Жаңа орталық ашылды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Қостанайда тұңғыш рет психологиялық көмек және қосымша білім беру өңірлік орталығы ашылды. Салтанатты шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалының орынбасары Жаңабай Бисимбаев және Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқықтарының қорғау кеңесі Төрағасының орынбасары Динара Закиева қатысты.

Жаңа орталық ашылды

Бұл бастама Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Жобаға облыс қа­зы­насынан 54 млн теңге бөлінген.

– Орталық тек қосымша білім беру­мен ғана емес, оқу үрдісіндегі бар­лық қатысушыларға психоло­гия­лық көмек көрсетеді. Суицид мінез-құлығы бойынша облысымызда соң­ғы жылдары кәмелет жасына жет­­­­пегендердің жағдайы ерекше ба­қы­лауды қажет етеді. 2016 жылы 37 оқи­ға тіркеліп, 8-і суицидпен аяқ­тал­ды. Одан кейінгі жылы 43 оқиға тір­кел­се, соның 10-ы суицидпен аяқ­тал­ған. 2018 жылы 50 оқиға тіркеліп, оның 12-сі суицидпен аяқталды, – дей­ді Психологиялық көмек және қо­сымша білім беру орталығының директоры Елена Петренко.

Орталықтың мамандары әдісте­ме­лік кеңес беру, семинар-тренинг, коу­чингтер өткізеді. Бала мен ата-ананың ар­асындағы мәселелерді шешу үшін арнайы бөлім де құрылған.

– Мақсатымыз – балалар үшін пси­­хологиялық көмектің қолже­тім­ді­лігін, сапасын арттыру, психолог ма­ман­дарының кәсіби құзыреттілігін да­мыту. Қазір біз жасөскінге психо­ло­гиялық кеңес беруден бөлек, олармен әскери-патриоттық, көркем-эстети­ка­лық, әлеуметтік бағыттар бойынша да жұмыс істейміз, – деп атап өтті об­лыс­тық білім беру басқармасының бас­шысы Василий Цымбалюк.

Мұндағы мамандар ата-ана мен ба­лалар арасындағы түсінбеушілік, ба­лаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін алдын алу, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, төтенше жағ­дайдан кейінгі балалармен жұмыс, суицидтік әрекеттердің алдын алу мен психологиялық диагностика жүргі­зе­ді. Арнайы орталық мемлекеттік ме­ке­мелер мен бизнес нысандарынан ал­шақ орналасқан.

– Орталықтың концепциясы мен бағ­­дарламасы – қостанайлық маман­дар­дың еңбегі. Бұған дейін бізге дайын бағдарламаны сатып алу тура­лы ұсы­ныс айтылған еді. Алайда біз өзі­міз­дің тәжірибеміз бен мента­ли­те­ті­міз­ге орай­ластырып, жаңасын құ­рас­­тыр­дық, – дейді Қостанай облысы әкі­мінің орынбасары Марат Жүн­ді­баев.

Шарада сөз алған Nur Otan пар­тиясы жанындағы Балалар құқық­тары­ның қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева бұл тәжірибені өзге облыстарға да енгізуге болатынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, психологиялық қол­дау орталығында тәулік бойы 37-08-58 се­нім телефоны жұмыс істейді. 10 пси­хо­лог маманы мен 6 педагог суицидке жақын азаматтарға кеңес береді. Мұн­да арнайы мобильді топ құрылған. Сондай-ақ орталық білім меке­ме­лерін­дегі психологиялық қызметті көр­сететін нысандарды басқарады.