі таңда 54 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілген. Ал қалған үйлерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«Біздің мекеменің Арыс қаласына көшіп келіп, құрылыс жұмыстарын бастағанына 1 ай болды. Көшіп келген кү­ні жауапкершілігімізге алған жұмыс­тарды тез арада бастап кеттік», – деген бас инженер қазір Сапарбай болыс көшесіндегі №10 үйде жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп, үйдің шатырын толы­ғымен ауыстырып болып, сынған үш терезенің орнына жаңа терезелер орнатып, тұрғын үйді толығымен жөндеп біткенін айтты. Ол сондай-ақ құры­лыстағы еңбеккерлердің ауызбіршілігін де тілге тиек етті.

– Арыс қаласын қалпына келтіру жұ­мысына барша қазақстандық атса­лысып жатыр. Мұнда келгелі бері бір байқағаным, еңбек етіп жатқан жан­дардың қаланы тезірек ретке келтіріп, мойынға алған жұмыстарын абы­роймен аяқтасақ деген мақсаты бар. Мені мұн­дағылардың жауапкершілікті шынайы сезініп, түрлі қиындықтарға қарамай бір үйдің адамдарындай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қызмет істеп жүргендері қуантады, – дейді бас маман.

Әңгіме барысында Құдайберген Иманахметов Арыс жағдайы бойынша құрылған Nur Otan партиясы облыстық филилалы штабының өкілдері және жергілікті биліктегі азаматтар мен беделді ақсақалдардың арқасында қыруар жұмыс атқарылғанына қысқаша тоқталды.

– Бастапқы кезде, жұмысымызды жаңадан бастап жатқанымызда бірқатар қиындыққа тап болдық. Әсіресе, 6-сектордағы жұмыс басталған шақта кейбір тұрғындармен арада біраз түсінбеушілік орын алды. Көптеген тұрғын баспаналарының қайта жөнделіп, жаңарып жатқандарына ризашылығын білдіріп, қуанып жатса, кейбіреулері керісінше, наразылық танытып, жұмысы­мызға кедергі келтірді. Олар бүлінген баспаналарды жөндеуден өткізу үшін арнайы комиссияда қаралған шешімдерге қарамастан, көп жері бүліне қоймаған үйлерін бастан-аяқ жаңадан салып беруді талап етті. Болмашы жөндеуді керек ете­тін үйлердің бәрін бұзып тастап, қай­тадан салып беру мүмкін емес еді. Осындай сәтте біздерге Nur Otan партиясының өкілдері келіп арағайындық жасады. Олар тұрғындар мен құрылысшылар арасын­дағы қарым-қатынасты ретке келтіріп, мәселелерді дер кезінде шешуге атса­лысты. Партия өкілдері, сондай-ақ ауыл арасындағы беделді ақсақалдарды араға салып, түсінгісі келмеген кейбір тұрғын­дарды сабасына түсірді, – дейді ол.

Оның айтуынша, «Айбын» көшесінде үйіне снаряд түсіп, баспанасы өртеніп, жарамсыз болып қалған отбасыға Қызылорда облысы әкімдігі атынан үйінің қасындағы сатылып жатқан үйді сатып әперіп, жарамсыз болған үйді қайтадан жөндеуден өткізген. Сонымен қатар Сапарбай болыс көшесіндегі
№12 үйдің тұрғыны 97 жастағы Бейсенкүл Қалиева апаның (әжейдің ұлы мүгедек) қатты зақымданған үйінің орнына Қызылорда облысы әкімдігімен келісе отырып, Ақынбеков көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер сыйға берілді. Қазіргі таңда Бейсенкүл Қалиеваның тұрғын үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, жанып тұрған күннің астында жұмыс істеу кімге болса да оңай емес екені анық. Дегенмен басына ауырт­палық түскен арыстық ағайынға осын­дайда қол ұшын беріп, ел болып кө­мектеспесек, онда елдігіміз, ағайын­дығымыз қайда қалады? Үйлері толық жөндеуден өтіп, баспанасына кірген тұрғындардың қуанышын көріп, олар­дың алғысын алғанда істеген еңбегіңнің зая кетпегенін сезінеді екенсің, – дейді Құдайберген Ыдырысұлы.

Бас инженер сөз соңында негізгі жұмыстардың аяқталғанын, сондықтан бірқатар жұмысшының үйлеріне қайтарылғанын айтты. Сұхбат кезінде бас маманның іскерлігіне, жұмысына адалдығына тәнті болып, Арыс қала­сының аз ғана уақыттың ішінде қалпына келуі Құдайберген Иманахметовтей өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор, талапшыл азаматтардың арқасында жүзеге асып жатқанына көз жеткіздік.

Түркістан облысы