Еуразия аумағына ықпалы зор форум

Газет мақаласы Айқын газеті №79

Алматыда XVI Еура­зия­лық медиа форумы өтіп жатыр. «Бүгінгі әлем: шына­йы­лық трансформа­циясы ма?» тақырыбына арналған халықара­лық жиынға Сенат спикері, форумның негізін салушы Дариға Назарбаева қатысты. Шара шымылдығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ресми хатты Ақпарат және коғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқып берді. Онда: «Бұл форум –халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Еуразия қоғамы үшін өмірлік маңызы зор ауқымды шараға айналды.

Еуразия аумағына ықпалы зор форум

Биылғы форумның негізгі та­қырыбы – сандық дәуірдің дәурені мен бүгінгі әлемдегі ақиқат транс­формациясы. Тұрғындардың атал­ған кезеңнің сын-қатерлеріне қар­сы тұратын иммунитетін қа­лып­тастыру қажет, бұл – күнтәрті­біндегі өзекті мәселе. Бүгінгі шара­ның әлемдік медиа қауым­дас­тық­тан жиналған қатысушылары 7 500-ден асты, оның ішінде 60-тан астам мемлекеттен 700-ге жуық сарапшылар келді» делінген.

Бірінші пікірталқы «Жаһан­дану(сыз): әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» тақырыбында өрбіді. Модератор – АҚШ-тың TRT World телеарнасының жүргі­зушісі Гида Фахри.

Бірінші болып сөз алған Арме­ния президенті Армен Саркисян форумның маңызына тоқтала келе, «Еуразия медиа форумы жеке институт ретінде қалыптасты, бүгінде журналистік ортаға ғана емес, бүкіл Еуразия аумағына ықпал ететіндей күші бар» деп атап өтті. Жаһанданудың бірнеше жыл бұрынғы кезеңдерден бастау ала­ты­нын айтқан Армения президенті Ұлы жібек жолының тарихын ға­ламданудың бұған дейінгі дәуірдің үздік мысалы ретінде келтірді. Әрі бұл құбылысқа барлық дамыған, дамушы мемлекет қатысуы қажетін айтты.

Еліміздің Сыртқы істер ми­нис­трінің орынбасары Ержан Ашық­баев: «Біздің жаһандану(сыз) дә­уіріне қосатын өзіндік үлесіміз бар. Қазақстан – Қытай, Ресей, АҚШ пен Еуропа сынды үлкен алпа­уыттардың арасындағы маңызды платформа» деді.

Бүкілқытайлық халық өкіл­де­рі жиналысы Халықаралық қа­тынас­тар жөніндегі комитеті тө­ра­­ғасы­ның орынбасары Др.Байге Жао «Біз қыры мен сыры әлі құ­пия болып отырған жаңа кезеңге қадам бастық. Ғаламданудың жаңа мүм­кіндіктері мен тың те­тіктерін мең­геру адамзат үшін мүмкін дүние. Бастысы, қоршаған ортаға, ондағы қоғамға пайдалы болатын құнды­лықтарды анықтап алу» деді.

Медиа форум қатысушыларына бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі тө­ңірегіндегі сауалдар қызықты болды. Спикерлер бірауыздан бұл екі таған болашақта бір арнаға бі­рігетіні туралы айтты. Ұлыбри­та­ния­ның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі (2013-2017), пре­мьер-министрдің ЕО жөніндегі бұ­рын­ғы кеңесшісі Айвэн Роджере «Әлеуметтік желілерді бір тәртіпке салып, реттеп отыру я болмаса оның бүгінгі қарқынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ оны диалог алаңы ретінде пайда­лануға болады» деді.

XVI Еуразиялық медиа форумы 22-24 мамыр аралығында Алматы­дағы TheRitz-CarltonAlmaty ала­ңында өтуде. «Бүгінгі әлем: шына­йылық трансформациясы ма?» тақырыбына арналған халықара­лық шара шеңберінде әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселе ортақ талқыға түс­пек. Атап айтсақ, дендеген дағда­рыс үдерісі, тығырыққа тірелген тұтынушы «күйзелісі», медиа сала­ның цифрлануы, халықаралық құқық және сын-қатерлер, жаңа технологиялар мен жасанды интел­лектің кеңінен таралу тегеу­ріні турасында салмақты, ойлы пікірталқы болды.

Орта Азиядағы негізгі әрі тәуелсіз пікір алмасу платформасы болып саналатын ЕМФ басты міндеті – саясаткерлер, журналис­тер және Қазақстандағы, Еуразия­дағы және халықаралық қоғамдас­тықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшы­ла­рының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау.

Медиафорумның алғашқы күнінде журналистерге арналған авторлық шеберлік сабақтары өтті. Samruk-KazynaTrust әлеуметтік жобаларды дамыту жөніндегі қо­рының қолдауымен өткен жиында шетелден арнайы келген спикерлер журналистиканың жаңа құралда­рымен, заманауи құпияларымен бөлісіп, өнер, мәдениет, кино өнді­рісі турасында сөз қозғады.

Жастарға арналған News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы Нельсон Грейвс (Фран­ция) «Экологиялық журналистика» тақырыбында дәріс оқыды. 25 жыл­дай уақыт Reuters агенттігінің корреспонденті, редакторы, ай­мақ­тық бюро жетекшісі болып қыз­мет еткен Нельсон бүгінгі таң­­дағы экологиялық проблема­лар­дың қауіп-қатерін алдын ала болжау аса күрделі шаруа екенін айтты.

«Моңғол», «Көшпенділер», «Кавказ тұтқыны» сияқты фильм­дерімен әйгілі ресейлік танымал кинематографист Сергей Бодров «Кино өндіру өнері» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. «Қазақ­станға ықылас-ілтипатым ерекше. Мұнда кино түсіруді бастадым» деген режиссер кино, фильм жа­саудың қызығы мен қиындығы туралы тұщымды дәріс оқыды. «Кино өндірісін өнер деп қарау бекер, бұл – күрделі де қиындығы басым жұмыс» дейді кинема­тографист.

Тәуелсіз журналист Дженни Климан (Ұлыбритания) бүгінгі таңда журналистика саласында аса өзекті тақырып – «Фрилансер бо­лудың артықшылығы мен кемші­лігі» атты шеберлік сағатын ұсын­ды. «Журналистика – күнкөріске нәпақа табудың қызықты тәсілі, алайда бұдан материалдық тұрғыда байып кете алмайсыз, бірақ тәжі­рибе мен эмоцияға әбден қаныға­тын мүмкіндік» деп баға берді ол.

«Фотожурналистика құпия­ла­ры» атты тақырыбымен дәріс оқы­ған ТАСС фотоақпарат редакция­сы­ның жетекшісі – бас редак­тор­дың орынбасары Григорий Дукор (Ресей) бүгінгі медиа техноло­гия­лардың қарқын алған тұсында суретке түсіру өнерінің маңызы арта түскенін аңғартты.

Бейнеден тарих тудыруды қол­дайтын тағы бір дәріскер – колу­мнист, продюсер, журналист Иво Бурум (Австралия). Журналистер мен медиа өкілдеріне арналған MoJo шеберлік сыныбының тре­нері «Мобильді журналистика» турасында дәріс оқыды. Ұялы те­ле­фонның тетіктерін толық мең­гергенде ғана бүгінгі уақыттың нағыз кәсіби маманы болатыны туралы сөз қозғаған «Мобильді журналистиканың техникалық мүмкіндіктерін санаулы уақытта үйренуге болады» дейді.

Бұл – медиафорумның алғаш­қы екі күнінде болған, назары­­­мызға ілінген жайттар. Форум жұ­мы­сы бүгін қорытындыланады.