Ел ертеңі үшін кері шегініс жасауға болмайды

Елбасы қазақтың ұлт ретінде мойындала түсуіне барын салды. Көп ұлтты мемлекеттің тағдырын сын сағаттарда отқа да малмай, суға да салмай аман алып шықты. Кемшілік болмады демейміз, болды. Сағыңды сындыратын сәттер мен осы қалай деген алмағайып замандар да өтті.

Ел ертеңі үшін кері шегініс жасауға болмайды
Сол сәттерде Елбасы ұсақталмай ұстамдылық танытты. Елім менің деп еміренуінің де жөні бар. Уақыты келгенде салмақты да салиқалы шешім қабылдады. Не десек те Тұңғыш Президентіміз тарихта өз міндетін толыққанды атқарып шыққан тұлға болып қалды. Кемеңгерлік жолдан айнымай алқалаған әлеуметтің тағдыры үшін басын бәйгеге тіге білген Елбасы Nur Otan партиясының съезінде партияның атынан үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынуы құптарлық іс болды. Өйткені еліміз егемендік алған кезеңнен бері өзімен бірге келе жатқан, елдің ішкі-сыртқы саясатын бір кісідей білетін, әлемдік деңгейде мойындалған дарынды да сыралғы саясаткердің пайым-парасаты мен қарым-қабілетін толық білетін Нұрсұлтан Әбішұлы оған толық сенім артумен қатар партияның өзге мүшелерін де осы сенім аясынан табылуға шақырып отыр. Он сегіз жылға жуық осы партияға мүше болып келе жатқан өз басым партия Төрағасының ұсынысын, XIX съезд шешімін толық қолдаймын.

Ендігі сын, ендігі таңдау халықтың еншісінде. Сыртта жүріп айдап салушылардың айтағына ермей, алдағы жарқын күнің үшін тарихи шешім қабылдар сәтіңде ақ жолыңнан жаңылмағайсың. Қазақтың тағдыры тек қана қазақтың қолында. Елдің ертеңі үшін кері шегініс жасауға болмайды. Бұл – өзіміз тәуелді уақыттың талабы.

 

Сұңқар КӨШЕКОВ,
Атырау облысы Индер аудандық
Nur Otan партиясы 
Jas Otan Жастар қанатының
атқарушы хатшысы