Жұмыс тобы – Шымкентте

Газет мақаласы "Айқын" газеті №156

Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және жинау мәселесі жөніндегі көшпелі сараптамалық тобы Шымкент қаласында болды.

Жұмыс тобы – Шымкентте

Жұмыс тобы Шымкент қаласына жасаған екі күндік сапары кезінде жол картасының «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысып, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектесуді және қаладағы балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің жұмысын көруді жоспарлаған.

Алдымен кеңестің жұмыс тобы Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарым­бетовтің төрағалығымен өткен жиынға қатысты. Онда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер басқармаларының облыстағы балалардың жағдайы, балалар мен отбасыларды қолдау бойынша іске асырылып жатқан жобалар туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ өңірдегі мүгедектердің құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдар тарапынан мұқтаждықтары тыңдалды. Онда оңалту орталықтарындағы мамандардың жетіспейтіні, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан берілетін катетер санының аздығы да айтылды.

Балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің сараптамалық тобы одан соң Шымкенттегі «Асыл жүрек» әлеуметтік-меди­циналық орталығында болып, орталықтың тыныс-тіршілігі­мен танысты. Бүгінгі таңда мұнда 76 қызмет алушы 8 бағыт бойынша көмек алады. Олардың қатарында әлеуметтік, тұрмыстық, құқықтық және медициналық көмектер бар. Орталыққа негізінен тірек-қимыл аппараты бұзылғандар келеді екен. Балалар әр пәнді пән кабинеттеріне барып оқиды. Қазіргі таңда балаларға 76 маман қызмет көрсетсе, келешекте олардың қатары тағы 27-ге көбеймек.

«Самал» шағынауданындағы әлеуметтік қызмет көрсететін «Самғау сенім» орталығы 2018 жылы ашылған. Орталық басшы­сының міндетін уақытша атқарушы Әбдішәкір Икрамхан мұнда негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болғандар келетінін атап өтті. Жыл басынан бері 397 адам жүгінсе, оның 105-і – әйелдер. Орталық уәкілетті органның шешімі негізінде жолдамамен келген адамдарға көмек көрсетеді. Қазіргі таңда мұнда 27 баласымен жатқан 9 отбасыға барлық жағдай жасалған. Мектеп жасындағы балалары жақын маңдағы мектепке орналасса, сәбилері балабақшаға орналастырылған.


Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы