Бауыржан Байбек ұстаздарды мерекесімен құттықтады

"Ұстаздық – жай кәсіп емес, жан-дүниеңмен беріле атқарар ұлы іс"

Бауыржан Байбек ұстаздарды мерекесімен құттықтады

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады.

Мерекелік тілекті ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.

«Қадірлі ұстаздар! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы білім беру ісіне үлкен көңіл бөліп, бұл сала мемлекеттік саясаттағы басымдықтардың бірі болып белгіленді. Соған байланысты ұстаздар қауымына қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеуде зор жауапкершілік жүктелді. «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ол жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», - деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы, бүгінде олар бұл маңызды міндетті терең сезініп, абыроймен атқарып келеді.⠀

«Nur Otan» партиясының саяси доктринасында да жалпыға ортақ табысқа қол жеткізудің негізгі факторларының бірі зияткерлік ұлт қалыптастыру екені айтылған. Бұл істе де ұстаздың алар орны ерекше.

Ұстаздық – жай кәсіп емес, жан-дүниеңмен беріле атқарар ұлы іс, жауапты миссия, елге қызмет етудің озық үлгісі. Сондықтан осынау ұлы есімге дақ түсірмей, ел болашағы жолында аянбай еңбек етіп жүрген қадірлі мамандық иелерін құттықтай отырып, жұмыстарына табыс пен сәттілік тілеймін» деп жазады партия басшысының орынбасары.