Серік Сәпиев енді ТМД Спорт және дене шынықтыру кеңесінің төрағасы

Серік Сәпиев 2019-2020 жылдар бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері өкілдерінің Спорт және дене шынықтыру кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл жайында ҚазАқпарат хабарлады.

Серік Сәпиев енді ТМД Спорт және дене шынықтыру кеңесінің төрағасы

Мұндай шешім Щучинск қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер Дене шынықтыру және спорт саласындағы келісім қатысушыларының  Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысында қабылданды. Кеңес отырысына ТМД мемлекеттері (Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) спорт және дене шынықтыру саласындағы құзыретті органдарының басшылары, сонымен қатар ТМД Атқарушы комитеті, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері қатысқан.

Өз сөзінде Серік Жұманғалиұлы Кеңес мүшелеріне өзіне артқан сенімдері үшін алғыс білдіріп, бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет екендігін айтты.

Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сапиев спорт және дене шынықтыру саласын дамытуда мемлекеттің ұстанған саясатын алға тартты: 

«Қазақстанның спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясат бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын қатар дамытуға негізделген. Халықты тұрақты түрде спортпен айналысуға тарту маңызды болып саналады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырманы орындау аясында жасалған жұмыстардың нәтижесінде спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатын адамдар саны 29,8 пайызды құрады», - деді Серік Сәпиев.