БҰҰ бітімгерлерінің мерекесі Қазақстанда тұңғыш рет аталып өтті

Елордадағы әскери-тарихи музейде БҰҰ бітімгерлерінің халықаралық күніне орай қоғам өкілдерінің, халықаралық ұйымдардың, елдегі дипломатиялық корпустың, ҚР Қарулы күштері ардагерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

БҰҰ бітімгерлерінің мерекесі Қазақстанда тұңғыш рет аталып өтті

Айта кетейік БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2002 жылдың 29 мамырында жариялаған Халықаралық бітімгерлер күні біздің елде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

– Шараның жүзеге асуына бітімгер-капитан Қайрат Құдабаев атындағы Қоғамдық қор ұйытқы болды. Бастаманы ҚР Қорғаныс министрлігі, Қазақстандағы Польша Республикасының қорғаныс атташесі Петр Вуйтович, Қазақстандағы Украина Республикасының әскери атташе аппараты қолдады. Еске алу кешіне БҰҰ-нық Қазақстандағы өкілдігі де келді, – дейді қоғамдық қордың төрағасы Мира Мұстафина-Құдабаева.

Қатысушылар «Ирак ашық аспаны астында: қазақстандық және польшалық бітімгер әскерлер» атты халықаралық көшпелі көрмені тамашалады. Бұл жоба 2018 жылы Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық музейде басталған болатын. Кейін Нұр-Сұлтандағы Ұлттық музейде жалғасын тапты.

Фотокөрмеге 50-ден аса туынды ұсынылды. Оның ішінде 2005 жылғы 9 қаңтарда Васиб провинциясында ерлікпен қаза тапқан 29 жасар капитан Қайрат Құдабаевтың авторлық суреттері де бар.

Қазбаттың Ирактағы миссиясы кезінде 10 рет ротация өтіп, 290 қазақстандық әскери бітімгерлік қызметін атқарды. Контингенттің негізгі мақсаты – жарылмай қалған әскери қару-жарақтарды тауып алып залалсыздандыру, далалық пункттерді ауызсумен қамту, суды тазалау және медициналық жәрдем беруді көздеді.

Шара барысында Ливандағы Қазақстан бітімгерлерінің қатысуымен тікелей эфир арқылы байланыс орнады. Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен әскери дипломаттар бітімгерлерді халықаралық мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, режиссер Альбина Ахметова мен оператор Николай Трофимовтың бірігіп түсірген «Отты жексенбі» деректі фильмінің премьерасы өтті. Жиын соңында 23 елдің әскери атташе өкілдері әскери-тарихи музейдің кітапханасына құнды басылымдарды сыйға тартты.