Арысым – ұлттық намысым!

Газет мақаласы Айқын" газеті №99

Арыстағы қайғылы оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Қазақстан жұрты жұдырықтай жұмылып, елдігін көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысынан бастап қарапайым жұмысшыға дейін біркүндік жалақысын аудара бастады. Күні кеше республика көлемінде «Арыс, біз біргеміз» атты акция басталды. Акция шеңберінде кез келген адам Арыс халқына көмек көр­сету үшін құрылған штабтар­ға барып, көмек ұсына алады.

Арысым – ұлттық намысым!

Арыс тұрғындарына көмек беруге ұмтылғандардың бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес, әрине. Десе де, жақ­­сыны бөліссе көбейеді деген тәм­сілге сүйеніп, қайырым­ды істерге тоқ­талуды жөн көрдік. Түркістан об­лы­сы кәсіпкерлері мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңе­сінің мү­шелері зардап шеккендерге ме­дицина­лық және психологиялық көмек ұйым­дастыруға кіріскен.

«Арыстық жерлестердің көп бөлігі Шымкент қала­сында орналасты­рыл­ғандықтан, палата жанынан құрыл­ған жұмыс тобы Шымкентке шықты. Қолдан келгенше қаражат бөліп жат­қан азаматтар бар», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров. Мәселен, өңірлік кеңес мүшесі – «Комбинат Фараб» ЖШС директоры Ә.Құрбаналиев вокзалға азық-түлік өнімдерін жет­кіз­ген, кәсіпкер И.Намазбаева адам­дарға кешкі ас ұйымдастырса, «КТЗ» ди­рек­торы Х.Қожабаев 1 млн теңге көле­мінде көмек берген. Өзге де іскер аза­мат­тар зардап шеккендерді уақыт­ша тұрғын жайларға ор­наластырған. «Атамекен» ҰКП тарапынан Арыс қа­ласында зардап шеккен азаматтарға көмек беру шоты ашылып, Түркістан облысы ӨКП базасында Арыс қала­сының зардап шеккен тұрғындарына киім жинау бөлімі жұмысын бастады.

Арыстағы төтенше жағдайға бай­ланысты Шымкент қаласының этно­мәдени бірлестіктері де көмек беріп жатыр. Славян этномәдени орталығы тұрғындарды эвакуациялау үшін 5 автобус пен 2 жүк көлігін жі­берсе, корей этномәдени бірлестігі түске дейін бір газель ауызсу, түстен кейін 1 литрлік 3 600 су толы бөтелке жі­берген. Өз­бек этномәдени бір­лестігі 30 адамды уақытша баспа­на­мен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 150 адам­ға палау дайын­дап, Хамза атын­дағы 53-мектепті азық-тү­лікпен қам­тамасыз еткен. Бірлестік төрағасы Зиябиддин Мир­заев 26 адамды үйіне қондырды. Ұйғыр этномәдени бір­лестігі Нұрсатшағын ауданына эвакуацияланған азамат­тарға 1 000 гамбургер апарған. Түрік этномәдени бір­лестігі бір КАМАЗ су мен тамақ жөнелтіп, 52-мек­тептегі ха­лықты тамақтандырған. 56-шы және 87-мек­тептегі ха­лыққа көмек көрсеткен.

Штабқа 30 қорап қияр апар­ған. Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі штабқа азық-түлік алып келсе, ҚХА облыстық кеңестің мүшесі Ә.Досболов 53-ші мек­тептегі арыстық тұрғындарға 100 қорап жұ­мыртқа жеткізген. ҚХА-ның облыстық филиалы халықты эва­куациялау үшін автобус жө­нелтсе, Төле би аудандық филиа­лының жастары сағат түнгі он екіде 200 қорап нанды орталық мешітке жеткізген. Ал кеше зар­дап шеккен арыстықтарға ше­шен-ингуш ор­талығы сабын, порошок, тіс пас­та­ларын, щетка апарып берді. Иран, тәжік этно­мәдени орталық­тары да осыған ұқсас көмек көр­сетті. Осылайша, 25 маусымда этно­мәдени бір­лес­тіктер көмек көр­сететін мек­тептерді бөліп алған.

Сондай-ақ оқыңыз

«Арыс, біз біргеміз» акциясы аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстанның ішкі істер орган­дарының қызметкерлері бір күндік жалақысын аударды. Осы баста­маға депутаттар да қосылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қыз­меткерлері, қалалық мекеме­лер, кәсіпорындар да акцияға қолдау көрсетіп, біркүндік жа­лақыларын аудармақ. Әкімдік Арыс қаласы­ның 500 баласын барлық қажетті заттармен, мек­тепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, бір айға жазғы лагерьге жібереді. 1 000 балаға жазғы демалысты Л.Гу­ми­лев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситеті ұйымдас­тырады. Нұр-Сұлтанның кәсіп­кер­лері мен меценаттары азық-түлікпен гума­нитарлық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, елорданың 5 нүктесінде зардап шеккендер үшін қажетті заттарды қабылдау пункті ашыл­ды. Тұрғын үйлер мен басқа да инфрақұрылым нысан­дарын қал­пына келтіру үшін Нұр-Сұл­тан­нан Арыс қаласына құры­лыс бригадалары мен қажетті құ­рылыс материалдарының керуен­дері жіберілмек. «Қазақстан ме­ди­­цина жастары» қоғамдық ұйы­мы зардап шеккен тұрғындарға алғаш­қы медициналық көмек көрсету үшін медициналық оқу орында­рының студенттері мен мед­ицина қызметкерлері ара­сынан ерікті­лерді аттандырмақ.

Алматылықтар гуманитарлық көмек жинауға кірісті. Қаланың екі нүктесінде көмек қабылдау пункті ашылды. Тұрғындар азық-түлік, қа­жетті құралдар, киім-кешек жи­нап жатыр. Ал қала әкімі Бауыржан Байбек instagram парақшасында қала кәсіпкерлері қажетті құрылыс материалдарын аттандыруға да­йындалып жатқа­нын жазды.

Батысқазақстандықтар да қа­рап қалған жоқ. Орал қаласында үш жерде көмек көрсету орталығы ашылды. Өңірде 15-20 ірі кәсіпо­рын Арысқа демеушілік көрсетіп жатыр. Облыс әкімдігі, Nur Otan партиясы БҚО филиалы және басқа да мемлекеттік мекемелер өз еріктерімен біркүндік жалақы­ла­рын аударды. Кеше Арысқа Орал­дан гуманитарлық көмек тиелген алғашқы жүк көліктері аттанды. Онда 4 тонна астық, 5 тонна ма­карон және басқа азық-түлік өнімдері тиелген. Арысқа құрылыс материалдары да жеткізілмек. Бұған «Кублей», «Жайық ет», «Орал трансфор­матор зауыты», «Теректі май» сынды кәсіпорындар үлес қосып отыр.

Қиын кезеңде отандастарды қолдау – әр қазақстандықтың парызы деген Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері де біркүндік жалақыларын аудар­мақ­шы. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуге келген жапон инвесторлары Арыстағы зардап шеккендерге көмектесуге тілек білдірді. «Жа­пониядағы атом электр стан­ция­сындағы апат ке­зінде Қазақстан біздің халқымызға өлшеусіз кө­мек, қолдау көрсетті. Біз оны ұмыт­қан жоқпыз, сондық­тан зар­дап шеккендерге қолымыз­дан келгенше көмектесуге деген ниеттеміз», – деді Tokyo Rope Almaty ЖШС-ның бас директоры Такеяма Тошио.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ