Мақсат – экономикалық қуатты Еуразия құру

Газет мақаласы Айқын газеті №83

Жауласу ешқашан жақсылық әкелмеген, ырыс-береке мен әл-ауқат тек ынтымақтасқанда артады. Елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы өтті. Бұл саммит қос бірдей атаулы датаға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция идеясын жария еткеніне 25 жыл толуына және ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналды.

Мақсат – экономикалық қуатты Еуразия құру

Нұр-Сұлтан қаласындағы мерей­тойлық құрылтай аясында алдымен ЖЕЭК-тің шағын құрамдағы отырысы өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

Қ.Тоқаев өз сөзінде Елбасының ық­палдастықтағы рөліне және еуразиялық идеясының мән-маңызына тоқталды.

– Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің саяси және стратегиялық көрегендігінің арқасында еуразиялық интеграция идеясы іске асты, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Н.Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төра­ғасы» атағын беру туралы ұсынысы үшін Қазақстан атынан Ресей президенті В.Путинге және осы бастамаға бір­ауыз­дан қолдау білдірген кеңеске мүше мем­лекеттердің басшыларына алғысын біл­дірді. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының 2018 жылғы ЕАЭО-ға төрағалығына жоғары баға бере келе, енді Армения төрағалығы да халықаралық ұйымның нығая түсуіне ықпал етеріне сенім білдірді.

Отырыста ел басшылары ЕАЭО-ның өзекті мәселелері мен даму келешегіне қатысты пікір алмасты және 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарларын талқылады.

Осыдан кейін ЖЕЭК отыры­сы кеңейтілген құрамда жалға­сын тапты. Бұл жиынға Елбасы Н.Назарбаев, Қазақстан Прези­денті Қ.Тоқаев, Беларусь басшы­сы А.Лукашенко, Қырғыз Рес­пуб­ли­касының басшысы С.Жээн­беков, Ресей басшысы В.Путин, Арме­ния үкіметінің басшысы Н.Па­ши­нян мен ЕЭК жетекшісі Т.Сар­кисян сыртында, Молдова прези­денті И.Додон, Тәжікстан прези­денті Э.Рахмон, ТМД атқа­ру ко­ми­тетінің төрағасы – атқа­ру­шы хатшысы С.Лебедев қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Нұр­сұл­тан Назарбаев өзіне «Жоғары Еуразиялық экономикалық ке­ңес­тің құрметті Төрағасы» атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей президентіне және осы ұсынысты қолдағаны үшін ЖЕЭК-тің барлық мүшесіне ризашылық білдірді.

Тұңғыш Президент Еура­зия­лық экономикалық одақтың қа­лыптасу тарихына шолу жасап, интеграциялық бірлестіктің да­муы­ның басты нәтижелелерін тілге тиек етті. Елбасы бұл одақ Жер шарының 184 миллион тұр­ғыны бар орасан зор бөлігінің өмір­лік маңызды сауда-эконо­ми­калық бірлестігі қызметін атқа­ратынын атап өтті.

– Біз бес мемлекеттің күш-жі­герін жұмылдырып, бірегей эко­номикалық одақ құрдық. Елде­ріміздің бизнес қауымдастықтары ЕАЭО мүмкіндіктерін пайдалана отырып, белсенді түрде қоян-қол­тық жұмыс жасауда. Тек Қа­зақстанда ғана одақ елдерімен бірлесе құрылған кәсіпорын­дардың саны 11 мыңға жетті, – деді Н.Назарбаев.

ЖЕЭК құрметті Төрағасы әлем елдерінің 40-қа жуығы одақ­тың жұмысына қызығушылық танытқанын айтты. Сондай-ақ ол ЕАЭО мемлекеттерінің тең әріп­тестігі мен бір-бірінің нарығына еркін кіруін қамтамасыз етуде бірқатар реттелмеген мәселе барлығын нықтады.

– Елдеріміздің ортақ ғылыми-өндірістік әлеуетін оңтайлы іске асыруға септесе алатын өнеркә­сіптік кооперация әзірге инте­гра­цияның өзегіне айналмады. Ал­ғашқы бес жылдықтағы біршама жылдам даму сатысынан кейін одақ өз эволюциясының анағұр­лым күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байла­нысты Нұрсұлтан Назарбаев Еура­зиядағы интеграциялық үде­рісті одан ары дамытуға қатысты жаңа көзқарасын ортаға салды.

– ЕАЭО-ның стратегиялық аясын кеңейту және интеграция идеясын күшейту қажет. Еуразия­лық одақ, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН арасында жан-жақты экономикалық ынтымақ­тастық­ты жолға қоюымыз керек. Еура­зиялық экономикалық кеңіс­тік­тің мәнісі тұйықталуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде, – деді Елбасы.

Бұған қоса ол бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру жұмыс­тарын жеделдету қажетін айтты.

– Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылым мен логистика бағытындағы ЕАЭО әлеуетінің ажырамас жал­ғасы ретінде қабылдануға тиіс. Бұл бастаманы іске асыру орасан зор экономикалық тиімділік әке­леді, бірлестіктің ішкі және сырт­қы мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді, – деді Тұңғыш Президент.

Сонымен қатар Н.Назарбаев мүше мемлекеттердің ішкі өнді­рісін дамытуға бағытталған «ақыл­ды интеграцияны» жүзеге асырудың маңызына назар аудартты.

– Сауда соғысы жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия керек. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланысты өндіріс тізбегінде белгілі бір үзіктер пайда болады. Осындай босаған нарық­ты неге тауарымызбен толтыр­масқа? Біз бұл жағдайды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі арнайы жол картасын әзірлеуді ұсынамын, – деді Елбасы.

Сөз соңында еліміздің Тұң­ғыш Президенті халықтарымыз­дың игілігі үшін интеграциялық бірлестікті ары қарай жүйелі да­мытудың маңызын атап өтті.

– Экономикалық мақсаттарға беріктік, міндеттерді тек эконо­микалық мүдделер тұрғысынан жүзеге асыруға деген ниет – инс­титуттарымыздың қызметін­дегі негізгі басымдық болып қалуға тиіс. Баршаңызға толағай табыс тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың дере­­гінше, былтыр ЕАЭО мүше мем­ле­кет­тердің ЖІӨ-сінің өсімі 2,5% болды. Сыртқы сауда көле­мі – 19 па­йызға, экспорт 27 па­йызға артты. Одақ ішіндегі өзара сауда-саттық 9 пайызға ұлғайды. Мемлекет басшысы қол жеткен өсім қарқынын қолдау үшін өнер­кәсіпте, энергетикада, халықа­ра­лық қызметте және басқа сала­ларда орта мерзімді даму перспек­тивасының негізгі бағыттары айқындалғанын мәлім етті.

– ЕАЭО-ның Кедендік ко­дексі қабылданды. Қызмет көрсе­ту мен жұмыс күшінің ортақ на­рығы құрылуда. Дүниежүзінің 40-тан астам елі ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтас­тық­ты өркендетуге тілек білдірді. Біздің бірлескен жұмысымыз әлемнің көптеген елінің қы­зы­ғушылығын туғызатынына және таяу келешекте ірі әрі экономи­калық қуатты Еуразияны құру­ға мүмкіндік беретініне сенімді­мін, – деді ол.

Қасым-Жомарт Кемелұлы интеграциялық бірлестіктің ал­дын­да тұрған ең маңызды мін­деттерді белгіледі. Оның пайым­дауынша, ЕАЭО-ның инфрақұ­рылымдық мегажоба­ларын және цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру, сондай-ақ «Астана» ха­лықа­ралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалану қажет. Со­ны­мен қатар ол алда ортақ на­рық­ты дамытып, оны үшінші елдердің демпингінен, контра­фактілік та­уарлардан және адал емес бәсе­кеден қорғау, тиімді кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ету жұ­мыстары күтіп тұрғанын айт­ты.

– Н.Назарбаев жүрдек темір­жол және «Еуразия» су арнасын салуды ұсынды. Бұл жобалар еура­зиялық интеграцияның сим­во­лы­на айналып, экономика­ла­ры­мыз­дың дамуына тың серпін беріп, «Үлкен Еуразияны» берік байла­ныстыра алар еді. Нәти­же­сінде, мемлекеттеріміз бәсекеге қабі­лет­тірек әрі «Шығыс-Батыс-Шығыс» транзиті үшін тартым­дырақ бо­ла­ды, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы одақтастар тауарлардың жаңа нарыққа қол жеткізуін қам­тамасыз етуге, саудадағы және тран­зиттегі кедергілерді жоюға бірлесе күш салуы керегіне екпін түсірді.

Астанамыздағы ЖЕЭК сам­ми­тінің қорытындысы бойынша 18 құжатқа қол қойылды. Олар­дың арасында «Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы туралы» Жо­ғары кеңестің шешімі; ЕАЭО мен ҚХР шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен халықаралық жүк тасымалы көліктері жөнінде ақ­парат алмасу туралы келісім; одақ пен Сербия арасындағы еркін сауда аймағы жөніндегі келісім; одақтас мемлекеттердің «2019-2020 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық саяса­тының негізгі бағдарлары туралы Жо­ғары кеңес шешімдері және басқалары бар.

Саммит соңында Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңес мүшелері одақтың 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдеме қабыл­дады.