46 жоба жүзеге асырылады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №138

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхам­бетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарла­масының орындалу барысы талқыланды. Басқосуда Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады.

46 жоба жүзеге асырылады

– Елбасы Nur Otan партия­сының XVIII съезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асы­ру туралы айтқан еді. Жоба­ның басты мақсаты – ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық округтердің әлеуметтік орта­сын жаңғырту. Осы мақсат­тарға 2019 жылы республика­лық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінген болатын. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында ірі елдімекендерге баса назар аударылды. Жобаға бес аудан орталығы қатысады. Атап айтқанда, өңірдегі 548 ауылдың ішінде 41 мыңнан астам адам тұратын Әулиекөл, Қарасу, Боровское, Сарыкөл және Федоров ауылдары осы тізімге еніп отыр, – деді басқарма басшысы.

Биыл жоба аясында 2,3 млрд теңгеге бағаланған 46 жоба жүзеге асырылады. Бұл – мектептерді, мектеп жанындағы интернаттарды, балабақшаларды, қосым­ша білім беру ұйымда­рын, мәдениет үйлерін, кітап­ханаларды, стадиондар­ды, аудандық ауруханалар мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеу, сон­дай-ақ кентішілік жолдарды орташа жөндеу сияқты ауқым­ды жобалар.

Барлық жұмысты тамыз айынан қараша айына дейін аяқтау қарастырылған. 15 жоба толығымен аяқталған. 31 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні 800 млн теңге немесе бөлінген қаражаттың 35%-ы игерілді.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан басшы­ларына жұмыс қарқынын жеделдетіп, бөлінген қаржы­ны тиімді әрі толық игеруді қатаң тапсырды. Селекторлық отырыста Сарыкөл, Қарасу, Меңдіқара аудандары әкімде­рінің атқарылған жұмыс барысы туралы есептері тың­далды.

– «Ауыл – ел бесігі» мемле­кет­тік бағдарламасын іске асыру үшін ауылдарды іріктеу әкімшілік мәртебесіне, даму перспективасының болуына, халық санына, шекара маңын­да­ғы орналасуына және ауыл­­­дық елдімекендердің әлеу­­меттік-экономикалық да­му әлеуе­тін сипаттайтын бас­­қа да көрсеткіштеріне сүйе­не отырып жүзеге асы­рыла­­ды. Қазіргі уақытта жобаның 2020 жылғы жос­па­­­­ры­на ену үшін алдын ала жеті ауыл анықталды. Олар­дың ішінде аудан орта­­­лық­тары – Денисовка, Қамысты, Қарабалық, Қара­меңді, Ұзынкөл, сондай-ақ Силантьевка және Тобыл кент­тері бар, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Өңір басшысы Денисов, Қамысты, Қарабалық, Науырзым, Алтынсарин, Бейім­бет Майлин және Ұзын­көл аудандарының әкімдеріне бір апта ішінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масына тиісті нысаналы іс-шараларға және 2020 жылға жоспарланған жобаларға ар­налған құжаттаманы әзірлеп, тапсыруды міндеттеді.