Белсенді адамдармен жұмыс істейміз

Газет мақаласы "Айқын" газеті №138

Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясын жаңғыртуға, өңірлердегі филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруға, халықпен «кері байланыс» орнату құралдарының тиімділігін арттыру, соның ішінде партияның қоғамдық қабылдау орындарының қызметін жақсарту мәселелеріне де ерекше көңіл бөліп келеді.

Белсенді адамдармен жұмыс істейміз

Партия халықты бірікті­рет­ін жалғыз ғана саяси күш болғандықтан, оған деген елдің сенімін күшейту бүгінгі күні аса маңызды болып отыр. Сондықтан еліміздегі жетекші партия бірінші кезекте санға емес, сапаға мән береді.

Бұл ретте Елбасының: «Nur Otan – еліміздегі басты саяси күш. Партия халыққа жақын болып, оның мұң-мұқ­тажын білуге және оған қолдау білдіруге тиіс. Қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесу керек. Сондай-ақ партиямыздың кадр­лық құрамын мұқият зерт­теу қажет. Nur Otan өз жұмысын одан ары жетіл­діруді жалғастыра беруге тиіс» деген сөзі тағы да еске оралады.

Бүгінде Nur Otan партиясы астаналық филиалының қатарынан жыл басынан бері 7 мыңнан астам партия мүшесі шығарылды. Тексеру барысында партия қатарынан шығаруға Жарғыны сақтамау, мүшелік жарналарды жүйелі түрде төлемеу, сонымен қатар уақтылы тіркелмеу себеп болғаны анықталды.

– Nur Otan партиясының қалалық филиалының құ­ры­лымын оңтайландыру ісі басталды. Біз белсенді адамдармен жұмыс істейміз. Сондықтан партияға мүше, бірақ ешқандай бастама жа­самайтын адамдар тұтас­тай алғанда партиямен бай­ланысты үзді, – дейді Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан филиалының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов.

Келесі кезең – қазіргі таңда партияның негізгі міндеттерінің бірі болып отырған қайта жандандыру және партия қатарына ел болашағына бейжай қара­майтын белсенділерді топтас­тыру кезеңі. Алдағы уақытта осы бағытта нақты шаралар қолға алынып, қарқынды жұмыс жүргізілмек.