Зиянды жұмыс орны жойылады

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Қазақстан адам денсаулығына зиянды жұмыс орындарын түпкілікті қысқартуды қолға алуда. Ондай жұмыс орындарында жұмыскерлер орнын роботтар мен басқа да алыстан басқарылатын заманауи техника басады. Бұл жайында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі IX Қазақстандық халықаралық конференция аясында айтылды.

Зиянды жұмыс орны жойылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев отандық кәсіпорындарда жарақаттану мен өлім-жітімнің азайғанын атап өтті. Бірақ сандар бәрібір жан түршіктіреді: министрдің дерегінше, 2018 жылы 1 568 адам өндірісте зардап шеккен, біразы жарымжан болып қалған. Бұл сан алдыңғы жылғыдан 6,6%-ға кеміпті. Былтыр өндірісте 220 адам мерт болған. 2017 жылы қаза тапқандар саны бұдан 9,8%-ға көп болыпты.

Экономика салалары арасында зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургиясы кешенінің кәсіпорындарында (оған 18,5%-ы тиесілі) және құрылыс саласында (12,4%) тіркелген.

Еңбек министрі мертігу мен өлім-жітімнің басты себептерін де атады: жүргізілген талдауға сәйкес, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу; жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарының жоқтығы; қызметкерлерді тиісті оқытудың жеткіліксіздігі елдегі өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себепкері болып қалуда.

Онсыз да аз ғана халқы бар мемлекет айдың, күннің аманында тепсе темір үзетін азаматтарынан бұлай айырылып, қарап отыра алмайды.

– Бұл ретте, қолайсыз еңбек жағдайлары салдарынан еңбеккерлер тек өнеркәсіптік жарақаттарға ұшырап қана қоймай, сондай-ақ кәсіптік ауруларға шалдығып жатыр. Өткен 2018 жылы ғана сақтандыру ұйымдары еңбекке қабілеттігін жоғалтумен байланысты зиянның өтеуі ретінде 2 606 қызметкерге 4,5 миллиард теңге төледі. Осы проблемаларды ескере отырып, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын түбегейлі қысқарту міндетін қойып отырмыз. Бұдан бөлек, өндірістік жарақаттануды нөлге дейін төмендету міндеті белгіленді, – деді Б.Сапарбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағытта кешенді жұмысқа кірісіпті. Атап айтқанда, алдағы 5 жылда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерді жаппай қайта қарау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министрлік 2019-2023 жылдарға арналған «Қазақстанда өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайтудың жол картасын» әзірлепті. Құжатта қабылданған шараларды жүзеге асыру мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға; кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізуге; еңбекті қорғау саласындағы функцияларды автоматтандыруға; әлеу­меттік әріптестік институтын тиімді пайдалануға бағытталған.

Еңбек министрлігінің интернет-ресурсында «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған «еңбекті қорғау электрондық порталын» құру мәселесі пысықталып жатыр. Порталда статистикалық есептілік жүйесі және еңбек заңнамасының мәселелері бойынша электрондық кеңесші-консультант құрылатын болады.