Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жыл сайынғы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы өтті.  

Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

Форум аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Кемел болашақ үшін өткенді тарихи-мәдени ұғыну» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚР Президенті Архивінің өзге жұрттың Қазақстанға жер аударуына арналған тарихи-деректі көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939–1945 жж.» деректі жинағының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, ҚР Парламентінің депутаттары, дипломатиялық уәкілдік пен мемлекеттік органдар өкілдері, ҚХА мен қоғамдық келісім мүшелері, шетелдік және отандық сарапшылар, ғылыми интеллигенция, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты.

– 1997 жылы Елбасының жарлығымен 31-мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз шейіт болған азаматтардың есімдерін еске алу, олардың рухына тағзым етуді ешқашан есінен шығарған емес. Бұл - тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі, – деді Жансейіт Түймебаев.

31 мамыр күні форумға қатысушылар Ақмола облысының Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барады, сонымен қатар мұнда Еске алу тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Кешкісін Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында Тбилиси мемлекеттік театрының «АЛЖИР» спектаклінің қойылымы болады.