Тоқаев ҚазҰУ-ға келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлайды.

Тоқаев ҚазҰУ-ға келді

Мемлекет басшысы еліміздің жетекші жоғары оқу орнына сапары барысында сандық технологиялар енгізу, бизнес-құзыреттер дамыту кластері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетістіктерімен, студенттерге қызмет көрсететін Керемет» орталығы мен жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен танысты.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов Президентке университеттің ғылыми-білім беру және инновациялық қызметін, оның жетістіктерін егжей-тегжейлі баяндап берді. Мемлекет басшысына ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналатыны туралы айтты. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін ЖОО кешенді құрылымдық жаңартулар жүргізіліп, кластерлік әдіс негізінде факультеттер құрылды және кафедралар ірілендірілді, әрбір қызметкердің рейтингтік жетістіктері мен жұмыс нәтижесін бағалауға бағытталған үдерістік басқару жүйесі енгізілді. ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингтерде ілгерілеуі осы жаңартулардың табысты нәтижесі болды. Білім ордасы 2011 жылдан бастап беделді және танымал «QS WUR» рейтингі бойынша 400-ден астам сатыға алға жылжып, ағымдағы жылы әлемнің үздік жоғары оқу орындарының ішінде 207 орынды иемденді.

Сапар барысында Қ.Тоқаев МВА және DBA орталықтары, ислам қаржылық, кәсіпкерлік және қаржылық, биржалық технологиялар кіретін бизнес-құзыреттер дамыту кластерімен танысты. Олар қаржы және биржалық трейдинг саласындағы әлемдік жетік тәжірибені пайдалана отырып Ұлттық банкпен, «Астана» МФЦА және шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс істейді.

Ректорат ғимаратында Президентке ағымдағы қызметтерге бақылау және мониторинг жасау үшін интерактивті ақпараттарды жинайтын және талдайтын заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған жағдаяттық басқару орталығын көрсетті. Мұнда оқу орнының басшылығы мен қызметкерлері ақпараттарды талдауға және шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өзекті және нақты мәліметтерді жедел режимде алады.

ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне айналуының маңызды құрамдас бөлігі болып барлық бизнес-процестердің сандық форматқа көшірілуі болып табылады. Автоматтандыру қызметіне бұлттық технологияларды, кампус инфрақұрылымын басқаруға Smart-технологияларды, сараптау жүйесін қалыптастыру үшін Big Data технологиясын енгізу және ІТ-қызметтерін дамытып университетті сапалы, жаңа сандық деңгейге көтерді. Бүгінде ҚазҰУ-дың цифрландыру тәжірибесін шетелдік және қазақстандық ЖОО өздеріне қабылдап жатқандығы мемлекет басшысына айтылды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы студенттік кампус аумағында орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын аралады. Бұл орталық «бір терезе» қағидаты бойынша студенттер мен оқытушыларға – білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-ойын-сауық мақсаттағы, тіпті алғашқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету мен денсаулық диагностика сияқты 500-ден астам қызмет түрлерін ұсынады.  Мұнда ол студент жастармен кездесіп әңгімелесті.