ЮНЕСКО-да Алтын Орданың 750 жылдығы аталды

Парижде өтіп жатқан Халықаралық Түркі академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты форумда Алтын Орданың 750 жылдығы аталды.

ЮНЕСКО-да Алтын Орданың 750 жылдығы аталды

Басқосуда әлемге танымал түркологтар Алтын орда мен Талас құрылтайының 750 жылдығына орай ойларын ортаға салып, ғылыми қауымның назарына тың деректер мен жаңа тұжырымдарды ұсынды.  Мәселен, белгілі түркітанушы, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы «Алтын Орда және оның әлемдік өркениетке жасаған ықпалы»,  РФ Татарстан Ғылым Академиясы  А.Халиков атындағы  археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Айрат Ситдиков «Алтын орда археологиясы: зерттеудің жаңа сатысында»,  Өзбекстан Республикасы Ә.Науаи атындағы университеттің профессоры Ғайболла Бабаяров  «Қаған» және «Хатун» титулдары жазылған ескі түрік монеталары»,   Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев «Алтын орда түркі халықтарының тарихында» тақырыптарында баяндама жасап, ауқымды ғылыми мәліметтер мен жаңа көзқарастарын зиялы қауымның талқысына ұсынды. 

Аталған шараға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия,  Голландия және Мажарстан сынды елден 70-ке жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері қатысты. Іс-шара ЮНЕСКО Бас директорының қамқорлығымен және ЮНЕСКО жанындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Тұрақты өкілдіктерінің белсенді қолдауымен өтті.