Семей полигонына тың көзқарас

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 185

Қазақстан тарихында алғаш рет «Семей ядролық қауіп­сіздік аймағы» атты жаңа заң қабылданбақ. Құ­жатқа сәйкес, полигон жақта «Мамандандырылған ай­мақ» жеке бөлініп шығады деп күтілуде. Ластанған учас­ке­лерді сауықтырудың кешенді бағдарламасы жү­зеге аспақ. Сонымен, Үкіметтің назары полигонға неге түсті?

Семей полигонына тың көзқарас

Аз-кем тарихи шолу артық ет­пес. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР-інің Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойғаныны мәлім. Кейін Қа­зақстанның ұсынысымен Бірік­кен Ұлттар Ұйымы дәл осы күн­ді – 29 тамызды «Халық­ара­лық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп бекітті және жыл сайын жаһан­дық деңгейде атап өтеді.

Биыл қазақ жерінде, Се­мей­де алғашқы атом бомба­сы­ның жарыл­ғанына тура 70 жыл тол­ды.

 

Полигонда метро болған

«Москва-400», «Семи­па­ла­тинск-21», «Конечная», «Курчатов» – Екінші дүние­жү­зілік соғыстан кейін ядролық сынақ жүргізу үшін Қазақстан­ның солтүстік-шы­ғы­сында, Ертіс өзені жаға­лауында бой көтерген құпия қала Кеңес Ода­ғының «аса құ­пия» грифі бар құ­жаттарында осылай әртүрлі аталған. Бұл туралы «БҰҰ жаңа­лық­тар қыз­меті» хабарлады.

Кувейт, Черногория, Катар, Ливан, Люксембург, Гонконг се­кілді әлемдегі 68 мемлекеттің ау­ма­ғынан да ауқымды, жалпы көлемі 18,3 мың шаршы шақырымға созылған жерде қырық жыл бойы қуаты 61 мың килотоннадан асатын 426 ядро­лық жарылыс жасалды. Бұл жаһан жұртшы­лығы жақты білетін Жапония­ның Хиросима қаласына тастал­ған бомбаның 4,7 мыңына тең.

– Атом бомбасын қала ішін­де жару салдарын зерттеу үшін Семей полигонында көшелер тұр­ғызыл­ған, көпірлер салын­ған. Тіпті, 300 шаршы шақырым аумақта метро қазылған. Бір қызығы ол кез­де Қазақстанның бір де бір қала­сында метро бол­майтын. Әскерилер «зарарлы аймаққа» тәжірибе жүр­гізі­летін жануарларды жеткізіп отыр­­ған. Бұл телім «Тәжірибе алаңы» де­ген атау алды. Біз әңгіме­лес­­­кен жергілікті тұрғындар есте­лік­­­те­рін бөлісті. Кейбірі «алапат са­ңы­­рау­­құлақ» көргенін жаны түр­­шіге айтады. Әрбір сынақ ал­дында әскерилер жақын жер­лердегі ауыл­дарды аралап, жұрт­шылыққа жары­лыс кезінде да­лаға шығып, көріністі қызық­тау­ды жүктейтін болған, – дейді халық­аралық сарапшы Наргис Шекинская.

Бүгінде «Тәжірибе алаңы» – кей жері тақырланған, кей жерін селдір шөп басқан жазық дала. Тек арагідік ұшырасатын үрейлі үшбұрыш нысандар ғана өткеннен хабар береді.

Қазақстандық және шетелдік ғалымдар кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта аумақты зарарсыз­дандыру жұмыстарын жүргізге­німен, радиация деңгейі азайма­ған және жоғары болып қалуда. Ма­мандар айналадағы ауыл­дар­да, облыстарда гендік мута­ция­лары бар балалар туылатынын хабарлайды. Бірақ бұл проблема тікелей поли­гонның салдары деп кесіп-пішіп айтуға ғалымдар­дың аузы бар­майды. Өйткені қолдарында қа­жетті мәліметтер жоқ.   

Семей медицина универси­те­тінің басқарма төрағасының орын­басары Толқын Бөлегенов онко­логиялық аурулар саны өскенін растайды.

«Полигонға іргелес жатқан ай­мақтарда қалқанша безінің қатерлі өспелері және қанның қатерлі ісік­тері – гемабластома, лейкоз, лим­фома және созылмалы лейкемия Қазақстанның өзге аудандарына қарағанда 10-15 пайызға жиі ұшы­расады» деген ол дәл осы дерттер радиацияның ұзақ ықпалы кесі­рінен туындайтынын білдірді. Сондықтан әрбір оқиға мұқият қадағаланады екен.

Ресми мәліметтер бойынша, қырық жылдай уақыт аралығында шамамен бір миллиондай адам радиация әсеріне душар болған.

Семей полигоны жабылғанда бірнеше мәселе туындады. Ұзақ уақыт бойы ластанған ұлан-ғайыр жерді қалай зарарсыздандыру ке­рек? Семей сынақ полигонын қан­дай мақсатта пайдалануға болады? Бұл мәселелерді шешу үшін бас­тап­қыда, 1992 жылғы 15 мамырда Н.Назарбаевтың «Ұлттық ядролық орталық және атом қуаты жөніндегі агенттігі туралы» №779 Жарлы­ғы­мен Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталығы құрылды.

Оның мамандары әртүрлі зерт­теулер мен жерді рекультивациялау шараларын жүргізеді. Осы мақсатта беткі уытты топырақ тереңге кетіп, астындағы таза топырақ сыртқа шығуы үшін жер асты-үстіне түсіріле қопарылады.

 

Ең қауіпті жерлер «Қауіпсіздік аймағында»

2008 жылдан бері полигон ау­мағында кешенді радиоэкология­лық зерттеулер жүргізілуде. Әрине, бұған қатысты ақпараттың көбі құпия. Қандай мәліметтер мәлім?

– Зерттеулер нәтижесінде ра­диоак­тивті ластанудың елеулі учас­келері анықталды. Сондай-ақ ра­диоактивті заттардың таралуының негізгі жолдары мен тетіктері бел­гілі болды. Бұл ретте Семей по­ли­гоны шекарасынан тыс жерлерде де қоршаған ортада радионуклидтер мөлшерінің деңгейі артқаны бай­қалуда, – дейді Энергетика ми­нис­трлігі аталған Тұжырымдамада.

Сол себепті ведомство Семей сынақ полигоны алаңының қолда­ныстағы шекараларын қайта қа­рауды, сонымен қатар дәстүрлі са­ла­ларды дамыту, халықтың әл-ау­қатын арттыру үшін «қауіпсіз жер­лерді» ауыл шаруашылығы айн­а­лымына қайтаруды ұсынады.

Осы міндеттерді шешу мақса­тын­да енді ұлттық заңнама деңге­йінде берік құқықтық негіз құрыл­мақ. Мысалы, жаңа заң жобасында полигон аумағында нақты белгі­ленген шекаралары бар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» ма­мандандырылған аймақ құру ұсынылып отыр.

Энергетика министрлігінің дерегінше, мамандандырылған ай­мақ құрамына полигонның барлық аумағын қосудың еш қажеттілігі жоқ. Сонымен бірге қазір Семей полигоны аумағына кірмейтін, тек оған іргелес жатқан жерлердің бір бөлігі шектен тыс ластануға ұшы­раған. Тиісінше, жерді кешенді тек­серу қорытындысы бойынша бұл аумақты қайтадан бөліп, соның аясында мамандандырылған ай­мақтың шекарасы анықталмақ.

Басқаша айтқанда, «Семей ядро­лық қауіпсіздік аймағына» полигондағы және одан сырт қал­ған ең уытты жерлер ғана кіреді. Бұл аймаққа ерекше мәртебе беру «оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оңалту және одан ары дамыту бойынша бірқатар бастаманы іске асыруға мүмкіндік береді». Бұл радиоактивтік ластанудың аймақ шекарасынан тыс жаққа таралу қаупін азайтады.

 

Компаниялар полигонда не істемек?

Мамандандырылған аймақта қызметтің белгілі бір түрлерін ат­қаратын ұйымдарға, компанияларға экологиялық, салықтық, экономи­калық және өзге де артықшылық-преференциялар берілетін болады.

Сонда компаниялар радиа­ция­сы шарықтаған қауіпті аймақта не­мен айналыса алады? Рұқсат еті­летін кәсіптер тізіміне ғылыми зерт­теулер жүргізу; қауіпті өнеркә­сіптік немесе радиоактивті қал­дықтармен, ядролық материал­дар­мен жұмыс істеу; реакторларды тө­мен байытылған отынға конвер­сия­лау; жоғары байытылған отын­ды сұйылту және кәдеге жарату кірмек. Яғни, мейрамхана не базар ашпайтыны белгілі. Тек аймақтың ерекшелігін пайдаға жарату керек.

Тіпті, Семей сынақ алаңының бе­л­гілі бір орындарын туристік мақ­сатта қолдануға болатын көрінеді.

Мұның сыртында, маманданды­рылған аймақта ауыл шаруашылығы қызметін жүргізуге, мысалы, мал жа­йып, егін егуге, халықтың қо­ныс­тануына, тұрғын үй құрылысын жүргізуге, балық аулауға, аң аулауға, пайдалы қазбаларды өндіруге тыйым салынбақ.

Заң жобасының тұжырым­дама­сында байыпталғандай, осы бас­тамалар бірден бірнеше мәселені шешеді: полигон аумағындағы қа­зіргі заңсыз қызметтерге тосқауыл қойылады, санитарлық-эпидемио­логиялық талаптардың сақталмау түйткілінің түйіні тарқатылмақ. Нормативтен тыс ласталған жер­лердің азаматтардың қолданысына берілуін тоқтатуға тиіс.

Мамандандырылған аймақтың операторын Үкімет тағайындайды. Оператор Семей полигонындағы радиоактивті қалдықтардың қой­малары мен көму пунктерін салады және пайдаланады; сақтауға қа­былданған радиоактивті заттармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді; пайдаланылған ядролық отынды есепке алады және бақы­лайды; ядролық сынақтар салдар­ла­рын жоюмен, объектілерді қауіп­сіз деңгейге дейін дезактива­ция­лау­мен айналысады деп күтілуде.

 

1 млн гектарды қолдану мүмкін бе?

Жауапты меморганның мәлі­ме­тінше, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағын» құру, біріншіден, поли­гон­ның радиациялық қауіпті жер­лерінің шекарасын нақты анықтап, оған бөгде жұрттың кіруін қатаң шектейді.

Екіншіден, қоршау ішінде қал­ған, бірақ ластанбаған деп танылған жерлерді «қордағы жер құрамынан» шығару үшін құқықтық негіз жа­сай­ды. Нәтижесінде, шамамен 1 млн гектар жер ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік мақсатта қол­да­нуға берілмек.

Үшіншіден, Семей ядролық по­лигоны аумағындағы бірегей яд­ро­лық құрылғылар мен қондыр­ғы­лар, стратегиялық нысандар ғыл­ы­ми-техникалық мақсатта пайдала­ныла бастайды.

Сондай-ақ жабық полигонға ядролық, радиациялық және физи­калық қауіпсіздікті арттыруға ба­ғытталған шетелдік инвестициялар тартылады деп жоспарлануда.

Тұжырымдамада бұл аймақта радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеуші, сақтаушы, кәдеге жарату­шы кәсіпорындар құрылып, оларда жаңа жұмыс орындары ашылатыны айтылған.

Мұның барлығы Қ.Бозымбаев ведомствосының ойлап тапқан жа­ңа­лығы емес: бұрынғы ядролық по­лигон әлеуетін табысты пайда­лану үлгілері әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, АҚШ-тың Невада по­лигонында Американың ұлттық қауіпсіздігі саласында жұмыс іс­тейтін ғалымдар, сонымен қатар ұлт­тық зертханалар, қорғаныс және барлау ведомстволары арасында кең ынтымақтастық жүзеге асырылуда.

Онда ұлттық қауіпсіздікті қол­дау мақсатында көптеген экспери­менттік, зерттеу жұмыстары, тре­нинг-курстар мен оқу-жаттығулар өтеді. Полигон аумағында орналас­қан объектілерді басқару Невада ұлттық қауіпсіздік полигонына (NNSS, Nevada National Security Site) жүктелген. Бүгінде NNSS әкім­шілігі ай сайын аумақ бойынша құны біршама қымбат тұратын турлар ұйымдастырады: туристерді арнайы автобус бағыты бойынша тасымалдайды. Оларға нағыз сынақ шахталары, өзге планета бетіне ұқсайтын, ядролық зарядтар жа­рылысынан пайда болған шұңқыр-кратерлер паш етіледі. Оның ше­тінде қарау алаңдары тұрғызылған. Туристерге дозиметр беріледі.

Туристік қызмет Шыңжаңдағы Қытайдың бұрынғы Лобнор ядро­лық сынақ полигонының аума­ғын­да да дамыған. Қазір ол жаққа бар­ғысы келетін туристер саны үне­мі артып келеді. Туристерге құр­ғап қалған Лобнор көліне, бұрын қы­тайлық бас қолбасшылар ядро­лық бомбаны жару туралы бұйрық берген әскери бункерлерге, сондай-ақ ҚХР ядролық сынақ бағдарла­масына арналған жергілікті музейге бару мүмкіндігі беріледі.


Елдос СЕНБАЙ